САНАҚ САПАНЫ АНЫҚТАЙДЫ
Жер шарының негізгі байлығы – адам. Қай мемлекеттің демографиялық ахуалы жақсы болса, сол елдің экономикасы, әлеуметтік жағдайы тұрақты. Яғни саннан сапа шығады деген сөз. Сондықтан көптеген мемлекеттер халық санының артуына барынша күш салады. Біздің еліміз де ықылым заманнан бері қайтсек санымызды арттырамыз деп, болашағына алаңдаумен келеді.
Елімізде халық санағы он жылда бір рет жүргізіледі. «Тәуелсіздік алған соң Қазақстанда халық санағы 1999 және 2009 жылдары екі рет өткізілді. 1999 жылғы санақтың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың саны 14 981 281 адамды, ал 2009 жылғы өткізілген санақ нәтижесі бойынша 16 009 597 адамды құрады.
Санақ не үшін керек?
Әр санақ сайын халқымыздың санының өскенін білудің өзі мәртебе. Санақ жүргізу елдегі халық санын, этникалық құрамын дәл білуі үшін, халықтың тұрмысын зерттеу үшін маңызды. Сонымен қатар мемлекет санақ қорытындысын бұрынғы есептермен салыстырып, өзгеру серпініне талдау жасайды. Санақ нәтижесі бұдан кейінгі есептерге, алдағы жылдарға жоспар, болжам жасау үшін де маңызды.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2009 жылы 1999 жылмен салыстырғанда халық саны 1 млн 27 мыңға өскен. Халықтың этникалық құрамы да өзгерген. Қазақтар саны 26 процентке артса, өзбектер – 23, ұйғырлар – 6,8 процентке өскен, ал орыс, неміс, украиндар мен басқа да этностардың саны керісінше азайған.
Онлайн өтеді
Биыл елімізде үшінші мәрте ұлттық халық санағы жүргізілмек. Санақ «Қазақстанда әр адам маңызды» деген ұранмен 1-30 қазан аралығында өтеді деп жоспарлануда. Ұлттық санақ екі кезеңде ұйымдастырылады. Алғашқы кезеңде, яғни 1-15 қазан аралығында бланктерді халық онлайн түрде толтыра алады. Екінші кезеңде санақ алушылар барлық тұрғын үйлерді аралап, онлайн бланкті толтырмаған жандарға планшет арқылы сауалнама жүргізеді.
Санақ сауалдарында мекен-жай, баспана жағдайы, этно-мәдени сипат, білім мен сауат, көші-қон, неке, туу, жұмыспен қамтылу, күнкөріс көзіне қатысты қарапайым сауалдар болады.
Сондай-ақ тұрғындардың тіршілік әрекетіне шектеулер (көру мен есту, жүру, есте сақтау және/немесе зейін қою қиындықтары), ҚР аумағына уақытша тұрушының қай елден келгені, келудегі мақсаты да ескеріледі. Халық санағы кезінде алынған деректер құпия сақталады.
Бұл жолғы санақтың басты ерекшелігі –түгелдей дерлік сандық жүйе арқылы жүзеге асуында. Бұрынғыдай қағаз бен қалам ұстап, сауалдарға жауап беру болмайды. Жоғарыда айтқанымыздай, онлайн және планшеттер арқылы жүргізілмек.
Шиеліде халық саны артты
Жыл соңында өтетін санаққа Шиеліде де дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Өткен жылдың қазан айында аудан әкімінің бұйрығымен өңірде халық санағын өткізу үшін арнайы жұмысшы тобы құрылған болатын. Алдағы уақытта тұрғындарға ақпараттық хабарламалар таратылып, билбордтар мен баннерлер ілінетін болады.
Жыл басындағы есеп бойынша аудан халқы 83 мыңға жеткен. Кент пен 22 ауылдық округ, оған қарасты 38 елді мекен түгелдей қамтылатын санақ барысында тұрғындардың нақты саны анықталатын болады. Өсім болады деп те жоспарлануда.
Жалпы санаққа байланыста ауданда арнайы санақ бөлімі ашылып, мамыр айынан жұмысын бастайтын болады. Ал халық санағы басталған кезде бір ай мерзімге жалақысы бекітілген 115 санақшы жұмысқа тартылмақ. Оған алдымен арнаулы білімі бар, жұмыспен қамту бөліміне жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар қамтылады.
Гүлхан ЯХИЯ