Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бетпердесіз өмір, тыныстаңыз жеңіл

Бетпердесіз өмір, тыныстаңыз жеңіл

Қазақстанда карантин тағы жеңілдеп, енді маска тағы міндеттелмейтін болды. Бұл туралы коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды.
Бірақ, медициналық мекемелерде маска тағып жүру әлі де міндетті. Ол сондағы персонал мен қызметкерлерге, пациенттер мен келушілерге қатысты. Ал, адам көп жиналатын орындарда, қоғамдық көлікте, ұйымдасқан ұжымдарда маска тағу тек ұсынымдық сипатта болмақ. Шешімге сәйкес, білім беру ұйымдарында оқытудың кабинеттік жүйесіне рұқсат берілді.
Сонымен қатар, енді Pfizer вакцинасын алу мүмкіндігі артты. Оны алғаш рет вакцина алғысы келетіндер, түрлі себептермен шетелге шығу үшін қайталама екпе алушылар, шетелде алған вакцина курсын аяқтау үшін екпе алушы тұлғалар ала алады. Сондай-ақ, ревакцинация жасатамын деген кез келген адам үшінші доза ретінде қолдануына рұқсат етілді.
Бұған дейін ол ревакцинация үшін 50 жастан асқан адамдар мен медициналық қызметкерлерге ғана салынып келген еді.
Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған дерек бойынша, вакцинациялауға жататын ересек халықтың 82,9% бірінші компонентті алды. Вакцинацияның толық курсын алғандар 80,1%, яғни 9 444 995 адам бірінші компонентті, 9 131 657 адам екіншісін салдырған. Ревакцинациядан өткендер қатары 3 млн 153 мың адам. Бұл бустерлік доза алуға тиісті халықтың 56,3%. Министрлік хабарлағандай, халықты вакцинациялау мен ­ревакцинация­лау үшін ел көлемінде QazVac, Sinopharm, Pfizer вакциналары қолданылуда.
Коронавирус инфекциясының таралуы азайды дегенімізбен, ол толық жойылып кеткен жоқ. Вирусологтар жаңа «Стелс-омикрон» штамының жақын арада басымдыққа ие болатынын ескертіп жатыр. Коронавирустың бұл түрі кезінде қайтадан иіс сезу қабілетінің жоғалуы, ішек аурулары байқалады. Қазір Еуропада коронавирустың жаңа штамымен ауырғандар көп тіркелуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, әлем бойынша індет жұқтырғандар 12,5 млн адамға көбейген. Бұл бір апта бұрынғы көрсеткіштен 1 млн адамға, ал, наурыз айының басымен салыстырғанда 20%-ға артық.
Шекара асып келген кез келген адаммен ауру келуі мүмкін. Сондықтан карантин жеңілдетілгеніне қарамастан, сақтық шараларын ұмытпаған абзал.

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ

29 наурыз 2022 ж. 590 0