Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдің жақсы болмағы әкімінен

Елдің жақсы болмағы әкімінен

Бұл жолы әкімдердің онлайн байланысынан әзірленген мақаламызда Телікөл, Тартоғай, Майлытоғай ауылдық округі әкімдерінің жұмысын сөз етпекпіз. Себебі аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдарда атқарылған жұмыстар да, шешімін таппаған мәселелер де жетерлік.

Телікөлде ішкі көшелер жөнделеді
2021 жылы Телікөл ауылдық округінің Ә.Тәжібаев, Д.Шайық, Т.Жұматов көшелеріндегі тозығы жеткен түнгі жарық шамдар мен желілері ауыстырылған. Қ.Әбдіқадыров көшесі бойына балалар ойын алаңы салынып, қолдануға берілді. Ауылға кіре беріске арка, төлқұжат орнатылған. Ә.Тәжібаев, Қ.Әбдіқадыров көшелері бойына жаңадан 2 аялдама салынып, 1 аялдаманың орны өзгертілген.
Ауылда кәсіпкерлік саласы да ерекше қолдауға ие. Мәселен, былтыр жеке идеяларын жүзеге асыру мақсатында 10 адамға 5 млн 834 млн теңге көлемінде грант берілсе, 2 азамат кәсіпкерлік мақсатта төмен процентпен несие алған. Ауыл тұрғыны Сандуғаш Жақсылықова «Alina» тігін шеберханасын ашып, халыққа өз қызметтерін ұсынуда. Сондай-ақ, ауылға қарасты шаруа қожалығының көмегімен ауылды аяқсумен қамтамасыз етіп отырған арық қоқыстан тазартылған.
Ал ауыл тұрғындарының көптеген уақыттан бері айтып жүрген түнгі уақытта жарық кернеуінің төмендеу мәселесі де былтыр шешімін тапқан.
Ол үшін бірнеше көшеге қосымша бағаналар орнатып, көше жарығының жүктемесін теңдей бөлуге жағдай жасалған.
Биылға жоспарланған жұмыстар қатарында Қ.Әбдіқадыров көшесіндегі тозығы жеткен түнгі жарық шамдар ауыстыру, ескірген трансформаторларды жаңарту, «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауылдың ішкі көшелеріне асфальттау жұмыстарын жүргізу секілді жос­парлар бар. Мемлекеттік сараптаманың оң қортындысы шыққан жағдайға ауылға көгілдір отын тарту жұмыстары да басталуы мүмкін.

Тартоғайда түйе шаруашылығы қолға алынбақ
Соңғы статистикалық есеп бойынша Тартоғай ауылдық округінде 408 отбасы, 2200-ден астам халық тұрады. Ауылда 18 шаруақожалық пен 52 жеке кәсіпкер тіркелген. Жалпы халықтың 48 проценті еңбекке қабілетті болса, соның 1014-і жұмыспен қамтылған. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтардың өзі 200-ден асады. Осының арқасында ауылда жұмыссыздық деңгейі бар болғаны 2,5 проценттен көрсетіп отыр. Тағы бір айта кетерлігі Тартағойда 2021 жылы бірде-бір қылмыстық жағдай тіркелмеген. Мал ұрлығы да тиылып, оған бейім азаматтар қоғамдық жұмысқа тартылған. Аталған шаралардың арқасында 2020 жылдың сәуір айынан бастап мал ұрлығы толықтай тоқтаған көрінеді.
Дегенмен, ауыл тұрғындарының көңілін күпті қылып жүрген жағадайлар жоқ емес. Себебі ауылда негізі сонау 1969 жылы қаланған дәрігерлік амбулатория жаңарамай отыр. Ауыл тұрғындары осынау ескі ғимараттың орнына жаңа дәрігерлік амбулатория салынса нұр үстіне нұр болар еді дейді.
Ауыл әкімі көтерген маңызды ұсыныстардың бірі егін шаруашылығына қатытсы болды. «Тартоғай аудандағы су деңгейінен ең биік орналасқан ауылдық округ болғандықтан су тапшылығы егін шаруашылығына айтарлықтай зиянын тигізіп отыр. Сондықтан биылдан бас­тап ауылда тамшылатып суғару әдісін қолданбақ ниетіміз бар», – деді ауыл әкімі Д.Сүйіндік. Сонымен бірге ауылдағы 10 гектар алма бағының 30 проценті ғана өнгендіктен қалған аумаққа қияр, қызанақ секілді өнімдер егіп ауыл бригадасын құру жоспары да бар. Ауыл әкімі тарапынан болған келесі бір ұсыныс мал шаруашылығын, оның ішінде түйе шаруашығын дамытуға арналған. Жоспарға сәйкес ауылдың аумағы кең, әрі онда жантақ өсімдігі көптеп өсетін болғандықтан осы аумаққа түйе малын өсіру жоспарланып, ауыл кәсіпкерлеріне ұсыныстар айтылуда. Ал тұрғындар тарапынан балық аулау туризімін дамыту, жасыл белдеулер қалыптастыру, дәріхана мен екпе бөлмелерін ашу сынды бірқатар ұсыныстар бар.

Майлытоғайға жаңа трансформатор қажет
Бар болғаны 740 адам тұратын Майлытоғай ауылында кәсіпкерлік бағыты ерекше дамып келеді. Бұлай айтуымыздың себебі ауылда 27 кіші және орта кәсіпкерлік бағытындағы субъектілер жұмыс жасайды. Олардың жартысына жуығы шаруақожалықтар болса, қалған бөлігі жеке кәсіппен айналысатын тұлғалар. Былтырғы жылы атқарылған жұмыстарға келер болсақ, 2021 жылы ауылға кіре беріс аумаққа ауылдың төлқұжаты орнатылған. Бір ерекшелігі төлқұжаттың бір бөлігіні ауылдың тарихы жазылса, келесі бөлігіне ауылдан шыққан азаматтар жайлы қызықты деректер келтірілген.
Ауыл тұрғындарын бұқаралық спортқа бейімдеу мақсатында былтыр ауыл орталығына жаттығу алаңы салынған. Соның арқасында орта және егде жастағы азаматтар арасында бұқаралық спортпен айналысушылар саны артқан.
2022 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдағы Бірлік көшесіне асфальт төсеп, түнгі көше жарықтарыну орнату, 2 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланған. Негізі сонау 1967 жылы қаланған апатты деп танылған мәдениет үйін қайта тұрғызу жұмыстары да жоспарда бар көрінеді. Ал көгілдір отын мәселесіне келер болсақ, бұл мәселе 2 жылдың көлемінде ғана шешілмек.
Ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелер де аз емес. Мәселен, Ақбаян Еділова есімді желі қолданушысын интернеттің сапасы алаңдатса, Рыскелді Сәрсенұлын ауылдағы судың сапасы, ауылдың кіреберісін көркейту-көгалдандыру жұмыстары, спорт кешенін салу секілді мәселелер толғандырды. Өзге ауыл тұрғындарын ауылдағы трансформатордың 6 жыл бұрын жанып кеткендігі және қазір тұрғындардың электр қуатын мектептен алуға мәжбүрлігі алаңдатып отыр. «Себебі артық жүктеме түссе ол да күйіп кетуі ғажап емес. Осы мәселені аудан әкімі назарға алып, жаңа трансформатор орнатылса», – дейді майлытоғайлықтар.

Рамазан ӘНӘПИЯ

11 ақпан 2022 ж. 736 0