Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Архитектор» маманы жоқ архитектура

«Архитектор» маманы жоқ архитектура

Бірде белгілі бір әнші ән жаздыру үшін сазгер іздеп жүргенін естідік. Оған керегі жұп-жұмыр, көңілдің пернесін шертетін, артық-кемі жоқ әуен. Ал, кенттегі үлкен мейрамхана иесі оқыған, дипломы бар «шев-повар» керектігін айтып қалды. Аңдап қарасақ, үйдегі әйел қауымының бәрі де ас дайындап, тоқаш пісіре алады емес пе? Бірақ, кәнігі маманның орны да, маңызы да бөлек дейді. Бірақ, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінде әлі күнге архитектОр маманы жоқ. Ал Ғ.Шалбаевтың міндетін атқарып жүргеніне жылға жуық уақыт өтті. Бұрындары «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деуші еді көнекөз қариялар. Сонда Шиелінің сәулетіне, құрылыстың ­сапасына кім мән береді?
Аудан көркін айшықтайтын бірден-бір белгі – сәулеті. Ырысы тасып, күріші піскен дәулетті өңірдің сәулеті үйлесім таппай жүргенін бұған дейін де жазған едік. Жергілікті және облыстық, республикалық бюджеттен жетерліктей-ақ қаражат тартылып жатады. Аудан басшылары да кенттің келбетінің айшықталғанына, ауыл-аймақтың абаттануына мүдделі екендігін білдіріп, жыл сайын қыруар тірліктер атқарылып жатқанына ел-жұрт куә. Дегенмен ойдым-қырдым жол, сапасыз салынған кейбір тротуардың жайы толайым тірліктер мен жасалған жұмыстарды кейде жоққа шығарғандай болып жататыны өкінішті.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан» құрамыз деді. Иә, жаһандану заманында көштен қалмай, сәулетіміз бен дәулетіміздің үйлесім тапқаны керек-ақ. Ол үшін жыл сайын мемлекеттен миллиардтаған қаржы бөлінуде. Мәселен, «100 мектеп, 100 аурухана» жобасының аясында да қанша ғимараттар бой көтерді. Аудан, ауылдық округтерде жаңадан амбулаториялар ашылды. Ал оның қай жерден, қалай соғылуы, күннің шығысы мен батысына дейінгі аралықты архитектор есептейді емес пе? Дегенмен, аудандық сәулет және қала құрылыс бөліміне 2 жұмадан бері хабарласып жұмыс телефонын ала алмадық.
Мәселен, қыстың көзі қырауда соғылған ғимараттардың сапасы сын көтереді ме? Өткен жылы Бәйтерек ауылдық округіне қарасты Ақтам және Алмалы ауылдық округіне қарасты Тоғайлы ауылындағы амбулаторияның құрылысы желтоқсанда бітті. Дәл осындай құрылыс 2017 жылы Ақмая ауылдық округінде де жүргізілді. Желтоқсанның соңында пайдалануға берілген ғимарат көп ұзамай сыр беріп, шатырынан су тамшылап тұрғанын өз көзімізбен көрген едік. Жылдың соңы таяп, қар көрінгенде қызатын құрылыстың басы да, соңы да бұл емес сыңайлы. 2021 жылдың желтоқсанында Т.Рысқұлов көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынды. Тротуарды мұзды ойып жүріп салғанының да куәсі өзіміз. Ала жаздай ән салған шырылдауық шегірткедей қыс ызғары сезілгенде ғана іске кірісетініміз не осы?
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші тағы да «иесіз қалған» ғимараттардың да жайын түрте кеткенді жөн көрдік. Кент ішіндегі ескі ғимараттар көрер көзге де ерсі. Түн жамылып жүрген жанның да үрейін туғызады. Иесі жоқ ғимараттардың күйі нендей халге түсетіні айтпаса да түсінікті. Ішінен не іздейтінін кім білсін, әйтеуір, белгілі тұрағы жоқ кезбелер осындай жерлерге үйір-ақ. Құлағымыз шалады, олардың топталып келіп, ішімдік ішіп, көңіл көтеретін орындары да осы жерлер екен. Одан қалды қаңғыған ит-мысықтың мекеніне айналады. Нақтырақ айтар болсақ, ел аузындағы ескі «Қамыс зауыты», теріскей беттегі бетон қабырғалары секілді нысандарды атап өтуге болады. Тек кент ішінде емес, ауылдық округтерде де иесіз қалған ескі ғимараттар жетерлік.
Осыдан 2 жыл бұрын «Сәулет пен келбет» деген тақырыппен осы мәселе көтерілген болатын. Одан бұрын редакция ардагері Ө.Исмаилдың «Архитектура» атты мақаласында да ауданды сұрықсыз кейіпке түсірген нысандар сөз болды. Алайда тиісті мекеме жауап қатпады, ғимаратқа да тіл бітпеді.
Ал енді біз бұған дейін атап өткен мәселе неге шешімін таппай келеді? Мүмкін атын атып, түсін түстеп, мәселені көзге шұқып көрсетпейінше тау қозғалса да, орнынан қозғалмайтын тиісті мекемелердің бейқамдығынан ба? Өзі тұрып, өзі жүрген өлкенің өсіп, өркендеп, гүлденуін кім қаламайды? Аудан әкімдігі жергілікті бюджеттен тиісті қаржысын бөліп, құрылысқа қарқын беріп отыр. Енді сән мен сапаға көңіл бөлсе, киелі Шиелінің шырайы арта түсері хақ. Мәселен, ешбір ауданда еңсесі биік 9 қабатты үй жоқ. Аты даңғарадай болғанымен жан біткен жанына жуымайды. Ел игілігіне жарамай тұрған ғимарат жеке адамның меншігінде деген әңгіме бар. Келген қонақ таңдай қағып кететін тамаша туындыға айналатын ғимарат үйсіз-күйсіз кезбенің мекеніне айналған. 1 қабатта 1-2 отбасы ғана тұрады. Мейлі жеке не болмаса мемлекет меншігіне өтсе де, кез келген ауданнан таба алмайтын 9 қабатты ғимараттың керексіз заттай мүжіліп бара жатқаны көңіл қынжылтады.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
22 ақпан 2022 ж. 1 067 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930