Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сайлау сәтті өтті

Сайлау сәтті өтті


Шырт ұйқыдан телефонның шырылы оятты. Безіл қаққан ұялының дыбысын бәсеңдету үшін сығырая смартфонға үңілдім. Таңғы сағат 06:00. Сол мезетте есіме №273 сайлау учаскесіне баратыным сап ете қалды. Асығып Талаптан ауылдық округінің әкімін сайлау науқанына қарай аяңдадым...
Таңмен таласа тұрған ауыл ақсақалдары да сая­си науқанға қарай бет алыпты. Бағытымыз бір болған соң, сайлау жайлы сөз қозғай бастадық. «2021 жылы тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында айшықтала жазылып қалатын болады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы ауыл әкімдерін сайлау туралы сындарлы ұсынысын жасаған болатын. Соның негізінде тұңғыш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтуде. Енді оған ауыл халқы да белсенділік танытуы керек» деді ауыл ақсақалы. «Иә, бұл бастаманы ел болып қоштап отырмыз. Президент айтқандай, болашақта аудан басшылығына да сайлау әдісі қолданылса дейміз. Меніңше, бұл демократиялық құндылықтарды бетке ұстаған Қазақстан қоғамы үшін өте қажет дүние. Осылайша халықтың үніне құлақ асатын мемлекет пайда болады» деп қоштады енді бірі. Осы сөз аяқталамын дегенше, сайлау үйіне де таяп қалыппыз. Сайлау үйіндегі қаз қатар тізілген бақылаушылар сайлаудың әділ өтуін бақылап отыр. Қазіргі кезде елімізде індеттің өршіп бара жатқаны айтпасақ та белгілі. Сондықтан, сайлауда сақадай сай санитарлық сақтық шаралары қолға алынған. Сайлауға келген әрбір тұрғын бетперде таққан. Жалпы, бұл облыста екі ауылда сайлау өткен болатын. Соның бірі – Шиелі ауданына қарасты Талаптан ауылдық округі. Бұл ауылдық округті 3676 халық мекен етсе, оның 2244-і сайлау­­шылар тізімінде. Жексенбілік демалыста ауылдағы ағайын саяси шараға бір кісідей атсалысып, әділ таңдау жасауға асықты. Сайлаушылардың жүзінен ертеңгі күнге деген сенім, ауылды дамытуға деген құлшыныс байқалып тұр.
Ауылдағы жұртшылық күнделікті дала жұмыстарымен жүріп, саяси науқандардан шет қалып жүруші еді. Бұл жолы олай болмады. Тұрғындар өз өңірін дамытамын, гүлдендіремін деген үміткерлерге дауыс берді. Бір орынға екі үш адамның таласқа түсуі шын мәнінде, сайлаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Шын мәнінде ел мен жердің жайын жақсы білетін азамат өз ауыл әкімі болып жұмыс істесе ісі өнімді, еңбегі нәтижелі, шаруасы да оңды болатыны сөзсіз. Сондай-ақ, сайлауға алғашқылардың бірі болып келген 85 жастағы Серікбай Жанқошов өз таңдауын жасап, ақ батасын берді. Ол өзінің өмір жолын туған ауылымен ұштастырып, талай жыл ел игілігі жолында қызмет еткен еңбек ардагері бірінші болып дауыс бергені үшін сыйлыққа ие болды.
– Биылғы сайлау бұрынғыдан өзгерек. Себебі, әкімдерді халық өзі сайлауда. Кім әкім болса да, халықпен ортақ тіл табысып, ауылдың көркеюі үшін аянбай жұмыс істейтін басшы келеді деп сенеміз – деді, ол. Науқанға Талаптан ауылынан әкім болуға екі кандидат ұсынылды. Атап айтар болсақ, Бекболат Еламанұлы мен Амангелді Шералыұлы додаға түсті. Сондай-ақ, үш газель көлігі ауыл тұрғындарының сайлауға қатысуы үшін ақысыз қызмет көрсетті.

Шапағат Тілеубаев

03 тамыз 2021 ж. 487 0