Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөз сардары – Сұлтанәлі

Сөз сардары – Сұлтанәлі

Қазақ поэзиясының Құлагері атанған Ілияс Жансүгіровтен: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деген ұлағатты сөз қалды. Осы тұрғыда жуырда сұлутөбе ауылының мәдениет үйінде ауылдың асыл перзенті Сұлтанәлі Балғабайұлының 75 жас мерейтойына арналған «Болмысы – бөлек, тумысы – ерек, сөз сардары – Сұлтанәлі» атты шағармашылық кеш өтті. Салтанатты жиынға Қазақстан Журналис­тер және Жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалының директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Қаршыға Есімсейітова, қаламгердің дос-жарандары, БАҚ өкілдері, ауыл ақсақалдары және ауыл тұрғындары қатысты.Адам баласына берілетін ғұмырдың әр кезеңінің өз ерекшелігі бар. Пенде болған соң кейде сол өлшемдерге бағынғымыз келмей, жастық пен егделіктің, «кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа» болатынын ескермей қалатынымыз және бар. Қалай десек те, әр белестің қадір-қасиеті соның өз биігін сақтай білуде.
Иә, тума тегінен талант шегіне дейін руханият болмысын поэзиямен пайымдап, драмамен дәйектеп, прозамен пәлсапалаған, сатирамен сын садағын кере тартқан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, жазушы-драматург, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, киелі поэзия, проза әлемінде өзіндік үн, өзіндік сыр, өзіндік бояуы мен ажары, оқырман қауымын елең еткізіп, тербеп жүрген һәм есімі республикаға танымал Сұлтанәлі аға мерейлі жетпістің бесеуіне келді. Оның жан-жағына ақсақалдық абзал қалпымен көз салып отырған кескін-кейпіне қарап, салиқалы әңгімесін тыңдап, сосын жүріп өткен жолдарына көз жүгіртіп, бүгінгі ақсақал осындай-ақ болар, ескінің салты мен қалпы сақталған екен-ау деп тәубе етесің.
Ол 1946 жылы 21 мамырда Қызылорда облысы, қазіргі Шиелі ауданы, Мұстафа Шоқай ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін, 1964 – 1966 жылдары туған ауылында шопан болған. 1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, «Білім және еңбек» («Зерде»), «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат») журналында, «Жалын» баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген. Он жылға жуық Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болған. 1992 жылдан бастап дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары болса, 2002 жылдан бастап «Алтын бесік» журналының Бас редакторы. Қазақстан Жазушылар одағының соңғы үш құрылтайында одақтың басқарма мүшесі болып сайланған. Сонымен бірге, қазір Жазушылар одағының «Драматургия» кеңесінің төрағасы. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаздық қызметте.
Танымал өнер иелерінің ән-жырымен көркемделіп отырған кешті Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Қаршыға Есімсейітова жүргізді. Жетпістің биігіне көтерілген қалам иесін аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов құттықтап, өзінің ыстық лебізін білдірді.
– Сұлутөбе топырағында дүниеге келіп, таным-таразысын туған топырақтан парасат тұғырына көтерген, дәуір дүниенің даңғайыр жазушысы Сұлтанәлі Балғабаевтың есімі қазақ драматургиясында, театр өнерінде келешектің кемелінде, мәңгіліктің мәуелі мәнерінде десек, перзентімен мақтанған Сыр елінің тек тірегінің қуанышы тарқамақ емес. Сіз саналы ғұмырыңыздың көп жылдарын қазақ әдебиеті саласының дамуына арнап, шығармашылық ортада қайталанбас туындыларыңызбен оқырман қауымның ыстық ықыласына бөлендіңіз. Ақындықпен қатар, проза, пьеса, жазуда зор еңбек сіңіріп, оқырман қауымның көкжиегін кеңейттіңіз. Қоғам өміріне етене араласып, әрдайым азаматтық және қаламгерлік ұстанымыңызды батыл танытып келесіз. Алдағы уақытта да ақындық арыныңыз, қаламгерлік қарымыңызбен халқыңызға рухани құндылықтар сыйлай беріңіз. Сізге мықты денсаулық, шығармашылық шабыт, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, – деген аудан әкімінің орынбасары мерейтой иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті.
Одан кейін сахна төріне жазушының сыныптасы Райхан Жүнісова көтеріліп, тұғырлы тұлғаның азаматтық болмысын байыптап, жастық дәуренін еске алып, балалық шақтарының қайталанбас қызықты естеліктерімен бөлісті.
Бұдан кейін шарада жарыққа шыққан «Сыр мен сарысу», «Алтын сағым», «Ауыл мен Алматы» секілді үш томдық кітабының тұсауы кесілді.
Мерейлі кеш соңында қаламгердің құрметіне жиылған жұрт Н.Бекежанов театры ұжымының әртістері қойған драматург С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» спектакілін тамашалады. Спектакль соңында актерлардың талантына тәнті болған көрермен жақсы әсерлерімен бөлісіп жатты. Жазушылық саланың өркендеуіне өлшеусіз тер төккен С.Балғабаевтың болмыс-бітімімен таныса алған қалың көрермен осылайша, шарадан рухани зор әсер алды.

Шапағат Тілеубаев
02 қараша 2021 ж. 804 0