Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік – «Мәңгілік елдің» тұғыры

Тәуелсіздік – «Мәңгілік елдің» тұғыры

Жуырда аудандық мәдениет үйінде «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты мерекелік іс-шара өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған кешке аудан әкімі Нариман Мақұлбеков, аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Сыздық, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, зиялы қауым өкілдері мен сан түрлі салада жетістіктерге жеткен аудан азаматтары қатысты.
Мерекелік кеш ерекше қойылыммен басталды. Ұйымдастырушылар Қорқыт ата, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Иманжүсіп Құтпанұлы, Ыбырай Алтынсарин, Нартай Бекежанов, Әбділда Тәжібаев, Шахмардан Есенов, Мұстафа Шоқай сынды нар тұлғаларды қайта тіріліткендей өте әсерлі қойылым көрсетті. Содан соң, жас өрендер:
Бабаларым,
Рақмет сендерге
Балаларым болмасын деп көр-кеуде,
Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,
Өмірге мен мылқау болып енгенде, – деп Мұқағали Мақатаевтың өлең шумақтарымен оларға алғысын білдірді.
Шараны ашып беру мәртебесіне ие болған аудан әкімі Н.Әскербекұлы:
– Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген әлем елдері үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың аңсар арманы, даналарымыздың үзілмес үміті, Алаш ардақтыларының жаны пида болған қастерлі де қасиетті бағымыз! Тұңғыш Президенттің батыл қадамдарының, тарихи шешімдерінің және оған қолдау көрсеткен халқымыздың бірлігі мен қажырлы еңбегі нәтижесінде ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүргізілді. Әлем мойындаған мемлекетке айналдық. Елімізде болып жатқан оң өзгерістердің біздің ауданда да көрініс тауып отырғанын мақтанышпен айта аламыз.
Тәуелсіздік жылдары ауданда толымды тірліктер жасалып, көптеген түйінді мәселелер шешіліп, үздік нәтижелерге қол жеткіздік. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен аудан бюджетінің қазіргі көлемін салыстыратын болсақ, 1996 жылы аудан бюджеті 339 млн теңге болса, қазіргі таңда 22 млрд 401 млн теңгеге жетіп, 65 есеге артты. Өнеркәсіп орындары ағымдағы жылдың 10 айында 51 млрд 632 млн теңгенің өнімін өндірсе, 1997 жылы 725 млн теңгенің өнімін өндірген немесе осы аралықта өндіріс 71 есеге артқан. Бүгінде ауданда шағын кәсіпкерліктің 5363 субъектісі тіркеліп, оларда 9384 адам жұмыспен қамтылған. Өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен ауданда «Гежуба Шиелі Цемент» тампонажды цемент шығару зауыты, «Фирма Балауса» ЖШС-нің «Бала Сауысқандық» кен орнындағы кварцитті ванадий өңдеу және «KazChinNur» ЖШС-ның шағылтас және құрылыс бұйымдарын өндіру зауыты, «Шиелі құс» фермасы, «Шиелі Жолшы» мекемесінің «Асфальт бетон өндіру» зауыты жұмыс жасауда. Ауданда инвес­тиция көлемін арттыру мақсатында 44 инвестициялық жобаның тізімі жасақталып, оның ішінде 20 жоба іске қосылды. Әрине түрлі жетістіктерге жету үшін түрлі сала мамандарының қосқан үлесі зор. Олар Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында марапат төінен көрінуге лайықты – деп, түрлі сала қызметкерлерін марапаттау рәсіміне көшті.
Марапаттау кезеңінде бірқатар азаматтар мемлекеттік қызмет және кәсіби қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік экономикалық және рухани дамуына қосқан елеулі үлесі үшін мемлекеттік наградасымен, Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл медалімен, аналар алтын алқа, күміс алқа марапаттарымен, қалған азаматтар облыс, аудан әкімінің алғыс хатымен және ­Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған арнайы медалімен марапатталды.
Мәселен, ҚР Президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы №700 жарлығымен бекітілген мемлекеттік наг­радалармен «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков (Құрмет ордені), «Жер жомарт» шаруа қожалығының төрағасы Асхат Өтепбергенұлы (Құрмет грамотасы) т.б.
ҚР Президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы жарлығымен ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл мерекелік медалімен құрылыс саласының ардагері Қуандық Әлтай, денсаулық сақтау саласының ардагері Амангелді Әбдірахманов, спорт саласының ардагері Әбділда Ыбырай т.б азаматтарға табыс­талды.
ҚР Президентінің 2021 жылғы 1 қарашадағы №684 жарлығымен алтын алқа наградасымен Айнұр ­Исламова, Айнұр Нұғманқызы, Гүлназ Уалиханқызы т.б аналар марапатталды. Ал, күміс алқаны Маржан Серікбайқызы, Ләззат Әшірәліқызына және т.б. аналар иеленді.
16 желтоқсан ҚР Тәуелсіздігінің – 30 жылдық мерекесіне орай облыс әкімінің алғыс хатымен Шиелі аудандық полиция бөлімінің кадр сая­саты тобының инспекторы, полиция капитаны Нұрбол Бейсенбекұлы, «Гежуба Шиелі цемент компаниясы» ЖШС жалпы басқару бөлімінің маманы Ерсін Базылбек марапатталды.
Ал, 16 желтоқсан ҚР Тәуелсіздігінің – 30 жылдық мерекесіне орай аудан әкімінің алғыс хатымен Шиелі аудандық сотының бас маман, сот мәжілісінің хатшысы Ақтолқын Табиғатқызы, Шиелі ауданаралық ауруханасының жансақтау бөлімінің анестезиолог-реаниматолог дәрігері Жалғасбек Мәлібекұлы, «Гежуба Шиелі цемент компаниясы» ЖШС өнім сапасын бақылау зертханашысы Нұрбек Асановқа табысталды.
Одан әрі, кеш мерекелік концертпен жалғасып, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, айтыскер ақын ­Кенжебай Жүсіп, Республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары Рахметулла Жолтаев, Елдар Әмірхан, дәстүрлі әншілер Ақмарал Ноғайбаева, Мұхаммедәлі Бекпейісов, Нұртілек Ақтаев, Ізбасхан Дәулетхан сынды аудан өнерпаздары өнер көрсетті.

Рамазан ӘНӘПИЯ
14 желтоқсан 2021 ж. 745 0