Грантқа түсуге 6 қадам: БҒМ талапкерлерге құжат тапсырудың жолын түсіндірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің «БҒМ LIVE» жобасының тікелей эфирінде БҒМ жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев грантқа түсуге өтініштер қабылдау eGov порталы арқылы жүргізіп жатқанын айтты.
Құжат тапсыру кезінде 6 қадам орындалады. Осы ретте Әділет Тойбаев ол қандай қадамдар екенін түсіндіріп берді.
Алдымен талапкердің негізгі мәліметі толтырылады. Яғни аты-жөні, телефон нөмірі, поштасы. Екінші қадамда білім туралы мәліметті көрсетеді. Бұл негізінен автоматты түрде толтырылады. Егер барлық құжат дұрыс болса, бірінші қадамды толтырғаннан кейін бітірген мектептің атауы, аттестаттың нөмірі автоматты түрде шығады. Егер қате кетсе, онда қайта қолмен толтыруға да мүмкіндік бар. Екінші қадамда аттестаттың нөмірін, одан бөлек халықаралық сертификат болса, оны да көрсетуге болады. Сонымен қатар маңызды этап – ол талапкерлер бағаларының саны. Яғни аттестатта көрсетелген бағаларды көрсету қажет. Бұл - маңызды ақпарат. Себебі ол дұрыс толтырылмаса, талапкердің өтініші қабылданбай, кері қайтарылады, - деді ол.
Үшінші қадамда әр талапкер өзінің көрсеткіштерін көрсетеді. Яғни «Алтын белгі», олимпиададағы жеңістері туралы ақпарат береді.
Төртінші қадамда егер талапкер белгілі бір квотаға сәйкес болса, онда оны растайтын құжаттарды жүктейді. Негізгі қадам – бесінші қадам. Мұнда әр талапкер өзінің қандай ЖОО-ға түскісі келетіні, мамандығын көрсетеді. Ол формат өзгерген жоқ. Алдыңғы жылдағыдай 4 ЖОО мен 4 мамандықты белгілей алады. Ең соңында өтініш беруші ЭЦҚ-ның көмегімен немесе Sms-хабарлама арқылы келген құпия сөзді пайдалана отырып, өтінішке қол қояды, - деп атап өтті Әділет Тойбаев.
Ол 16 шілдеден бастап 100 мыңнан астам өтініш түскенін айтты. ЖОО-лармен бірлесіп 60 мыңнан астам өтініш өңделіп, Ұлттық тестілеу орталығына жіберілді. Айтуынша, бұл өтініштер дұрыс толтырылған және конкурсқа қабылданды. https://baq.kz/