Сандық жүйе халық санын айқындайды
Он жылда бір жүзеге асырылатын халық санағы кешегі мен бүгінді саралайтын салмақты іс. Санақ қорытындысы арқылы елде болған демографиялық, мәдени-әлеуметтік, экономикалық және басқа да қоғамдық өлшемдердің даму дәрежесін айқындай аламыз. Ұлттық санақ демографиялық ахуалды ғана емес, сонымен бірге адами ресурстардың деңгейін, азаматтардың білімін, денсаулығын, тұрмыстық ахуалын, мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетін көрсетеді. Яғни тәуелсіз Қазақстан дамуындағы он жылдық белесінің айнасы деуге болады.
Биыл қараша айында елімізде кезекті ұлттық санақ өткізу мәселесі жоспар-лануда. Бұл – Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында үшінші рет өткелі отыр. Халық санағын жүргізу – өте күрделі, көп еңбек сіңіруді және мол қаржы шығындауды қажет ететін ауқымды шара екендігі анық. Бірақ ертеңін ойлаған өрісті ел үшін бұл – міндетті әлеуметтік, экономикалық және тарихи үрдіс. Бұл санақтың ерекшелігі – тұңғыш рет халық санағы цифрлы технология бойынша инновациялық негізде жүргізілмек. Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленовтің айтуынша, бұл реттегі негізгі жаңашылдық санақ жүргізу жұмыстарын толық компьютерлендіру болып отыр. Яғни арнайы интернет-портал ашылып, сол ақпарат көзіне азаматтар өздері туралы мәліметті интернет арқылы жолдайтын болады. «Әрине үй-үйді аралап, тіркеу жүйесі де қалады. Себебі, барлық адамдар интернет арқылы тіркелмеуі мүмкін. Бірақ біздің ойымызша, ең басты артықшылық – цифрлы технологияны қолдану болмақ» деген болатын бірінші вице-министр. Олай болса цифрлы технология негізінде өткізілетін ұлттық санақтың ашық та дәйекті болатындығына сенім зор.
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді халық даналығы. Тамырын тереңге жіберген бәйтеректей, өсіп-өнген елдің белгілі бір белестерді асқаннан соң бар мен жоқты, алыс пен жақынды сан мен сапа безбеніне тартып, таразылайтын жөн-жобасын жаңалық, жақсылық атаулыны төрге оздырып, етектен тартар ескілік сарқыншақтарымен ат құйрығын кесісуді көздейтін салтымен сабақтастыруға болар. Тарихқа көз жүгіртсек, ең алғашқы санақ патша үкіметі кезінде 1897 жылы өткен. Сонда қазақтардың саны 6 млн-нан асқан. Одан кейін 1920, 1923, 1926, 1937 жылдары сәтсіз санақ, 1939 жылы сәтті санақ болды. Сондай-ақ 1959, 1970, 1979, 1989 жылдары санақ жүргізілді. Тәуелсіздік алған соң Қазақстанда халық санағы 1999 және 2009 жылдары екі рет өткізілді. 1999 жылғы санақтың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың саны – 14 981 281 адамды, ал 2009 жылғы өткізілген санақ нәтижесі 16 009 597 адамды құрады. Тағы да нақты цифрларға жүгі-нейік. Статистика агенттігінің соңғы дерегі бойынша қазіргі таңда, яғни 2018 жылғы 1 қарашадағы дерекке сәйкес, республикадағы халық саны 18 млн 356,9 мың адамды құраған көрінеді.
Кезекті халық санағына дайындық жұмыстары басталып кеткені мәлім. Осы орайда аудандық статистика басқармасының басшысы Наземедин Қалыбаева да аудан тұрғындарының ахуалын тізбектеп жатқандығын жеткізді.
– Жаңа санақ жұмысында елімізде бұған дейін өткізілген санақ кезіндегі дәстүрлі қағаз толтырумен қатар технологиялық инновация жетістіктері кеңінен қолданылады. Әсіресе, интернет желісі мен портативті-есептегіш құрал (планшет) санақ жұмысын жеңілдете түспек. Бүгінгі таңда 82 601 аудан тұрғыны бар. Үй-үйді аралап, сауалнама толтыру жұмыстары да басталды. Сонымен қатар интернет сауалнамада респон-денттер өздігінен «sanaq.gov.kz» сайтында электронды түрде санақ парағын толтыру мүмкіндігіне ие. Ол жерде респондент өзінің жеке деректерін, жеке куәлік нөмірін, ұялы телефон нөмірлері мен электронды пошта мекенжайын толтырады. Интернет сауалнаманы аяқтағаннан кейін әр респонденттің электронды поштасы мен ұялы телефонына санақтан өткені туралы смс хабарлама келеді. Айта кетер жайт, онлайн режимде осылайша санақтан өткен азаматтар үшін екінші қайтара жалпы санақтан өту міндеттелмейді, – дейді статис маман.
Ұлы даланы мекен еткен қазақ халқының санында да мән бар. Жері құт, қазына байлыққа толы байтақ даламызға көз салушылар да жоқ емес. Ал үшінші халық санағы – ел дамуының келесі он жылдықтағы бет-бейнесін бағалайтын, ашып көрсететін бір өлшемі. Мысалы, тарихи өлшеммен қарайтын болсақ, тарих үшін 10 жыл деген түк емес. Ал әлеуметтік-экономикалық өлшеммен қарайтын болсақ, 10 жыл деген белгілі бір елдегі болып жатқан өзгерістерді нақты бағалауға, бағамдауға мүмкіндік беретін кезең. Сондықтан осы 2019 жылғы санақтың маңызы жоғары болмақ.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ