Халық санағы: қатаң тәртіппен жауапкершілікті жүктейді
– Біз қазақта 18 млн халық бар дейміз. Әшейінде, «түймедей нәрсені түйедей» етіп көрсетуге құмармыз. Ал халық санына келгенде нақты 18 млн деп айтамыз ғой. Осы 30 млн-быз десек біреу бізді келіп санайды ма? Мұрат көрінбейді ғой, Қанат қайда жүр, Пәленше қайда деп бізді ешкім түгендемейді ғой. Қытайда 1 млрд 300 млн халық бар деп айтамыз. Кім санады? Адам түгілі біз 1 млрд ақшаны да санамаған шығармыз.
Бұл «Әзіл әлемі» театрының жетекшісі Тұрсынбек Қабатовтың елді қыран-топан күлкіге қарық қылған әзілдерінің бірі.
Тарихи деректерге сүйенсек, халықты есепке алу осыдан төрт мың жылдан аса уақыт бұрын Қытайда өткізілген екен. Кейіннен ежелгі Египетте, Грекияда, Римде, Иранда, Жапонияда халық санағы жүргізілгені жөнінде де мәліметтер бар.
1456-1465 жылдарда Керей мен Жәнібек сұлтандардың бастамасымен Қазақ хандығы құрыла бастаған кезеңінде олардың қол астына жиналған халық саны 200 мың адамды құраған. Ал Қасым ханның құзырындағы халық саны миллион адамға жеткен көрінеді.
1897 жылы бүкіл ресейлік халық санағының мәліметі бойынша, Қазақстан аумағындағы халықтың саны 4 млн 333 мың адам болған. 1913 жылы – 5 млн 597 мың, 1939 жылы – 6 млн 82 мың, 1959 жылы – 9 млн 295 мың, 1970 жылы – 13 млн 9 мың болса, 1979 жылғы есеп бойынша халық саны – 14 млн 684 мыңды құраған. Одан кейінгі 1989 жылғы халық санағының нәтижесінде Қазақстан мемлекеті тұрғындары саны 16 млн 199 мың 200 адамды көрсетті. Оның ішінде қазақтардың саны 6 млн 496 мың 900 адам болса, басқа барлық ұлт өкілдері 9 млн 702 мың 300 адамды құрады.
Бұрынғы санақтардың нәтижелері қандай?
Жоғарыдағы көрсеткіштердің барлығы кеңес үкіметінің құрамында болған кездегі мәліметтер еді. Ал еліміз тәуелсіздік алып, еңсесін тіктеп, өз алдына дербес мемлекет болғаннан кейінгі 1999 жылы елде жүргізілген алғашқы санақ деректері бойынша Қазақстан мемлекетінің тұрғындары саны 14 млн 953 мың 100 адам болып азайған. Халық санының бұлай азаюының басты себебі, КСРО империясының күйреуіне байланысты өзге ұлттардың елден көшуінде болса керек. Өйткені, 1989-1999 аралығындағы он жыл уақытта елдегі қазақтардың саны едәуір артқанын байқауға болады. Жекелеген ұлттарға талдау жасасақ мынадай мәліметтерді келтіре аламыз. Атап айтқанда, осы он жылдықта орыс ұлтының саны 37,4%-дан 30%-ға, украин ұлты 5,4%-дан 3,7%-ға, немістер 5,8%-дан 2,4%-ға, татарлар 2%-дан 1,7%-ға азайған.
Қазақстан халқының саны 2009 жылғы екінші рет жүргізілген халық санағы бойынша 17 млн 200 мың болды, ал 2011 жылдың 1 қаңтарына 16 млн 441 мың 959 адамды құрады. Көрсеткіш тұрақты болмағанымен, алғашқы халық санағына қарағанда тұрғындар санының едәуір артқанын байқауға болады. 2009 жылы 1999 жылмен салыстырғанда халық саны 1 млн 27 мыңға өскен. Халықтың этникалық құрамы да өзгерген. Қазақтар саны 26 пайызға, өзбектер 23 пайызға, ұйғырлар 6,8 пайызға өскен, ал орыс, неміс, украиндар мен басқа да этностардың саны керісінше азайған.
Бұл елдегі демографиялық саясаттың бұрынғыға қарағанда ретке келе бастауымен байланысты болса керек. Ал халықтың бірде азайып, бірде көбейіп отырғандағын көші-қон мәселесі және мекенжайдың тұрақсыздығымен түсіндіруге болатындай.
Санақ қалай жүргізіледі?
Елімізде халық санағы әр 10 жыл сайын өткізіледі. Соның арқасында мемлекет елдегі халық санын, этникалық құрамын барынша дәлірек біледі. Тұрғындардың өмір жағдайындағы өзгешеліктерін болжайды, бұрынғы есептермен салыстырып, өзгеру серпініне талдау жасайды. Сосын санақ нәтижесі бұдан кейінгі есептерге, жақын жылдардағы жоспарға болжам жасауға негіз болады.
Санақ процесін сандық жүйе де айналып өткен жоқ. Бланктерді халық онлайн түрде толтыратын болады. Халық санағы негізінен санақ алушылар барлық тұрғын үйлерді аралау және веб-сайттарда ел тұрғындарынан интернет-сауалдар алу арқылы жүргізіледі.
Келесі санақ қашан болады?
Қазақстанда 2020 жылдың қазан айында ұлттық халық санағы өтеді деп күтілуде. Ауқымды акция 1-30 қазан аралығына жоспарланған. Елімізде бұл үшінші халық санағы. Оны 30 мың адам жүргізетін болады. Оның ішінде нұсқаушы-бақылаушылар мен сұхбат алушылар бар. Бұл жұмысқа 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары тартылады. Оларға уақытша жұмысы үшін айына 75-113 мың теңгеге дейін төленеді.
Халық санағына кімдер қатысады?
Қазақстанның барлық азаматтары, соның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандар да. Тек қана Қазақстанда емес, шет елде тұратындар да (шет елде уақытша немесе тұрақты тұратындар) қатысады. Сондай-ақ санаққа елімізде уақытша немесе тұрақты түрде тұратын шетел азаматтары да қамтылады.
Гүлхан ЯХИЯ