Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бөлінген қаржы тиімді игерілуі тиіс

Бөлінген қаржы тиімді игерілуі тиіс


Кеше аудан әкімі Н.Мақұлбековтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, сала мамандары, БАҚ өкілдері мен Zoom платформасы арқылы ауыл әкімдері қатысты.
Мәжілістегі ең маңызды мәселе 2021 жылдың 7 айында игерілген қаржының есебі болды. Бұл туралы аудандық қаржы бөлімінің басшысы Қанат Рахманбердіұлы баяндама жасады. Қаржыға келгенде бас қатырарлық мәселелер жетерлік. Нақтырақ айтар болсақ, биылғы жылдың жарты жылдық қорытындысы бойынша аудандық бюджеттің кірістері 107,7 процентке орындалған. Ал, шығыстар 99,9 процент атқарылып, 15 млн 621,1 мың теңге игерілмеген. Қаржы бөлімінің басшысы Қ.Рахманбердіұлының сөзіне сүйенсек, игерілмеген қаржының 13 млн 143,4 мың теңгесі Н.Бекежанов ауылына тартылатын газ құбыры және орамішілік газ тарту желілерін салу жұмысынан үнемделген қаржы. Ұлттық қордан бөлінген қаржы ұлттың игілігі үшін жұмсалса игі. Алайда, үнемделген қаржыны кейінгі айға шегеруге ұсыныс берілгенімен, бюджеттік бағдарлама әкімшілігі кері қайтарды. Осылайша, үнемделген ақша ілкімді іске жұмсалмады.
Қаржыны қисынмен жұмсап, бюджеттен бөлінген теңгені тиімді пайдалана алмаған ауыл әкімдері баршылық. Мәселен, Тартоғай ауылдық округінің әкімі Д.Сүйіндіков межені 68,9 процентке орындап, 17 млн 70,6 мың теңге қаржы игерусіз қалған. Оның 16 млн 767,9 мың теңгесі елді мекендегі автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмысының қаржысы болса, 255,7 мың теңгесі әлеуметтік қызметкердің еңбекақысынан үнемделген, 47,0 мың теңгесі аппарат шығындарынан үнемделген. Автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмысы бойынша келісім шарт жасалғалы 3 ай мерзім өткенімен, жұмыстардың орындалуын тапсырыс беруші тарапынан бақылауға алмауы салдарынан бөлінген қаржы игерусіз қалған.
Бұл тізімде Иіркөл ауылдық округінің әкімі О.Ержанов та бар. Негізгі межені 91,4 процентке орындап, 7 млн 223,6 мың теңге ұлттық бюджетке кері қайтарылған. Оның 7 млн 203,0 мың теңгесі елді мекенге балалар ойын алаңы мен төлқұжат орнату жұмысытарының қаржысы болса, 20,6 мың теңгесі аппарат шығындарынан үнемделген. Ал, бұл мәселеде қаржының игерілмеу себебін ауыл әкімінің еңбек демалысында болуымен байланыстырды.
Дәл осындай себепті 4 млн 50,1 мың теңге қаржысы игерілмей қалған Ақмая ауылдық округінің әкімі Б.Сағындықовтан да байқауға болады.
Межені 85,6 процентке орындаған Ақмая ауылына бөлінген теңгенің 4 млн теңгесі көше жарығы бағаналарын орнату жұмыстарының қаржысы болса, 50,1 мың теңгесі аппарат шығындарынан үнемделген екен. Айта кетейік, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін арттыру бағытында бөлінген бюджетті толық игере алмағандар тізімінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі де бар.
Мәжілістегі екінші мәселе бойынша «Вакцина егу жұмыстары туралы» Шиелі ауданаралық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әмір баяндама жасады. «Аудан бойынша жалпы 18-69 жас аралығындағы халық саны – 44062-ні құрайды. Соның ішінде – 38026-сы вакцина салуға жоспарға алынған. Жоспарланғандардың ішінде – 143 науқас короновирус жұқпалы ауруымен ауырған. Наурыз айынан бастап қазіргі таңға дейін ауданнан І компонентін алғандар саны – 21773/57,2 % құрайды, сырт жерден екпе алғандар – 787. Барлығы аудан бойынша 22560/59,3% салдырғандар – 16193/74,3% көрсетеді» – деді бас дәрігер. Елдегі ахуалды ескерген аудан әкімі Н.Мақұлбеков індетті өршітпеудің бірден-бір жолы екпе алу екендігін ескертіп, аудан халқына түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Үшінші мәселе «Ashyq» қосымшасы және мемлекеттік бағдарламалар аясында несиелендіру барысы» турасында болды. Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Азамат Есімов «2021 жылдың 1 тамызына тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 5 488 субъектіге жетіп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 114,6 процентке артты. Оның ішіндегі жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің саны 5132-ті құрап, 93,5 % жетті» деді.
Айта кетейік, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негізде «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 288 адам оқуға жолданып, 186 адам сертификат алған. 2021 жылдың 7 айында «Еңбек» бағдарламасы бойынша жобалық құны 271,1 млн теңгені құрайтын 64 жоба қаржыландырылған екен. Яғни, ауданда кәсіпкерліктің көкжиегі кеңіп келеді деуге негіз бар.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ,
Шапағат ТІЛЕУБАЙ
24 тамыз 2021 ж. 851 0