Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпір жыры қашан бітеді?

Көпір жыры қашан бітеді?


Бүгінгі таңда Телікөл ауылдық округінің тұрғындары үшін бас­ты­ мәселенің бірі – апаттық жағдайдағы көпір. Жыл басынан бері көпір мәселесі көгілдір экраннан да, аудандық газет беттерінен де түспеді. Осыдан үш ай бұрын облыс әкімі Г.Әбдіхалықованың төрағалығымен жол желісін дамыту және жолаушылар тасымалы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты өткен жиында да осы апаттық жағдайдағы көпірдің құрылысын биылдан қалдырмай бастау қажеттігі туындап отырғанын айтқан болатын. Бірақ, өкінішке қарай, құрылыс басталмақ түгілі, кішігірім жөндеу жұмыстары да жасалмаған. Осы орайда, ауыл тұрғындарының аузында жүрген «аталған көпірді» көзбен көріп, журналистік зерттеу жүргізбек болып таң атпай ат басын Ә.Тәжібаев ауылына бұрдық.
Толағай ақын, толастамас жыр иесінің атындағы ауылдың жалпы жағдайы бір қарағанда жаман емес. Қазіргі таңда, ауылдық округ бойынша 1560 адам тұрады. Ауыл тұрғындарына 9 әлеуметтік сала мекемелері (Ауылдық округі әкімі аппараты, орта мектеп, мемлекеттік және жеке балабақша, дәрігерлік амбулатория, ауылдық мәдениет үйі, кітапхана, пошта бөлімшесі және ветеринариялық пункт) қызмет көрсетеді. Елді мекеннің ішкі ауыз су желісі «Жиделі су құбырына» қосылған, ауыл халқы таза суды 2 жылдан бері пайдаланып келеді. Сонымен қатар, ауылдың қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық өміріне белсене араласатын ауылдық ардагерлер кеңесі, әйелдер кеңесі және «Нұрсейіт» мешіті сияқты үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар да бар. Ауыл жастары волейбол, тоғызқұмалақ, қазақша күрес сияқты спорт түрлерінен аудандық, облыстық, республикалық жарыстардан орын алып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Дегенмен, ауылдың ақсап тұрған бірнеше тұстары да бар. Халықтың тұрмыс-тіршілігі, көпір жөнінде ауыл әкімі Ә.Сәрсенбаев:
– Жалпы алғанда, Телікөл ауылдық округінің жағдайы жақсы. Бүгінде санитарлық тазалық айлығы қарсаңында апта сайын ауылда сенбіліктер ұйымдастырылады. Ауылдық округте санитарлық-тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Әр көшеге мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары жауапкершілікке бекітілген. Ақылы қоғамдық жұмыстағы жұмысшылар да өздеріне бекітілген аумақтың тазалығын күнделікті қадағалауда. Көшелер күл-қоқыстардан тазартылып, ағаштар, электр бағаналарына әктеу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Ал, облыс деңгейіне дейін көтерілген көпір мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін толық таппады. Ол бірден шешімін таба қоятын оңай мәселе емес, ол үшін атқарылатын біршама жұмыстар бар, жоба сметалық құжаты жасалып, қаражаты қаралуы тиіс, биылғы жылғы көпірдің осындай жұмыстарына 10 млн теңге бөлінді. Әлі де қаражат бөлініп, тендер ұйымдастырылуы тиіс. Ал, амбулаторияға келер болсақ, тендерден жеңіп алған алматылық фирма пандемияға байланысты құрылыс жұмыстарын жүргізуден бас тартып, биыл да жаңа амбулатория салынбады, – дейді.
Сонымен қатар, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Смаханұлы:
– Бүгінде Шиелі ауданындағы басты мәселелердің бірі көпір екені жасырын емес. Мәселен, елді мекендерге баратын өткелдердің басым бөлігі осыдан елу жыл бұрын салынған. Одан бері тиісті жөндеу жұмыстары да жүргізілмеген. Апатты жағдайда тұрған екі көпірдің мәселесіне ауданнан қаражат бөлінбейді, оған тек облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жауап бере алады. Біз тек сметалық құжаттарды әзірлеп, сараптамаға жолдаймыз. Соның нәтижесімен бір шешім шығуы тиіс. Біз әзірше, бөлінген қаражатқа құжат дайындау жұмыстарымен айналысып жатырмыз, – деп жауап қатты.
Ал, бұл мәселеде ауыл тұрғындарының өкпесі қара қазандай.
– Көпірден бөлек, біздің ауылда түйіні шешілмеген мәселе көп. Неше жылдан бері ауыз суға әрең жеттік. Көшелерге жарық орнатылды, тротуар төселді, балаларға арналған ойын алаңдары ашылды дегенімізбен, ол қуанышымыз ұзаққа созылмады. Көшелердегі шамдар бірі жанып, бірі жанбайды. Орталық көше болып саналатын Т. Жұматов көшесінде тіпті, жарық орнатылмаған, қап-қараңғы. Мұндай мәселелерді біз ауыл әкіміне, қауымдастық мүшелеріне айтып отырамыз. Әр жиналыс сайын, ауылда жарықтың жиі сөнетінін, 2013 жылдан бері апаттық жағдайда тұрған ауылдық мәдениет үйі, медпункт сияқты апаттық жағдайда тұрған мекемелер мен кіре берістегі көпірдің жаңадан салыну керек екендігін айтамыз, бірақ, өздеріңіз көргендей әлі еш нәтиже жоқ. Бәрі құлайын деп тұр, бұл мәселелер оң шешімін табу үшін міндетті түрде ауыл тұрғындарының біреуі зардап шегуі керек пе? – дейді.
Биыл барлық ауылдық округтерде балалар ойын алаңы соғылды. Бірақ, бұл жағымды жаңалыққа Телікөл ауылының тұрғындары қуана қомайды. Себебі, ойын алаңы әлі күнге дейін ел игілігіне пайдалануға берілген жоқ. Бұл туралы ауыл әкімі Ә.Айдарбекұлы:
– Бұл ойын алаңы талапқа сай емес. Жауапты мекеме өз жұмысын аяқтағанымен, әлі де болса толықтыратын тұстары бар, сол себепті, қабылдау актісі бойынша ойын алаңын қабылдамай отырмыз. Жұмысына салғырттық танытып, толық аяқтамаған мекемені сотқа бердік, сот ұйғарымы осы айдың 11-не шығуы тиіс, – дейді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, аудандық бюджеттен бөлінген 8 млн теңге қаржыға ашық конкурс нәтижесінде жеңімпаз болып анықталған ТОО «Қасиет LTD» елді мекеннің кіре берісіне аркалы төлқұжат орнату жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, алдағы уақытта 2 млн 204 мың теңге қаржыға Ә.Тәжібаев пен Қ.Әбдіқадіров көшелерінің бойына екі автобус аялдамаларын орнату жұмыстары жүргізілетінін ауыл әкімі тілге тиек етті. Әзірше екі жылға жуық созылып келе жатқан көпір жыры жылы жабылып қоймай, өз шешімін табады деп күтейік.

Нұрай АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
02 қараша 2021 ж. 2 760 0