Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сайлау – 2021: Саяси жаңғырудың жаңа кезеңі

Сайлау – 2021: Саяси жаңғырудың жаңа кезеңі


Ауыл әкімдерін сайлау – саяси жаңғырудың жаңа кезеңі. Осы кезеңнен бас­тап бізде «ауыл әкімі» дейтін тағы бір сайланбалы лауазым пайда болды. Осы уақытқа дейін Қазақстанда бір ғана сайланбалы лауазым болған еді. Ол – ҚР Президенті. Кешегі өткен сайлаудың ерекшелігі – азаматтардың ауылдық аумақтарды дамытуға қатысуын кеңейту. Енді жергілікті маңызы бар мәселелерді тікелей ауыл тұрғындары шеше алады. Сондай-ақ, саяси партиялар үшін де, белсенді азаматтар үшін де саяси бәсекелестікті дамытуға жақсы мүмкіндік туды. Яғни, өзін-өзі ұсыну тәжірибесі дербес азаматтарға бақ сынауға жол ашты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа бастамасының бірнеше ерекшелігі бар. Бұған дейін ауыл әкімдері жанама дауыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депутаттарының шешімі арқылы сайланып келген. Енді елді мекеннің басшысын тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы анықтады. Жалпы, дамыған елдерде мұндай тәжірибе көптен бері қолданылып келеді. Мәселен, АҚШ-та губернаторлар, қала мэрлерінен бөлек, елді мекендердің басшыларын дауыс беру арқылы айқындайды. Тіпті мұхиттың арғы жағындағы жергілікті үндіс тайпаларының көсемдері де сайланып қойылады. Жаңа Зеландияда да аймақтық, ауылдық әкімдерді тұрғындар сайлайды. Ендеше, Мемлекет басшысы ұсынған бастаманы шетелдік тәжірибеге сүйене ­отыр­­ып жүзеге асыруға мүмкіндік мол.
Жалпы, тарих парақтарын ақтарсақ, «сайлауға» қазақ қоғамының айрықша мән бергені жайлы көп айтылады. Ұлы Абай шығармаларында «Болыс сайлауы», Алаш арыстарының жазбаларында «Дума сайлауы» туралы кең түрде жазылып, сайлауға білімді де білікті, халық алдында беделі бар тұлғалардың қатысқаны туралы деректер келтіріледі. Олай болса бұл жолғы сайлау да біздер үшін таңсық емес.
Халық сенім артқан күн
Шілденің 25-і. Таңсәріден сайлау учаскелеріне қарай ағылған адамның қарасы қалың. Олар білім-білігімен ауылдың әлеуетін арттыратын әкімін сайлауға асығып барады. Ел тарихындағы алғашқы саяси науқанның әрбір ауыл тұрғыны үшін маңызы зор екені даусыз. Ал, жалпылама мәліметке көз жүгіртер болсақ, облыс көлемінде 25 шілде күні 40 округ бойынша ауылдық округ әкімдеріне дауыс беру науқаны жүргізілді. Сайлау учаскелері бойынша 36071 азамат сайлаушылар тізіміне енгізіліп, оның 30149-ы (83,58%) дауыс беруге қатысты. ­Сая­си науқанда облыс бойынша 122 үміткер бақ сынап, 40-ының мерейі үстем болды. Оның ішінде «Nur Otan» партиясы – 30 адам, «Ауыл» ХДПП – 2 адам, «ADAL» ПП – 2 адам, Қазақстан халық партиясы – 1 адам ұсынса, 5 үміткер өзін-өзі ұсынған.
Ал, Шиелі ауданы бойынша 12 кандидат дауысқа түсті. Ауылдық округтер бойынша 4225 адам сайлаушылар тізіміне енсе, оның ішінде сайлау бюллетеньдерін 3324 адам алды.
Яғни, ауыл халқының 77,6 проценті дауыс берді. Майлытоғай ауылдық округі әкіміне 3 үміткер бақ сынаса, ең жоғарғы 147 (79,1%) дауыс Жандос Әбеновтің еншісінде. Ал, Мұрат Аманқұлов 34 (18,3), Азамат Есімов 5 (2,7%) дауыс жинады. Одан кейінгі Жөлек ауылдық округіндегі сайлауда ауыл халқы ең көп 537 (65,3%) дауысты Мейірбек Жолдасбековке берді. Келесі үміткер Ермек Тажиков 239 (27,3%) дауыс, Дәулет Баймағанбетов 65 (7,4%) дауысты еншіледі. Саяси науқанда ортақшылдықтардың сеніміне ие болған Жақсылық Ноғайбаев 387 (54,8%) дауыс жинап, үміткерлер ішінен озық шықты. Ал, Серік Кенжесариев те 322 (45,8%) дауыс жинап ауылдың экс әкімімен үзеңгілес келді. Үшінші үміткер Айзат Өтегенова 7 (1%) дауысты иеленді. Қорытынды ұпайға тағы бір зер салсақ, Жуантөбе ауылдық округі бойынша халық таңдаған Бақытжан Терлікбаев 688 (46,7%) дауысқа ие болса, оны өкшелеп Әділбек Бегайдаров 676 (45,9%) дауыс жинады. Келесі үміткер Бақытжан Бәйділдаев 108 (7,4 %) дауысқа ие болды.
Тарихи маңызы бар сайлау науқанына ауыл халқы белсенділік танытып, туған жердің өркендеуі жолындағы маңызды қадамды жасады. Мәселен, Жөлек ауылдық округінде №275 сайлау учаскесінде ең алғашқылардың бірі болып дауыс берген Ажарбибі Серікбаева «Мен өзімнің жүрек қалауыммен таңдаған үміткерге дауыс бердім. Жарқын болашақ – жастардың қолында. Еліміздің ертеңі үшін қолымыздан келгенді аянбау­ымыз керек. Менің таңдауым – маңызды, өзімді Отанымның патриотымын деп есептеймін – деді, ол. Айта кетейік, Жөлекте алғашқы болып дауыс берген адамдарға сый-сияпат ұсынылды.
Сайлауда сақтық шаралары да қатаң сақталды. Маскалық режим, арақашықты сақтау, жұқпалы дертке шалдыққан жандарды үйіне арнайы барып, аулада дауыс беруіне жағдай жасау сынды дүниелерде ескерілді. Себебі, дәл қазіргі уақытта жұқпалы індет қайтадан індеп барады. Қазақстанның 16 аумағы «Қызыл» аймаққа өтті. Қандай жағдай болса да ауылдың өсіп-өркендеуін қалайтын Жуантөбе ауылдық округінің тұрғыны, ардагер ұстаз, ауданның «Құрметті азаматы» Айжамал Әбдіхамитова да өзі сенім артқан үміткерге дауыс берді.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл оқиға «Қазақстан тарихындағы маңызды кезең» болып табылады. Бұл Президенттің саяси реформалар пакетінің тағы бір түйінді бастамасы, ол іс жүзінде табысты іске асырылуда. Сайлау барысында халықтың жоғары белсенділігі байқалды. Сондай-ақ, сайлаудың жоғары ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Бірінші кезекте ол азаматтардың қауіпсіздігіне бағытталған. Сайлау учаскесі санитарлық қорғау шараларымен жабдықталған.Сондай-ақ, ел халқының 40%-ке жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Ауыл тұрғындарының өз сұраныстары мен қажеттіліктері бар, олар қала тұрғындарының қажеттіліктерінен өзгеше. Сондықтан, ауыл тұрғындарының ауыл мәселесін білетін және оны шеше алатын әкімді өздері таңдауы дұрыс деп санаймын – деді, А.Әбдіхамитова дауыс беру науқанында.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ


27 шілде 2021 ж. 608 0