Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Иең қайда?»

«Иең қайда?»

Жыл санап жайнап, күн санап көркейіп келе жатқан кенттің келбетіне селкеу салатын жайттар жоқ емес. Солардың бірі – Шиелі-Ақмая бағытындағы жол бойында орналасқан жолы бар, құрылысы жоқ аумақ.
Иә, кент ішінен «Гежуба Шиелі цемент» зауыты жатақханасына барар жолмен жүргендер жақсы біледі, жатақханаға жетпей оң жақ қапталда бірнеше шақырым алқапқа жол салып, асфальтталған. Бастапқыда тұрғын үй салу мақсатында жол түскені белгілі еді. Бірақ бірнеше жыл өтсе де, әлі күнге құрылыстың қиқымын да көрмедік. Есесіне дәл осы аумақпен арасын теміржол ғана бөліп тұрған Шұғыла мөлтек ауданындағы жолдар жұпыны. Қаншама үйлер соғылып, халық қоныстанғанымен, жауын жауса «миы» шығып, жер құрғаса шаңы көтеріліп жатады. Шұғылалықтар балағынан батпақ кешіп жолға әрең шыққанда мына жақта өріске бет алған ­сиыр­лар асфальт үстінде маң-маң басып бара жатқанын көзіміз жиі шалады. Күлеміз бе, жылаймыз ба?...

Қаңыраған ғимарат
Одан бөлек кенттің архитектуралық ажарын кетіріп тұрған ғимараттар да бар. Мәселен Шиелінің дәл орталығындағы бұрынғы аудандық білім бөлімінің ғимараты кейде қоқыс полигонына ұқсап кетеді.
«Кезінде Зермұхамедовтер басқарған білім бөлімінің түрі осы ма?» деп күйінеді көпшілік. Шынында да қазір бұл жерде зия­лы қауым өкілдерінің шығармашылық жұмысы жүрді дегенге сену қиын. Есік-терезелері қирап, айналасы қоқысқа толған ғимарат қараусыз қалған. Аудан басшылары да күнде көріп жүрген соң көздері үйреніп кетсе керек. Әйтпесе кенттің қақ ортасындағы нысан қараусыз қалмас па еді? Қараусыз дейміз-ау, бір шетінде жарнама орталығы орналасқан. Бірақ ол «Көркем» көркін қашырмаса, ғимаратқа ажар беріп тұрғаны шамалы.

Жалпы ауданда осындай қараусыз нысандардың санын анықтап, жай-күйін жан-жақты зерделеп, алдағы тағдырын айқындау мақсатында жұмыстар жасала ма? Бұл ғимарат кімнің немесе қай мекеменің меншігінде? Тым болмаса ғимаратты жөндеп, ел игілігіне жаратқан жөн емес пе?
Ескі ғимараттарды бұзып тастамай, тарихи жәдігер ретінде күрделі жөндеуден өткізіп, қайта пайдалануға беру тәжірибеде бар нәрсе. Бұған бұрынғы теміржол емханасының ғимараты дәлел. Бұрынғы білім бөлімін де қайта жөндеуден өткізсе, әлі де 20-30 жыл халыққа қызмет көрсетуге қауқарлы.
Ғимараттарда да болмыс (энергетика) бар. Айналасы қоқысқа толып, табалдырығының астына ит күшіктеп жатса да, сәулеті бөлек тарихи ғимараттар тым маңғаз. Қасқайып тұрып біздің ыждағатсыз тірлігімізбен өз әлінше күресетін секілді ме, қалай өзі?!

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
13 наурыз 2022 ж. 475 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930