Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ДАЙЫНДЫҚ КЕРЕК

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ДАЙЫНДЫҚ КЕРЕК

Бүгінде заман өзгеріп технология атаулы қарыштап дамыған сайын, адамзатқа төнетін түрлі сипаттағы қауіп те күшейе түсуде. Сондықтан халықты түрлі қатерден, оқыс жағдайлардан сақтандыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану және сол арқылы елге төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету, зардап шеккендерге алғашқы көмекті көрсету тәсілдерін үйретудің маңызды екені белгілі. Қазір бұл тәсіл сәтті қолданыла бастады. Мысалы ауа-райының өзгерістерін, болуы мүмкін түрлі жағдайларды ескертіп, сақтандыратын смс-хабарламалар жүйесі кең қолданылады.
Бейсенбіде ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Аудан басшысы төрағалық еткен жиында алдымен «Қазсушар РМК Қызылорда филиалы «Шиелі су шаруашылығы» өндірістік учаскесі бастығының міндетін атқарушы Жармахан Отарбайдың баяндамасы тыңдалды. 2021-2022 жылдарда су тасқынының алдын алу жайлы мәселені сөз еткен Ж.Отарбай апаттан аса қауіп жоқ екенін, егер су тасқыны бола қалса қажетті күш пен техниканың ­дайын екенін тілген тиек етті.

Жел болды дегенше, жарық сөнді десейші...
Жел соғып, жаңбыр жауса май шамды әзірлеу шиеліліктер үшін әдетке айналғалы қашан. Трансформаторлардың тозығы жетіп, тұрғындардың әлекке түскеніне де бірнеше жыл өтті. Жалпы, қазір энергетика саласында түйіткіл көп. Айталық елімізде электр желілерінің 70 пайызының тозығы жеткен. Шиелі ауданына қарасты 22 ауылдық округ бар десек, оның барлығы дерлік жоғарыда атап өткен мәселеге тап болып отыр. «Ескірген трансформатордың сымдары да жамау-жамау. Абайсызда балаларға зиян келе ме деп қорқамыз» деген аудан тұрғындарының көңілі алаң.
Өткен жылы кенттегі транс­форматорлардың біршамасы жаңарып, «енді жарықтан жапа шекпейміз» деп көпшілік қуанған еді. Ерте шаттанып қойды ма, апта басындағы қарлы дауылда аудан бойынша бір мезгілде жарық өшіп қалды. Көгілдір отынға қосылғандар жарық пен қоса жылудан да көз жазып, әбігерге түскені бар.
Аудан әкімі Н.Мақұлбеков те осы мәселені төтесінен қойып, КРЭК мекемесі басшысына:
– Әр қар аралас жел болған сайын жарықсыз қаламыз ба? Осындай төтенше жағдай орын алған күндері тұрғындар жауапты мекемелердің телефон көтермейтініне шағымданады. Қоңырау шалушылар көп болып, жауап беріп үлгермейтін шығарсыздар, түсінеміз. Тым болмаса әлеуметтік желілерде халықты ақпараттандырып, түсіндірме жұмыстарын жасап отыруды қолға алу керек, – деді.
Жарық мәселесі бір жылда шешімін таба салатын жеңіл нәрсе еместігі де белгілі. Десе де технологиясы дамыған заманда жылп етіп жарықтың өшіп қала беруі тұрғындардың наразылығын тудыратынын ұмытпаған жөн.

Сақтықта қорлық жоқ
Комиссия отырысында қаңғыған ит-мысықтың жайы да қараусыз қалмады. Ауданда жыл басынан бері 2 мыңға жуық иесіз жүрген ит-мысық жойылған. Жалпы облыс бойынша жыл сайын 27 мыңдай қаңғыған үй жануары ауланып отырады. Бұл іске ауданда құрамында 3 маманы бар бір бригада жауапты.
Екпесіз, қараусыз бейберекет көше кезіп, қоқыс аралайтын төрт аяқтылар – адамға қауіпті. Құтыру дертінің тасымалдаушы әрі таратушысы. Халықтың қаңғыбас ит-мысықтан қорқатыны да бекер емес-ті. Бұл жөнінде аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекеева баяндады.
Маман әрбір тұрғын өз ит-мысығына құтырмаға қарсы екпе егу керегін және оларды ұстау ережесін сақтауды ескертеді. Үйде ұсталатын иттер мен басқа да жануарлар ауыра қалған жағдайда, оларды ветеринарға көрсетіп, тексерту қажет. Үй жануарларын асыраған жақсы, әрине. Оларды асырау, ұстау ережесін сақтаған тіпті жақсы. Әйтпесе, жақсы көретін ит-мысығыңыз сізге не басқаға қауіп төндіруі мүмкін. «Үй жануарыңызға уақытылы ектіріп, өзіңіз де екпе жасата жүріңіз» дегенді айтады Г.Әйтекеева.
Одан соң жиында қыс мезгілінде қауіпсіздікті сақтау шаралары жайлы сөз болды. Бұл ретте төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Б.Әбсаттаров пен тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Баядилов хабарлама жасады. Қос маман қаһарлы қысқа сақадай-саймыз деп сендірді. Мұз басқан жолға себетін құм-тұзы да, әлдеқандай жағдай болып, күре жолдың бойында қалып қойған жолаушыларға көрсететін көмекке де әзір. Көмек демекші, «Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай» жолында көлігі бұзылып, не басқа да жағдаймен далада қалғандарға жергілікті кәсіпкерлер жәрдем беруге дайын. Бұл тұрғыда кәсіп иелерімен арнайы меморандум да жасалған. Мәселен Сұлутөбенің тұсындағы «Ақ жол», Бәйгеқұмдағы «Бекарыс», Жаңақорған ауданына барар жолдағы «Сығанақ» секілді дүкен-дәмханалар қыстыгүні аязда қалған жолау­шыларды жылы жерге кіргізіп, жағдайын жасауды өз мойындарына алған.
– Одан бөлек төтенше жағдай орын ала қалса жедел көмекке келетін екі бекет үздіксіз жұмыс істеп тұр. Оның бірі – Бәгеқұмда орналасса, екіншісі – Шиелі-Тайқоңыр автожолының бойында,– дейді мамандар.
Осындайда «Сақтансаң – сақтаймын» деген нақыл сөз еріксіз еске түседі. Бүгінде апаттың алдын алу үшін елді құлақтандыру мақсатында арнайы сала мамандары түрлі шараларды атқарып, әр түрлі жолдарын қарастыруда.
Жалпы, елімізде халықтың есінде қалған талай табиғи апаттар болды. Көптеген адамның өмірін жалмаған оқиғалар тіркелді. Соның салдарынан қаншама адам ажал құшты. Ал келтірілген шығын көлемі тіптен қисапсыз. Қазақстанда болған ірі табиғи апаттардың басым көпшілігі жер сілкінісі, су басу, қар көшкіні сынды табиғи құбылыстармен байланысты.
«Апат айтып келмейді» деген қанатты сөздің астарында үлкен мән бар. Сондықтан, қандай төтенше жағдай болсын, біздің елдің азаматтары өз білімдерін жетілдіруді азаматтық борышы санаса артық болмас.

Гүлхан ЯХИЯ

20 қараша 2021 ж. 513 0