Ат тұяғын тай басар, жақсының ісі жалғасар
Бүгінде қоғамда өзіндік орыны бар ардагерлер ұйымы өңірдің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді атсалысып келеді. Елдің бірлігі мен ынтымағына, экономика мен әлеуметтік дамуына, жастарды адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу жолында сүбелі үлестерін қосуда. Бұл іргелі ұйым бүгінде өңірдегі барлық іс-шараларға бастамашы, сондай-ақ жанашыр аға буын өкілдері.
Ардагерлер ұйымы – Қазақстан Республикасындағы соғыс, еңбек және Қарулы Күштер ардагерлерінің қоғамдық бірлестігі болып табылады. Ұйым 1987 жылы 21 наурызда құрылған.
Ал, Шиелі өңіріндегі ардагерлер ұйымы осыдан 34 жыл бұрын құрылған. Ұйымды алғаш Ә.Исмаил 12 жыл өз деңгейінде басқарған. Одан кейін Ж.Ергешбаев, С.Ермекбаев, С.Ізтілеуов, Е.Әбішев, С.Оразымбет, А.Әбдірахмановтар аудан игілігі үшін аянбай еңбек еткен.
Сейсенбі күні аудан әкімдігінде ардагерлер кеңесінің аудандық VIII конференцияcы өтіп, күн тәртібіндегі басты мәселе жаңа құрамды бекіту болды. Атап айтар болсақ, ардагерлер ұйымының Пленум мүшелерін, ардагерлер ұйымының тексеру комиссиясын, облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті VІII конференциясына делегаттар сайлау.
Конференцияға ардагерлер кеңесіне мүше барлық делегаттар мен аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов қатысып, шараны ардагерлер кеңесінің орынбасары Ө.Исмаил жүргізді. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселеде ашық дауыспен А.Есмаханов, Н.Палымбет, Ө.Исмаил президиум мүшелері болып сайланды. Одан соң делегаттардың өкілеттіктері мен сапалық құрамын анықтау жөнінде конференцияның мандат комиссиясына кент ардагерлерінің төрағасы Б.Күлімбет, Бәйгеқұм ауылдық ардагерлер төрайымы З.Мұхамедиярова, кент ардагері Т.Ахметов сайланды. Мұнымен қоса, делегат мүшелері 60-тан 45-ке түсті. Алқа мүшелігіне 11 адам сайланды. Бұрынғы төраға А.Әбдірахаманов денсаулығына байланысты өз міндетінен бас тартуы себепті сайланған алқа мүшелері ардагерлер кеңесінің төрағасы мен орынбасарын қайта тағайындады. «Ат тұяғын тай басар» демекші, енді келелі мәселелердің басы-қасынан ауданға еңбегі сіңген ардагер, ұйымының ең алғашқы төрағасы Әзімхан Исмаилдың ұлы Өркен Исмаилды көреміз деген сенімдеміз.
ҚР Журналистер одағының мүшесі Өркен Исмаил бұған дейін де өзіне тапсырылған міндетті асқан жауапкершілікпен атқарып келген. Пайым-парасаты мен біліктілігінің арқасында №50 мектепте еңбек жолын ұстаздықтан бастап, ауданда ішкі істер бөлімінің саяси тәрбие жөнінде орынбасары, аудандық паспорт столының бастығы, аудан әкімінің әлеуметтік салалары бойынша орынбасары сияқты лауазымды қызметтерде жұмыс істеген. Мұнымен қоса, Шиелі аудандық «ХАҚ» КМК директоры, комсомол комитетінің бюро мүшесі, Шиелі, Жаңақорған аудандарының атынан депутат болып сайланған тұлғаның сондай-ақ, милиция подполковнигі деген шені бар. Одан бөлек шығармашылыққа жақын өнер иесі 30-дан аса ән жазған композитор. Бүгінгі оның туған жерге арнаған «Шиелім» атты өлеңі аудан халқының әнұранына айналған. Сондай-ақ, республикада тұңғыш милиция қызметкерлерінен «Жалын» ансамблін құрып, әлі күнге көркемдік жетекшісі болып жүр. Шығармашылыққа жақын жан екенінің тағы бір дәлелі аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторлығын абыроймен атқарған және бүгінгі таңда тұрақты автор. Осындай әр істің байыбына бара білетін, тәжірибесі мол ардагердің өскелең ұрпаққа берері мол, бағдарлайтын тұсы анық, үлкен-кішіге үлгі-өнеге бола алатынына сеніміміз кәміл.
Ақбота Баянбай