Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында тұрмысы төмен отбасыларға 2 мыңға жуық грант бөлінеді

Қызылорда облысында тұрмысы төмен отбасыларға 2 мыңға жуық грант бөлінеді


Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Грант көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қосымша қолдау көрсету мақсатында 2021 жылға дейінгі аймақтық жол картасы шеңберінде бөлінетін болады.Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған бірыңғай шаралар қабылдады. Осы мақсатта көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қосымша қолдау көрсету үшін 2021 жылға дейінгі Аймақтық әлеуметтік жол картасы қабылданды. Бұл Жол картасы аясында өзінің шағын бизнесін дамытуға қайтарымсыз негізде 1922 грант бөлу қарастырылуда»,-деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Жол картасы аясында сауықтыру лагерлерінде тұрмысы төмен отбасылардағы 17 мың баланың демалысын ұйымдастыру, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 25 мыңнан астам оқушыны тегін тамақпен және мектеп киімімен қамтамасыз ету, Қызылорда қаласы бойынша 6800 балаға қоғамдық көлікте тегін жүруді ұйымдастыру жоспарлануда.
Бұдан басқа, әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан балаларды жоғарғы оқу орындарында оқытуға облыс әкімінің қосымша 200 гранты бөлінеді. Бұл ретте, осы отбасылардың еңбекке жарамды өкілдерін жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетілетін болады (жұмысқа орналастыру, қайта оқыту, өз бизнесін ашу және т.б.).
«Әдеттегідей өңірде көпбалалы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету бастамасын ауыл шаруашылығы және бизнес құрылым өкілдері де қолдап, жыл басынан бері 17 отбасыға баспана кілтін табыстады. Бұдан бөлек, Елбасының тапсырмасына сәйкес, сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй салуға және дайын пәтерлерді сатып алуға республикалық бюджеттен бөлінген 3,6 миллиард теңгеге және қосымша облыстық бюджеттен бөлінген 360 миллион теңгеге жылдың қорытындысымен 431 көпбалалы отбасы баспаналы болады»,-деді аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда облыста 36 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Олардың 6 мыңға жуығы тұрмысы нашар. Бүгінгі күні 3000-нан астам көпбалалы отбасы мен жалғыз басты аналардың материалдық-тұрмыстық жағдайы зерделеніп, олар көтерген мәселелерге қарай санатқа жіктелді.
 
19 шілде 2019 ж. 879 0