Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жөлектегі жайға кім жауапты?

Жөлектегі жайға кім жауапты?

Желіні шулатқан бір топ ата-аналардың жазбасы әлі де даурығып тұр. Елді аң-таң қылып, ашу шақырып, ар мен намысты, кінә мен кінәсізді іздегендер бұл жолы баяғы «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» сынды мәселе емес екенін жақсы біледі. Сондықтан ұлдың намысы бір әулетке, қыздың ары бүтін бір қоғамға әсер ететінін жақсы білетін ауылдастар мектепке шүйлікті. 6 сағатта 6 мұғалім сабақ беретін білім ошағын бүгінде жауапсыз деп сөгіп, желі белсендісіне шағым айтыпты. Сөз төркінін түсінгіңіз келсе, жалғастырайын... Ал, сіз кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін саралап көріңіз.
Шағымданушы ата-аналардың айтуынша, тарихы терең, көненің көзіндей болған Жөлек ­ауылында қатарынан 3 жыл мектеп оқушылары кәмелеттік жасқа жетпей жүкті болып, тұрмыс құрыпты. Әкеден намыс, анадан ұят кетті ме, қыздар мектеп қабырғасында жүріп жүкті болады-мыс. Желіге жеткіншек қыздардың аты-жөнін, тұрмыс құрған уақыты мен қай ауылға тұрмысқа шыққанын айна қатесіз жазған ата-аналар барлығына білім ордасын кінәлі деп санайды. Сонда ата-ана қайда қарап отыр? Мектеп оқушысы білім алып жүр ме, әлде әдепсіздікке үйірсектеуде ме?
Жағдайдың қаншалықты шынайы екендігін білмекке аудандық білім бөліміне хабарластық. Олардың айтуынша, әлеуметтік желіде аты аталған екі оқушы да мектеп қабырғасынан ата-аналарының өтініші негізінде есептен шығып және «Орда» колледжіне оқуға түсіп, қазіргі таңда «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» факультетінің студенттері атанған. Ал, мына қауесеттің мектепке ешқандай қатысы жоқ. Сондай-ақ, Қызылорда облыстық білім басқармасының зерделеу тобы №152 мектептің тәрбие жұмыстары бойынша өткізілген іс-шаралар хаттамаларын тексерген. Нәтижесінде екі сынып жетекшісі мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары «сөгіс» алған. Алайда, аталған шуға қатысты емес дейді. Ал, №152 орта мектептің директоры Е.Дүйсенов:
– Жасөспірім екі қыз да мектептің есебінен маусымда шығып, қыркүйектен бастап колледж студенттері атанған. Яғни, оқушы статусында емес. Тұрмысқа шығуы, жүкті болуы барлығы да мектептен кеткеннен кейін болып отыр. Сондықтан кінәні мектептен іздеудің керегі жоқ. Мектепте сынып бойынша ата-аналар жиналысы, қыздар жиналысы өтеді. Оқушының оқу үлгерімі мен тәрбиесіне қатысты жекелей ата-аналарды да жиналысқа шақырамыз, – деді.
Әлеуметтік желідегі 3 оқушы жүкті болыпты деген хабар кімді болса да елең еткізері сөзсіз. «3 жеткіншектің жүкті болуы тәрбиенің жұмсақтығынан болып отыр. Бірнеше рет қайталанатындай не болды? Әкенің, ағаның, інінің сөзі, намысы, қамқорлығы мен қызғанышы қайда қалды?» деген желі белсенділердің бірнешеуіне тоқталсақ.
Бақытжан Ембергенов:
– Мектеп – білім ұясы. Ал, тәрбие отбасынан басталады. Мектептен дау іздемей балалардың тәрбиесін үйдегі ата-ана қадағалауы керек, десе, Раушан Тулендиева есімді желі белсендісі:
– Әкімнің, білім бөлімі мен мектептің бұл мәселеге қатысы қанша? Оның үстіне бір жарым жылдан бері оқушылар карантин талаптарына байланысты үйден оқыды. Тап сол уақытта бала-шаға ата-ананың қарауында болды емес пе?, – дейді. Ал, Бақытжан Ербаев есімді азамат:
– Мұғалім балаға ұрысса, баланың құқығын қорғап, мұғалімді сотқа беруге дейін барады. Сосын мұғалім оқушыны ұрмасын, ұрыспасын деп шығады. Одан кейін мұғалімді қандай оқушы тыңдайды. Бұрын бізді «еті сенікі, сүйегі менікі» деп мұғалімге тапсыратын. Содан жаман болған жоқпыз.
Осы сынды екі ұдай пікірлер өзара жарысып жатқанымен ақ-қарасын ажыратып, саралатайтын халықтың нақ өзі.
Қыз баланың тәрбиесіне қатысты айтылар сөз көп-ақ еститін құлаққа. Десе де «қызды қырық үйден тыю» тәрбиесі бүгінде қалып бара жатқандай. «Ұлтыңды сақтаймын десең қызыңды тәрбиеле» деген сөздің астарын қазіргі қоғам түсінбей ме, әлде, «қыз – жат жұрттық» дегенді құлаққа сіңіріп алған бойжеткендер өз үйінен осылайша кетуге асықты ма екен деген ойға қаласың. Мектеп оқушысы болмаса да кәмелетке толмаған жасөспірімге ата-ана жауапты. Табақтай ұялы телефонды ұлға да, қызға ұстатып, бұл қайдан біледі деп таң қалуға болмас. Себебі, баланы тәрбиелейтін тек мектеп пен орта, қоғам ғана емес. Ең алғашқы тәрбиенің бас­тау көзі қашанда – отбасы.
Гинеколог-акушер маманы Г.Кеңесбаеваның пікірі:
– Жасөспірімдік жүктілік – бұл мәселе медициналық ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік мәселе. Сонымен қатар, көп жағыдайларда жасөспірім кездегі жүктілік анемияға, әлсіздікке алып келіп жатады. Жасөпірім шақтағы жүктіліктің зияны көп. Мәселен, жатырдағы баланың дұрыс жетілмеуіне, тіпті өлі туылына, дене мүшесінің немесе ағзаның кемістігі болу мүмкін. Бұдан бөлек жасөспірімнің өзінің денсаулығында созылмалы аурулардың пайда болу ықтималы зор. Себебі, ағза толық жетілмеген. Соның салдарынан жасөспірім шақтағы жүктілік қауіпті.
Сөз соңында көптің ашуын тудырған шу ата-ана мен жасөспірімдерге сабақ болса дейміз. Дегенменде кінәні бір-бірімізге сілтеп, дау шығарудан өзгеріс бола кетпейді. Оданда осындай шудың алдын алатын шаралар болса. Мәселен, ата-ана баланың ұялы телефонын сағатпен ұстатса, ал мектепке мүлде ұялы телефон алып кірмеуін қадағалау керек. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген тәмсіл бар. Сондықтан мектеп те қатаң тәртіпке көшіп, әр жыл не әр алты ай сайын қыздарды тексерістен өткізіп қабылдаса деген ұсыныс та
бар

Ақбота БАЯНБАЙ

29 қазан 2021 ж. 711 0