Ертең грантқа түсуге құжаттар қабылдау аяқталады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің «БҒМ LIVE» жобасының тікелей эфирінде БҒМ жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев грантқа түсуге өтініштер қабылдау 25 шілдеде аяқталатынын айтты.
Республикада 16 шілдеден бастап мемлекеттік білім беру гранттарына құжаттар қабылдау басталды. Бірнеше күннен бері құжаттар eGov порталы арқылы қабылданып жатыр. Қабылдау науқаны 25 шілдеге дейін жалғасады. Соңғы күндер қалды. Сол себепті әлі құжаттарын тапсырып үлгермеген талапкерлер болса, онда eGov порталы арқылы құжаттарды тапсыруға шақырамыз, - деді ол.
Департамент директоры егер қандай да бір мәселелер туындап жатса, онда ЖОО-ға хабарласуға болатынын айтты.
Бұл университеттерге тікелей барудың қажеті жоқ. Денсаулыққа қауіп төндірмеу мақсатында әр ЖОО-да виртуал қабылдау комиссияларының жұмысын атқарып отырмыз. Бұл осымен екінші жыл қатарынан жүргізіліп келеді. Сонымен бірге әр ЖОО-да Call-орталықтары бар. Сондықтан тікелей виртуал қабылдау комиссиялары немесе Call-орталықтар арқылы қажетті ақпараттарға қол жеткізуге болады, - деп түсіндірді Тойбаев.
Айтуынша, егер eGov порталы арқылы құжат тапсыру кезінде қиындық туса, онда әр ЖОО-ның виртуал хатшысы талапкермен бірге өтініш бере алады. Яғни талапкермен бірге тиісті қадамдарды орындап, құжатты тапсыруға көмектеседі. https://baq.kz