ҚАЗАҚСТАНДА ӘРКІМ МАҢЫЗДЫ
Сейсенбі күні аудандық баспасөз орталығында Статистика басқармасының басшысы А.Қожамжарова 2021 жылы Ұлттық халық санағын өткізу жайлы ауданның дайындығымен бөлісті.
2021 жылдың 1 қаңтарындағы «Халықтың статистикалық тіркелімі» бойынша ауданда 83 139 халық тұратынын анықтаған. Бірақ, он жылда бір рет өткізілетін ұлттық санақ биыл қазан айының 1-і мен 30-ы аралығына жоспарланған. Халық санағының «Қазақстанда әркім маңызды!» атты девизі мен логотипі бекітілді. Жалпы, халық санағы – белгілі бір уақыт кезіндегі жағдай бойынша халықтың демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректерін қамтитын статистикалық тексеріс. Бұл науқанға әрбір қазақстандық саналы түрде қатысуға міндетті.
– Биылғы халық санағының 2009 жылғы өткен санақтан айырмашылығы ақпараттық технологияны қолдана отырып, басым көпшілігінде дәстүрлі әдіспен ғаламтор желісіне қосылған планшетпен өткізілуінде болып отыр,– дейді А.Қожамжарова.
Халық санағын өткізуге атсалысатын құрам алдымен «Дайындық кезеңі» бойынша кент ішінде аудандастыру үшін тұрғын үйлер, ғимараттар, тұрғын үй емес ғимараттарда тұратын халықты анықтау бойынша бақылау жасайды. Бақылау мекен жай деректерін анықтау, оны түзету және интервьюер арқылы жүзеге асады. Қарапайым тілмен айтқанда, санақ жүргізетін құрам кент ішіндегі тұрғын үйлерді тіркеп, сұқбат жүргізе отырып, әлеуметтік, экономикалық жағдайды анықтайды. Анықтаған ақпаратын уәкілетті тұлғаға өткізеді. Мұның бәрі бірінші кезеңде 1 маусым мен 30 маусым аралығында атқарылады. Ал, екінші кезең санақтың өткізілу барысы болып табылады. Бұл 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн режимінде өтеді. Әрбір саналы азамат Sanaq.gov.kz арқылы жүйеге тіркеліп, санақ парақтарын толтырып, қорытындыны сақтап және одан өткендігі жөнінде ұялы телефоны арқылы смс қорытындысын алады. Аталған шаралар жоспарлы түрде атқарылғаннан кейін 2021 жылдың 1-30 қазан аралығында жинақталған барлық ақпарат планшеттер арқылы халық санағы ақпараттық жүйесіне өткізіледі.
– Санақ онлайн режимінде және планшеттермен жүргізілетіндіктен, әсіресе ауылдық елді мекендердегі халық бекітілген учаскілірге келіп, санақтан онлайн режимінде өтсе деген ұсынысымызды білдіреміз. Әрбір учаскі компьютер, интернет желісімен қамтамасыз етіледі. Негізінен алдағы халық санағына дайындық жұмыстары үшін 2021 жылдың 1 қаңтарында кент және әр ауылдық округі мамандары көшелер, квартал, тұйықтардағы тұрғын үй, тұрғын емес үйлер санын түгендеу жұмыстарын жүргізді,– дейді статистика басқармасының басшысы.
«Өскен өңір» ақпарат