Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бюджет қаржысы тиімді игерілуі тиіс

Бюджет қаржысы тиімді игерілуі тиіс


Өткен аптаның соңынала аудан әкімінің мәжіліс залында VII шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті жетінші сессиясы өтті. Оған аудандық мәслихат депутаттары, тиісті сала басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібінде 6 мәселе көтерілді. Соның негізгісі 2020 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есеп болды. Яғни, былтырғы бюджеттен бөлінген қаржының игерілу барысы туралы баяндалды. Біз осы есептен өзімізше ой түйіп, ауданда қандай істер атқарылғанын және бұған қанша қаражат кеткенін сараптап көрмекке бекіндік.
2020 жылы Шиелі ауданын дамыту мақсатында 3 негізгі бағыт айқындалған көрінеді. Олар: экономика, әлеуметтік сала және инфроқұрылым бағыттары. Бұл аталған бағыттар бойынша өсім мен құлдырауды анықтау үшін тиісті басқарма өкілдері арнайы көрсеткіш индекаторын да дайындаған. Аудандық экономика және бюджеттік жос­парлау бөлімінің басшысы Дәуренбек Жакеевтің ­айтуын­ша «Облыстық экономика және бюджеттік жос­пар­лау» басқармасымен біріге отырып, негізгі 3 бағыттың көрсеткіштерін анықтайтын 23 индекатор белгіленген. Сондай-ақ, 2020 жылға күтілетін нәтижелер жос­пары жасалынған. Оған сәйкес, алғашқы бағыт ­бойын­ша өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіштері 170,0 процентті, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 103,6 процентті құрауы керек болған 2 индекаторда да нәтиже кем түскен. Олар «өңдеу өнеркәсібі» мен «ауыл шаруашылығы өнімін өндіру» саласының көрсеткіштері. Алғашқысында қорытынды көрсеткіш 119,4 процентті, екіншісінде көрсеткіш 102,7 процентті құраған. Яғни, өңдеу өнеркәсібіндегі нәтиже 50,6 процентке, ал ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде нәтиже 0,9 процентке кем түскен. Бұлай болуының себебі 2020 жылы «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС жобаға 2 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап, пандемияға байланысты бұл сомма 350 млн теңгеге дейін кеміп қалған. Ал, ауыл шаруашылығына келер болсақ, көрсеткіштің кем түсуінің себебі аяқ судың тапшылығына байланысты екен. Сондықтын биыл 10 гектардай аумаққа суды көп қажет етпейтін басқа дәнді-дақылдар егіліп, кемшілікті қайталамау мақсаты қойылып отыр. Бұл атап өткендеріміз межені дәлдей алмаған салалар. Саны көп болмағанымен ауданымыздың экономикасы мен әлеуеті үшін өте үлкен маңызға ие деуге болады. Сондықтан біз алдымен кемшін тұсымызға тоқталуды жөн көрдік.
Бұлардан бөлек межені дәлдеп, тіпті көрсеткіштерді артығымен орындаған әлеуметтік саланы айтпай кету мүмкін емес. Мысалға, ауданда білім беру саласына байланысты көптеген мәселелер оң шешімін тапқан. Үш ауысымдық, авариялық мектептер мәселесі толығымен шешіліп, мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемелерімен қамту 100 процентті құраған. Денсаулық сақтау саласында 100 мың адамға шаққанда аналар өлімі, 1 мың балаға шаққандағы нәрестелер өлімі айтарлықтай төмендеп, жоспарланған көрсеткіштер орындалған. Екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыздарға келер болсақ, олардың саны да төмендеп 4,9 процентті көрсеткен. Мәдениет пен спорт саласында да өсім бар. Себебі халықты спорт алаңдарымен қамтамасыз ету мақсатында ауданымызда алаңдар көптеп соғылуда. Соның арқасында бүгінде аудан бойынша 1000 тұрғынның, 363-і спорттық алаңдарда жаттығуға мүмкіндік алды.
Ал, аудандық бюджеттің жайына тоқталсақ, қаржы бөлімінің басшысы Қанат Рахманбердіұлының сөзінше 2020 жылы ауданның кірістерінің болжамы 22 млрд 363 мың теңге болып бекітіліп, кейіннен қажеттіліктерге байланысты ол 25 млрд 330 мың теңге болып түзетілген. 2021 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіштерге сенсек, кірістер 102,1 процентке орындалған. Ал, шығындарға қатысты болжам 27 млрд 251 мың теңге болып бекітіліп, 2021 жылдың алғашқы күні 27 млрд 251 мың теңгеге орындалған. Яғни, 120 мың теңге қаржы игерілмей қалған. Сондай-ақ, салықтық түсімдер 121,1 процентке, салықтық емес түсімдер 437,3 процентке, капиталды сатудан түсетін түсімдер 204,5 процентке артығымен орындалған. Оның ішінде мемлекеттік сатып алудан 90 729,3 мың теңге, аудан резервінен 9017,2 мыңге үнемделген.
Жалпы былтыр пандемияға қарамастан, атқарылған жұмыстардың көрсеткіштері жаман емес. Әрбір салада өсім мен ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Бүгінгі мақаламызда бірқатар саланың кем-кетігін атап, жетістігін сөз қылуға тырыстық. Сандар тек оң өзгерістерді көрсетіп тұрғанымен, бюджеттің қаражатын құр игеріп қана қоймай, тиімді жұмсаса дейміз.

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
18 мамыр 2021 ж. 550 0