Көшелер тығырыққа тіремей ме?
Жаңа 2020 жылы ұлттық халық санағы өтеді. Қазіргі таңда халық санағына дайындық жұмыстары басталып кетті. Тіпті келер жылғы санақтың өту барысында да бірнеше өзгерістер бар. Бұл жөнінде аудандық статистика басқармасының бас маманы А.Қожамжарова аудан әкімдігінде өткен жиында хабарлады.
2020 жылғы халық санағы қазан айының 1-30 аралығында өтеді деп жоспарлануда. Санақтың алғашқы 15 күні интернет желісі арқылы онлайн режимінде жүргізіледі. Бұл туралы статистика басқармасының бас маманы:
– Келер жылғы халық санағы алдыңғы өткізілген халық санағынан айырмашылығы ақпараттық технологияны қолдана отырып, басым көпшілігінде дәстүрлі әдіспен ғаламтор желісі арқылы және қолайлы-есептеуіш құрылғы (планшетті компьютер) арқылы өткізілуінде болып отыр, – деп атап өтті. Сонымен бірге әрбір учаскілердің интернетжелісімен қамтамасыз етуін ұсынды.
Сондай-ақ А.Қожамжарова санақшыларға қиындық туғызатын мәселені де тілге тиек етті. Ол – аудандағы атауы жоқ көшелер мен реттік нөмірі көрсетілмеген үйлер. Бұл мәселенің өзекті екені аудандық құрылыс, сәулет қала құрылысы бөлімінің бас маманы А.Ермекбаевамен рейд жұмыстарын жүргізгенде анықталған. Атап айтқанда, аудандағы №3 оңалту орталығы аймағындағы 2 көше атаусыз орналасқан. Ал Арай мөлтек ауданы мен ГРП-2 шекарасында көлденең орналасқан 4 көшенің атауы жоқ. Осы сияқты қордаланған мәселеге байланысты аудан әкімі кент және ауылдық округ әкімдеріне «Бір апта мерзімде әкімшілік аумақтық бірліктердің тізбесін және шекараларын нақтылау, көше атауларын, квартал, үй және пәтер нөмірлерін ретке келтіру бойынша іс-шаралар өткізу, тұратын халық санын нақтыласын» деп қатаң тапсырма берді.
Маржан Құрманғалиева