Шиелі ауданы екінші орында
Өткен сәрсенбіде Шиелі ауданының Статистика басқармасының басшысы А.Қожамжарова аудандағы ұлттық санақтың өткізілу барысы мен бүгінге дейін атқарылған бірқатар жұмыстары жөнінде брифинг өткізді.
Халық санағының құндылығы – Қазақстан Республикасының халқы бойынша нақты ахуалды біліп қана қоймай, демографиялық, әлеуметтік және саяси өмірдің көптеген аспектілері бойынша ахуалды болжауға мүмкіндік береді.
Халық санағының құндылығы – Қазақстан Республикасының халқы бойынша нақты ахуалды біліп қана қоймай, демографиялық, әлеуметтік және саяси өмірдің көптеген аспектілері бойынша ахуалды болжауға мүмкіндік береді.
2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда жалпы ұлттық халық санағы жүргізіліп жатқаны және 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта sanaq.gov.kz сайты арқылы өтуге болатыны белгілі. Халықтың онлайн түрде санақтан өту процесі күнделікті орталық базаға жинақталып, 15 қыркүйектегі дерек бойынша ауданда 36 501 адам онлайн санақтан өтіп, жалпы халық санына есептегенде 43,5 процентті құраған. Сондай-ақ, санақтың өту барысы бойынша облыс деңгейінде 2 орында тұр.
– Жалпы ұлттық санақтан өтуге бекітілген іс-шараға сәйкес дербес бөлімдер, денсаулық сақтау саласы және бюджеттік мекемелер өз уақытысында жұмысты аяқтап, белсенділік танытты. Білім саласы ауқымына қарай жұмысты 25 қыркүйекке дейін жүргізеді. Ауылдық округтер бойынша Жиделіарық ауылдық округі 100 процент, Алмалы ауылдық округі мен Жаңатұрмыс 65,4 процент, Қоғалы ауылдық округі 88,4 процент, Майлытоғай ауылдық округі 89,7 процент халықты санақтан онлайн өтуіне ықпал жасап жақсы жұмыстар жүргізсе, ал Бәйтерек, Талаптан, Иіркөл ауылдық округтерінде жұмыстар баяу өтуде.
Биылғы халық санағында 91 сұрақ қарастырылған. Алайда, азаматтар сауалдардың барлығына жауап берген кезде мұқият қарап, санақ парақтарын дұрыс толтыруына мән беруі қажет. Азаматтардың белсенділігі мен шынайы жауаптары үкіметтің халық туралы сапалы деректерді алуына негіз болады.
Қазіргі таңда аудан бойынша санақтан онлайн өтуі, санақ парақтарын толтыру жайлы түсіндірме, халық арасында мекемелерге түсіндірме жұмыстары жалғасуда. Мұнымен қатар, фейсбук әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлерімен бірге халық көп шоғырланатын жерлерге буклеттер, санақ плакаттары таратылып ілінді, қоғамдық көліктерге хабарландыру ілініп, 350 хабарлама таратылды. Ауылдық округтерде санақтан өту бұрыштары ашылып, ауыл тұрғындары санақтан онлайн өтуде. Дауыс зорайтқышпен адам көп шоғырланатын орталықтарда, Шорабаев жеке базарында және орталық автовокзалда күнделікті төрт рет хабарланып жатыр, сондай-ақ, орталық алаңда бейне экраннан санақтан қалай тіркелуге болатыны жайлы видео ролик көрсетілуде. Одан бөлек, Әл-тайыр сауда үйінен бір бөлме жабдықталып арнайы маман базардағы сауда нүктелеріндегі кәсіпкерлерге қызмет жасайды. Бұл бағытта аудандық Жастар ресурстық орталығы қызметкерлеріне, ерікті жастарға алғысымызды айтамыз, – деді Статистика басқармасының басшысы А.Қожамжарова.
Sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулігіне 24 сағат қолжетімді. Барлық сұрақ бойынша Call-орталыққа 1446 нөмірі бойынша хабарласуға болады, қоңырау шалу тегін. Азаматтар орналасқан жеріне қарамастан, виртуалды көмекшінің көмегімен санақты өздері және отбасы мүшелері үшін сауалнама толтыру арқылы дербес аяқтай алады. Яғни, онлайн санақтан өткенде қатысушы өзімен қатар отбасы мүшелерін де тіркей алады, отбасының әр мүшесінің жеке тіркелуінің қажеті жоқ. Бұл ыңғайлы әрі көп уақыт алмайды. Бүкіл отбасы мүшелеріне қатысты тиісті мәліметтерді тіркеген соң санақтың қорытындысы хабарлама түрінде келеді. Sanaq.gov.kz сайтына бір рет қана тіркеліп бір отбасын қамту қарастырылған. Санақ парақтарын толтыру басталған сәтте «Респондентті қосу» нұсқасы ұсынылады. Бірге тұратын туысыңыздың ЖСН-ін енгізген соң жүйе оның толық аты-жөнін автоматты шығарады. Осылайша, сізге және отбасыңызға қатысты барлық мәліметтер жүйеге тіркеледі. Әрбір отбасының деректерін бағалай отырып, санақтан бөлек халықтың әлеуметтік жағдайы анықталады. Бұл мемлекет үшін айтулы құбылыс және үлкен мәнге ие болғандықтан, қазақстандағы әрбір азамат маңызды болып табылады.
Ақбота Баянбай