Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық кеңесте кезек күттірмейтін мәселелер көтерілді

Қоғамдық кеңесте кезек күттірмейтін мәселелер көтерілді


Қоғамдық кеңестің келелі отырысы тағы да жалғасын тапты. Бұл жолы кезек күттірмес көптің көкейіндегі мәселелер қозғалды. Атап айтар болсақ, аудан тұрғындарын баспанамен қамту, ана мен бала тағдырына маңыз беру, спорт саласын жандандыру сынды дүниелер күн тәртібінің басты тақырыбына айналды.
Қоғамдық кеңес төрағасы П.Архабаев бастаған кеңес мүшелері халықтың мұң-тұқтажына құлақ түруден жаңылған емес. Тіпті, апта, ай сайын ауыл-ауылды аралап, күрмеулі мәселелерді кеңесте талқылап, шешудің жолдарын қарастырып келеді.

«Бақытты отбасы» бағдарламасының бақыты неге бұйырмай жүр?
«Бақытты отбасы» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын бағамдамақ болған қоғамдық кеңес мүшелеріне Шиелі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қатардағы маманы толық ақпарат жеткізе алмағаннан болар, келесі отырыста бөлім басшысының міндетін атқарушы тікелей өзі қатысуын талап етті. Себебі, аудан халқы аталған бағдарламаның бақытын сезінбек түгілі, әлі толық түсіне де алмай жүр. Халық арасында түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарын жүйелі қолға алуды ұсынған кеңес мүшелері бұл мәселе алдағы уақытта назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Айта кетейік, «Бақытты отбасы» бағдарламасы табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған несиелендіру бағдарламасы болып табылады. Оған кезекке тұру үшін соңғы 6 ай көлемінде отбасының әр мүшесіне келетін айлық табысы 3,1 күнкөріс минимумынан артық емес, яғни 106 336 теңгеден аспауы керек. Сондай-ақ, оған көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары, толық емес отбасы санатындағылар қатыса алады.
– Аталған бағдарлама аясында 2019-2020 жылдары 26 азамат тұрғын үймен қамтылса, 2021 жылдан бастап 14 өтініш «Бақытты отбасы» бағдарламасының талаптарына сәйкес келетіндігі анықталды. Алдағы уақытта өтініш берушілер тарапынан үй іздеу, таңдау сияқты тиісті жұмыстар жүргізу арқылы баспанамен қамту жоспарлануда, – деді сала маманы.
Баршаңызға белгілі 2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында Көкшоқы мөлтек ауданында көпқабатты 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Мемлекет ашықтық пен жариялылыққа басымдық беріп, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге белін бекем буып отыр. Алайда, сол көпқабатты 18 пәтерлі тұрғын үйді кімдер алды, қашан алғаны туралы қолжетімді ақпараттың жоқтығын қатаң сынға алды қоғамдық кеңес мүшелері. Оған қоса соңғы жылдары кент ішінде мемлекеттік жаңа құрылыс нысандары бой көрсетпеуінің себебін де сұрады. Жалпылама есепті емес, нақты, ашық ақпарат, атқарылған жұмыстың нәтижесі сұралған отырыстың қысқаша бағыты осыған саяды. Басытысы сын айтылды. Ендігі жерде мін түзелсе жарар...

Ана мен баланың амандығы керек
Күн тәртібіндегі кезекті мәселе «Денсаулық» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы және ана мен бала өлімінің алдын алу. Бұл туралы аудандық ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі бас дәрігер орынбасары Г.Сүлейменова баянадама жасады. 6 айдағы көрсеткішке сүйенсек 1162 шақалақ дүние есігін ашса, 8 сәби өлімі тіркелген екен. Бұл биылғы жылғы көрсеткіш. Ал, 2020 жылы 957 сәби дүние есігін ашса, 9-ы шетінеп кеткен.
Ауданда ана мен бала төңірегінде мәселе жетерлік. Мәселен, бала туылғаннан кейін 3 күнде бір тексеру үшін дәрігерлер үй аралауды сиретіп барады. Бұл халық арасындағы арыз-шағым. Тіпті, оны көзбен де көріп жүрміз. Жаңа туған сәбиін құшақтап аурухана есігін тоздырып жүрген аналар көп. Осы мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырған қоғамдық кеңес төрағасы П.Архабаев ана мен бала тағдырына бейжай қарауға болмайды деп ескертті.
Дүниеге сәби әкелу, ұрпақ жалғау, халық санын көбейту кез-келген мемлекеттің ең бірінші басымдық беретін бағыты. Олай болса, аудандық ауруханадағы 12 акушер-гинекологқа артылар міндеттің де салмағы жеңіл емес. Олардың қателесуіне болмайды. Себебі, олардың қолында қос тағдыр тұр. Сондай-ақ, бұл күндері ана бақытына қол жеткізе алмай жүрген жандардың саны да артып келеді. Мәселен, ауданда 190-ға жуық әйел бала сүйе алмай отыр. Сондықтан, ауданға белгілі, білікті акушер-гинекологтарды шақыру, ем-дом жүргізу, тәжірибе алмасу сынды дәрігерлік білімді жетілдіру жұмыстарын да жандандыру мәселесі тапсырылды.
Аудандық ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Г.Сүлейменова ««Тәжібаев», «Алғабас» дәрігерлік амбулаторияларының ғимараты өте ескі. Онда жүкті әйелдер мен балаларға арналған арайы бөлме жоқ. Осы мәселенің оң шешімін табуға ықпал жасасыңыздар» деген ұсынысын білдірді. Сондай-ақ, ерте жүктілік, яғни 15-17 жас аралығындағы бойжеткендердің құрсақ көтеруі өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге өскенін тілге тиек етті. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылы 2 ерте жүктілік есепке алынса, биылғы жылы 7-і есепте тұр.

Кентке үлкен спорт кешені керек
«Шынықсаң шымыр боларсың» дейді дана қазақ. Иә, шыныққанның дені де сау. Әрі еліміздің көк байрағын көкке көтеретіндердің бірі де – спортшылар. Алайда, ауданның абыройын асқақтатып, әлемдік биікті бағындырып келген спортшыларымызға лайықты қолдау танытып жатырмыз ба? Неге олардың суретін кенттің көрнекті жерлеріне билбордқа шығарып ілмеске?
Шиелі ауданы бойынша 26 155 адам спорттың 24 түрімен шұғылданады екен. 3 спортшы ҚР құрама командасына енген.Жыл басынан бері аудан спортшылары республикалық жарыстар мен Қазақстан Республикасының чемпионаттардан 14 алтын, 13 күміс, 7 қола, облыс біріншілігінен 55 алтын, 23 күміс, 52 қола, республикалық турнирлерден 11 алтын, 4 күміс, 22 қола медаль иеленген. Бұл туралы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басышысы Н.Сапарбай баяндады.
Сонымен қоса, қоғамдық кеңестің талқысында ауданда ауданаралық жарыстар ұйымдастыру деңгейі төмендігі айтылды. Сондай-ақ, өткізілген шараларды ақпараттандыру, спорт саласының майталмандарын, білікті бапкерлер мен даңқты спортшыларды ауданның «Құрметті азаматы» атағына ұсыну мәселесін де бір ізге қою тапсырылды. Ал, аудандық спорт бөлімінің басшысы ауданда иппадромның жоқтығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ауданның теріскей бетінен үлкен спорт кешенің құрылысын жүргізуді ұсынды.
Кеңесте көтерілген мәселелер хаттамаға жазылып, алдағы күндері түйіткілдің түйінін тарқату жұмыстарына кірісетін болды. Осылайша, ел жадында жүрген мәселелер талқыға түсіп, таразыланды. Олай болса оңды өзгерістің ауылы алыс емес деп сенеміз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
16 шілде 2021 ж. 536 0