"Amanat" партиясы өкілдері шалғай ауылдарды аралауда
Партия жұмысын жан-жақты жаңғырту жұмыстары халықпен кері байланыс жасаудың тиімді құралы қоғамдық қабылдау бөлмелері қызметін де қамтып отыр. Қоғамдық қабылдау бөлмелері тек шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салатын орынға айналуы тиіс және көшпелі қабылдауды жиі өткізіп, шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесу керек деп кезектен тыс ХХІІ съезде партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен болатын.
Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының мобильді көшпелі қабылдау топтары Жалағаш, Сырдария, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында болып, шалғай елді мекен тұрғындарының мәселесін тыңдады.
- «Сыр өңіріндегі 5 ауданның 5 елді мекенінде ұйымдастырылған мобильді топ мүшелерінің қабылдауына 200-ден астам азамат келіп өтініш білдірді. Себебі ауыл тұрғындары аудан, қала орталықтарына келе бермейтіндіктен осы мүмкіндікті пайдалануда. Мобильді топтар құрудағы мақсат олардың келуін күтіп отырмай оларға арнайы өзіміз келіп, ұсыныс – пікірлерін тыңдау. Бұл жұмыстар азаматтардың мәселелерін шешумен қатар, ауылдарда шоғырланған проблемаларды назарға алып, жүйелі шешімдер қабылдау үшін мүмкіндік береді», - деп атап өтті республикалық мобильді топ құрамының мүшесі, республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов.
Жалағаш ауданы, Аламесек ауылдық округі, Есет батыр ауылында өткен қоғамдық қабылдауға алғашқылардың бірі болып келген ауыл тұрғыны, Гүлсім Жаханова ауыл көшелерін жарықтандыру қажеттілігін алға тартты. Зейнеткердің айтуынша ауылда 13 көшенің 3 көшесінен басқаларына көше жарығы жүргізілмеген.
«Түнгі мезгілде бір жерге барсаң тас қараңғыда жолыңды көрмейсің. Жауын болған күндері тіпті қиыні»,- дейді Гүлсім Жаханова.
Өз кезегінде мобильді қоғамдық қабылдаудың құрамына кірген Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шәменов бұл мәселе төңірігінде жұмыстар жасалып жатқанын атап өтті.
-«Есет батыр елді мекенінде аудандық бюджеттен қаражаты есебінен 1,0 млн теңгеге Көкпая көшесі жарықтандырылып, 1,4 млн теңгеге Ақарық көшесінің шамдары жаңартылды. Көтерілген мәселе шешілмей қалмайды. Алдағы уақытта Қара бура ЖШС-гі демеушілігімен Ақарық көшесіне 25 баған, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Әбішов көшесіне 20 баған қойылып, жарық шамдары орнатылады»,- дейді Асылбек Шәменов.
Мұнан бөлек қабылдау барысында ауыл тұрғындары тарапынан ішкі көшелерді жөндеу, ауыз су, аяқ су, жайылымдық жер, егістік жерлерде ротацияның сақталуын қатаң бақылауға алу мәселелері көтерілді. Әрбір өтініш бойынша жауапты тұлғалар мен орындау мерзімдері белгіленеді.
Көшпелі қабылдау барысында мобильді топ өкілдері І топ көз мүгедегі Жартай Ешмахановтың үйіне соқты. Қос жанарынан айырылып, қабылдауға кел алмаған ауыл тұрғыны өтінішін жерде қалдырмай іздеп келген аманаттықтарға өз ризашылығын білдірді.
-«Ауылға келіп, ауыл азаматтарының жағдайымен танысып жатқан «Amanat» партиясының өкілдеріне ризашылығым шексіз. Мұндай көшпелі қабылдаулар біз секілді үйден шыға алмайтын азаматтар үшін көкейіндегі мәселесін жеткізуге үлкен мүмкіндік. Менің «Amanat» партиясына алғыстан басқа айтарым жоқ. Қызыма жұмыс іздеп көмек сұрадым, жұмысқа орналасуына ықпал етті. Түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіп жатыр.Бұл партияның барлығын игілігін көріп отырмыз. Біздерді мүгедек деп назардан тыс қалдырып жатқан жоқ. Еңбектерінің жемісін көрсін».
Аманаттықтар сондай - ақ, Сырдария ауданына қарасты Іңкәрдария ауылында болып, тұрғындар өтінішіне құлақ түрді. Ауыл тұрғындары білім ордасына күрделі жөндеу, интернет жылдамдығын көтеру, ауылдық жерде кепілге қоятын үйлердің бағалануы төмен болуына байланысты, жас кәсіпкерлерге кепілсіз және төменгі пайызбен несие қарастырылса деген ұсыныстарын жеткізді.
Осы күні «AMANAT» партиясының мобильді бригадалары Шиелі ауданындағы Жөлек, Жаңақорған ауданындағы Қандөз, Қазалы ауданындағы Бекарыстан би елді мекендерінің тұрғындарына да қабылдау өткізді. Жөлек ауылдық округі тұрғындары Жуантөбе елді мекенін ауыз су жоқтығын айтып шағымданса, Кандөз ауылының тұрғындары елді мекенді газдандыру, Бекарыстан би тұрғындары мал басының жыл санап көбеюі мен қуаңшылық жағдай әсерін алға тартып, қыс мезгілінде мал ішетін судың қиындық тудыруына байланысты су ұңғымасын қазу қажеттілігі туындап отырған айтты. Ауыл тұрғындарының айтуынша Кеңес Үкіметі кезінде қазылған 7- 8 бұлақ бар. Олардың су өткізу қабілеті төмендеген. Бұл бұлақтарды қайта қазғанмен экономикалық тиімділігі жоқ.
Мобильді топ мүшесі, облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Л. Төрешова барлық өтініштердің орындалғанша партияның жіті бақылауында болатындығын атап өтті.
-««AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлімелеріне жыл басынан бері тұрғындардан 800 –ден астам өтініштер түсіп, олардың 60%-ы оң шешілді. 298 азаматқа заңнамалық тұрғыда кеңестер берілді. Бүгінгі мобильді қабылдаулар барысында азаматтардан түскен өтініштер шешімін тапқанша партияның тікелей бақылауында болып нақты жұмыстар жасалады. Мұндай қабылдаулар алдағы сәуір және мамыр айларында облыстағы шалғай 20 елді-мекенде ұйымдастырылады. Мобильді қабылдаулар жыл соңына дейін барлық аудандарды жалғасатын болады»