Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Маска тағу міндетті ме?

Маска тағу міндетті ме?

Бұдан былай көшеде бетпердесіз жүруге болмайды. Елімізде осындай міндеттелген ресми құжат пайда болды. Бұл жаңа қаулыға мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағанбетова 27 шілдеде қол қойды.
Соңғы қабылданған қаулыға сәйкес, енді тұрғындар келесі жағдайда масканы тағу міндетті.
– жабық нысандарда (дәріхана, дүкен, кеңсе, медициналық ұйым, халыққа қызмет көрсету саласындағы ұйымдар мен басқа жерлерде), сонымен бірге көлікте және көшеде жүргенде;
– COVID-19 ауруы бойынша күдікті адамға көмектескенде;
– Коронавирус инфекциясына ұқсас ауру белгілері пайда болған жағдайда (дене қызуының көтерілуі, жөтел немесе түшкіру).
Жасыратыны жоқ, қазір тұрғындар арасында масканы көшеде тағып жүру міндетті емес деген жаңсақ пікір бар. Алайда инфекцияның алдын алу үшін алдымен әрбір азамат өзін қорғауы керек. Мамандардың айтуынша, ауада коронавирустық инфекцияның таралу қаупі жоғары. Қоса кеткен жөн, елімізде карантин шектеулері кезінде маскалық режим талаптарын сақтамаған 495 адам 20 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеген.
Айта кетейік, 3 тамыз күні Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бұйрыққа түзету енгізді. Енді ашық ауада жаттығатындар мен балаларға бетпердемен жүру міндетті емес. Бірақ ережеге сәйкес, рұқсат тек 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге беріліп отыр. Себебі коронавирус инфекциясы 5 жасқа дейінгі балаларда сирек кездеседі. Бұл мәліметті медицина мамандары хабарлады. Жас организм вирус жұқтырғанның өзінде тез жазылып шығады. Сондықтан балабақша жасындағы бүлдіршіндерге рұқсат етілді. Сонымен қатар спортпен шұғылданатындар 5 адамнан аспаса, оларға да бетперде тағу міндетті емес. Ал қоғамдық көліктің барлық түрін пайдаланушылар сақтануы шарт. Егерде жеке көлігіңіз болса, маскасыз отыруыңызға мүмкіндік бар. Алайда сақтық шараларын ұстанған абзал. Ғылыми тұжырым бойынша, 1 адамның маска таққаны вирустың таралуын 30 процентке тежейді екен. Санитарлық талаптың бұл бөлігі жер үйде тұратындарға қатысы жоқ. Ал көпқабатты үйдің ауласына шықса, тағу керек.
Иә, енді өзіңіздің және өзгенің саулығы үшін бетіңізді тұмшалайсыз. Жаңа қаулының бұл бөлігі міндетті түрде орындалуы тиіс. Егерде талап сақталмаған жағдайда кінәлілер жауапкершілікке тартылады. Бұл әрине, әлемді әуре-сарсаңға салған ахуалдан аман-есен шығудың амалы. Сол үшін бетперде серігіңіз болсын.

С.Бахтиярқызы
05 тамыз 2020 ж. 893 0