Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқушылар мектеппен, әліппемен қауышты

Оқушылар мектеппен, әліппемен қауышты

1 қыркүйекте барлық мектептерден қоңырау үні естілді. Бұл жолғы сыңғырлаған қоңырау сағыныштың үні сияқты. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты бір жарым жыл мектепке бармаған оқушылар қоңырау үнін естуге құштар еді. Індеттің залалынан мектепке бара алмады. Барлық сабақтар онлайн өтіп, шаралар болмады. Үйге қамалған оқушылар онлайн емес, оффлайн білім алуға асықты. Мектепті, мұғалімді, тақтаны, бәрін-бәрін сағынды. Содан сабақ дәстүрлі түрде өтеді дегенді естіген оқушылар алақайлап, жаңа оқу жылына дайындалды. Тіпті, оқушылардың отты көздерінен қуаныш сезіліп тұрды. Бұл нағыз сағыныштан туған оқу-білімге деген құштарлық болатын.
2021-2022 оқу жылының 1 қыркүйек – Білім күнінде аудан әкімі Н.Мақұлбеков, мәлихат хатшысы Т.Жағыпбаров, білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Насибеков №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейдің алғашқы қоңырау салтанатты шарасына қатысты.
Білім күніндегі шара тек 1 сынып оқушыларының қатысуымен өтті. Карантиндік талаптарға сай 2-11 сыныптар қатыстырылмады. Мерекелік іс-шара Әнұраннан соң аудан әкімі Н.Мақұлбековтың мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді, оқушылар мен ата-аналарды құттықтау алғы сөзімен басталды. Нариман Әскербекұлы өз сөзінде қазіргі таңда, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру – ұстаздар алдындағы үлкен міндет және биылғы оқу жылының ерекше екендігін атап өтті. Себебі, «Әліппе» оқулығы қайта оралып, өз деңгейлестерімен қауышты.
Салтанатты шарада «Әліппе», «Дүниетану», «Математика» оқулықтары бүлдіршіндерге таныстырылды. Одан соң аудан әкімі оқушыларға әліппені салатанатты түрде үлестірді. Бір сағатқа ғана сыйымдалып шектетілген шара алғашқы қоңырау үнімен аяқталды.
№47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейі 1951 жылы бастауыш мектебі болып ашылған. 70 жылдық тарихында түрлі кезеңдерден өтіп, білім беру жолында дамыған үлкен білім ордасы ретінде танылып отыр. Қазіргі таңда, бұл мекеме жаңа ғимаратта орналасқан. Атап айтар болсақ, 2014 жылы жалпы алаңы 48000 шаршы метрді құрайтын 1200 орындық ғимаратқа көшірілді. Бүгінде меншікті алаңы – 11500 шаршы метр болатын ғимарат 480 орындық Акт залы, 36 орындық оқу залы, 280 орындық асхана, 48 оқу кабинеті, 3 зертхана, 3 шеберхана, 5 лингафон кабинеттерімен жабдықталған. Мұнымен қатар, 2016 жылы мектептің инновациялық бағыттағы шығармашылық әлеуетіне қарай «№47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейі» коммуналдық мекемесі болып аталды. Мектеп-лицейде 5-11 сыныптар аралығында лицей сыныптары ашылған. Лицей сыныптарында жаратылыстану пәндері тереңдетіліп оқытылып, ағылшын тілі үйірмелері, 3Д модельдеу, робот техникасы курстары жүргізіледі.
2021-2022 жаңа оқу жылында облыста 58 мың оқушының 18 мыңы 1 сыныпқа қадам басты. Ал, ауданда 19109 оқушы мектепке барса, оның 1850-і мектеп табалдырығын жаңадан аттаған 1 сынып бүдіршіндері. Жалпы, республика бойынша 7 400 мектепте 3,6 млн оқушы дәстүрлі форматта сабақ оқиды. Оның ішінде 380 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын бірінші рет аттап отырса, түлектер саны – 165 мың. Жыл бойында 3,6 млн оқушыға жалпы 367,7 мың мұғалім білім береді. Оның ішінде 12 мыңнан астам мұғалім еңбек жолын енді бастаған маман.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенованың айтуынша, «Эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл мектептерде оқу процесі күшейтілген медициналық бақылауды сақтай отырып ұйымдастырылды. Коронавирустық инфекциясының таралуын болдырмау үшін бірқатар шаралар қабылданды. Мәселен, облыстың барлық оқу орындары «Ashyq» жобасына қосылды, мұғалімдер вакцина алды, мектептер қорғаныш құралдарымен жабдықталды.

Ақбота Мұркатқызы
03 қыркүйек 2021 ж. 730 0