САБАҚҚА ҚҰРАЛ-САЙМАНЫҢ ДАЙЫН БА?
Жаз мезгілі аяқталуға жақын. Жаңа оқу жылының басталуына небәрі бір апта уақыт қалды. Оқушылардың мектепке баратын күні жақындаған сайын балалардан бұрын ата-аналар тыңғылықты дайындыққа көшкенге ұқсайды. Бірақ, биылғы дайындықтың бұрынғыдан бәсі тым төмен. Оған еліміздегі пандемеяға байланысты карантиндік талаптардың күшеюі себеп болып отыр.
Расымен елдегі ахуал есімізді әбден шығарды. Көптеген жұмыс орындары уақытша тоқтап, адамдардың біразы жұмыссыз қалды. Базарлардың саудасы азайып, жергілікті тұрғындардың қалтасы жұқара бастады. Жұртшылықтың жүйкесін жұқартқан бұл жағдай көптеген ата-аналарға да өз әсерін тигізбей қоймады. Әсіресе, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға бұл өте қиын жағдай. Ал, оқу жылы жақындаған сайын тұрмысы төмен отбасы балаларының мектепке әзірлігіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Себебі, мектеп құралдарының бағасы жылдағыдан қымбат. Биыл абырой болғанда оқушыларға мектеп формасын киіп бару міндеттелген жоқ. Бұл туралы Білім министрі А.Аймағамбетов мәлімдеме жасаған болатын. «Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің пікірлерін тыңдап, көбісі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім. Бірақ, мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға мектепте тек мектеп формасын ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киіммен де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық. Бұл шешім тек қана келесі оқу жылы үшін қабылданады», – деді ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Хош. Мектеп формасының мәселесі шешілді делік. Алайда, білім ордасына киіп баратын киім-кешектен бөлек, сатып алынатын басқа да құрал-саймандар жетерлік. Базарға бет алсаң, бұлардың бағасы аспандап тұр қазір. Елімізде мұндай ұсақ-түйек заттарды сатып алуға шамасы жетпейтін ата-аналар да бар. Жұмыстың тұралап қалғандығынан жаз бойы дұрыс табыс таба алмаған отбасылардың да балалары әдемі болып мектепке барғысы келеді. Алайда... Тағы да сол қалтаның жұқалығы. Бір үйде бес алты баладан жоғары отбасыларда, мұндай жағдай қайдан болсын? Бұйырғанын киіп бармасқа амал жоқ.
– Мен көп балалы анамын. Еліміздегі ахуалға баланысты тұрмыс жағдайымызда біршама өзгерістер орын алды. Яғни, қаржылық қиындық басталды. Балаларымның мектепке баратын күні де алыс емес. Олар да сыныптастары секілді мектепке форма киіп барғысы келеді. Бірақ, мен жеті балама бірдей мектеп формасын сатып алып бере алмаймын. Тәжвирустың көбеюіне байлансты Білім министрінің соңғы мәлімдемесі мені қуантып отыр. Себебі, киім-кешектен бөлек сабаққа апаратын ұсақ-түйек заттардың өзіне біраз ақша кетеді, – дейді аудан тұрғыны Гүлнұр Жолдасқызы.
Мектеп формасына байланысты бұл мәселе қоғамның қызу пікірталасын туғызды. Әлеуметтік желіні аша қалсақ, жұртың пікірі екіге бөлініп жатқанын көреміз. Қалтасы көтермейтіндер мектеп формасын сатып алуға шамамыз жоқ десе, ауқатты отбасылар балаларының жылдағыдай мектеп формасын киіп барғанын қалап отыр. Инстаграм желісінде бұл өзекті тақырып кеңінен етек алып, әртүрлі парақшалардағы пікірлер санын көбейтуде.
– Нарықтағы баға биыл қымбат болғандықтан біз де бағаны көтеруге мәжбүрміз. Мектепке қажетті заттарды әркім әр қалай сатып алады. Бізде қымбаты да, арзаны да бар. Бұл ата- аналардың қалтасындағы қаржыға байланысты. Оқу құралдарын сатып алуға орта есеппен 20 мың теңгедей қаржы кетеді. Оның ішіне сөмкенің, дәптерлердің, түрлі-түсті қаламсаптардың, бояулардың, әр-түрлі пәндерге арналған жаттығу дәптерлерінің т.б бағалары кіреді. Мұның барлығы мектепке қажет тауарлар болған соң, ата-аналар шама-шарқына қарай сатып алып жатыр. Сауда да өз маусымы болғандықтан бірқалыпты. Бірақ былтырғыға қарағанда мәз емес, – дейді саудагер Гүлнәр Әлімбетова.
Сымбат СҰЛТАН