Ұлытауды ұлықтаған Сәрсенбай
Ұлытау жеке облыс болады деген ақпараттың айтылғанына 1 ай уақыт өтті. Ал 15 сәуір күні оның құрамына Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалалары мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандары кіретіні белгілі болды.Осы тұста су жаңа облысты ерекше түрде насихаттап жүрген Сәрсенбай есімді ақсақалды айтпай кету мүмкін емес. Себебі 72 жастағы қария арбасын сүйретіп, жалғыз өзі Қазақстанның 17 облысына сапар шегуде.
«Ұлытауға бардың ба?» деп аталатын марафонды жүріп өту идеясы Сәрсенбай Қотырашовтың ойына 22 наурыз күні келген. Сапардың қаншалықты қиын екендігін және оның денсаулығына келтірер зардабы болуы мүмкін екендігіне қарамастан ол өз арманын шындыққа айналдыруға бекінеді. «Осынау қиын сапарға бел буғандағы негізгі мақсатым Ұлытау өңірінің тарихын насихаттау, әрі Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қолөнер шеберлерін кітапқа тізу, сонымен бірге қазақтың төл мерекесі қымыз мейрамын қайта жаңғырту», – дейді ақсақал. Міне, осылайша сапар да басталып кеткен.

Ал сапардың 18-інші күні ақсақал Қызылорда облысына аяқ басты. Дәлірек айтсақ, түскі 13:00 шамасында Шиелі ауданы маңына тұрақтап, аудан азаматтары дайындаған астан дәм татты. Ақсақалды күтіп, оның бастамасына қолдау білдіргендер қатарында аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов, аудан ардагері Тұрмат Баймағанбетов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жадыра Отарбаева, Жуантөбе ауылдық округінің әкімі Бақытжан Терлікбаев, Н.Бекежанов мемориалды мұражайының қызметкері Нұрдәулет Нақыпов пен аудан жастары бар. Кідіріс барысында, аудан азаматтары жиһанкездің Ұлытау тарихы жайлы әңгімелерін тыңдап, құнды деректерге қанық болды. Ал ақсақал болса, күніне 40 шақырым жүруді жоспарлағанын, аялдап қалса сапарының ұзап кететіндігін айтып, жолға шығуға асықты. Оның сөзінше, осы 18 күн ішінде 690 шақырымдай жол жүрген. Алған бағытынан таймаса, өзі жоспарлағандай қазан айында 17 облысты түгелдей шарлап шығу тиіс. Бастысы, ақсақалға Алла қуат беріп, арманы шындыққа айналса дейміз. Себебі 72 жасында туған жерін мұндай жанкештілікпен насихаттап, оны еліміздің түкпір-түкпіріне насихаттау екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.
Айта кетейік, Сәрсенбай Қотырашов Instagram желісінде сапар барысы жайлы қызықты деректермен бөлісіп отырады. Ақсақалды қолдап, бағытын бақылап отырамын десеңіз, ulytaumen инстаграм парақшасына өтіңіз.
Р.ӘНӘПИЯ