Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қараусыз мал – қарақшыға олжа

Қараусыз мал – қарақшыға олжа


Қараусыз мал – қарақшыға олжа. Өрісте иесіз жүрген төрт түліктің ұрылардың құрығына ілінгені туралы жыл басынан бері 12 дерек тіркелген. Бұл туралы бұрнағы күні Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Шиелі АПб бастығының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары Мақсат Маратұлы айтты.
– Бүгінгі таңда өзекті тақырыпқа айналып отырған мәселе – мал ұрлығы. Аудан бойынша мал ұрлығына қарсы күрес жұмыстары, малды сату және тасымалдаудағы заңдылықтың сақталуы, ұрлық малды заңсыз жерде сою, заңсыз ет өнімін сатуға қатысты тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алайда, әлі де болса, өзінің жеке малдарына жүрдім-бардым қарайтындығы, тұрғындар тарапынан кейбір жағдайларда мал ұрлығының алдын алуға бөгет болуда, – деді М.Баймағанбетов.
Жоғарыда атап өткеніміздей, жыл басынан бері ауданда өрістен мал ұрлаудың 12 дерегі тіркелген көрінеді. Бұл мәселені шешу үшін аудан көлемінде 4 бағытта мобильді топ құрылып, тәулік бойын­да рейдтік шаралар жүргізуде. Рейдтік шаралардың көмегімен құжатсыз мал тасымалдаудың 20 дерегі, ішкі істер органдарында тіркелмеген атыс қаруларын алып жүрудің 17 дерегі анықталған. Малды құжатсыз тасымалдаған азаматтардың барлығына әкімшілік шаралар көрілген. Сондай-ақ, рейдтік шаралардың арқасында мал ұрлығының бір дерегі анықталып, аталған жағдайда малдың сырғасы мен тасымалдау құжатындағы сандар сәйкес келмейтіні белгілі болған.
Ал, қараусыз жүрген малды көлік қағу деректеріне тоқталсақ, жыл басынан бері бұндай оқиғалардың 14 дерегі тіркеліп, оның 11-і анықталды. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін 376 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жол бойындағы сан мыңдаған тағдырдың қауіпсіздігін де қаперге алмасқа болмас. Себебі, қас қарайып, қараңғы түскенде жол бойына шыққан малды жүргізуші де көрмей қалып жатады. Ал, осындай дерекпен қаншама бауырымыз қапияда қаза тапты.
Әр жыл сайын Шиелі кентін көркейту-көгалдандыру бағытында мыңдаған көшеттер отырғызылуда. Оған миллиондаған қаржы да жұмсалады. Алайда, кент ішінде кезіп жүретін иесіз малдар көгерген көшетті жеп, кент көркіне зиянын тигізуде. Сондай-ақ, жиналған қоқыстарды шашып, тазалықшылардың жұмысын да кері тартуда. Мал ұрлығымен күресу барысында жалғыз құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз. Төрт түліктің, негізінен, жайылымдарда жоғалып кететінін ескерсек, ауыл халқының малға күзетті күшейткені абзал. Тәртіп пен талап қатар қолға алынбаса мал ұрлығын тыю да қиынға соқпақ.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
16 шілде 2021 ж. 553 0