Қылмыс 22 %-ке төмендеген

Ауданда жыл басынан бері жүргізілген рейдтік шаралардың көмегімен 12 есірткі алқабы анықталып, азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр. Мал ұрлығының көбеюіне байланысты қорадан мал ұрлау деректері анықталған жағдайда ауыр қылмыс санатына жатқызылып, қылмыскерлер жауапқа тартылған. Ал зардап шеккен мал иелерінің шығындары қылмыскерлерден алдағы уақытта өңдірілетін болады. Осы жылы мүдделі органдармен бірлесіп, мал ұрлығына қарсы іс-қимыл жоспары бекітіледі, соған сәйкес құзыреттілік аясында қосымша ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар аудандық прокуратураның бастамасымен аудан көлемінде қылмысқа бейім адамдар тізімі түзеліп, олар 3 санатқа бөлінген. Қылмысқа бейім азматтар жасыл, сары, қызыл санатқа бөлініп, оларға жатқызылатын санатына қарай бақылау жүргізілетін болды. Бұл шаралар ішімдік пен есірткіге бейім азаматтардың жасаған қылмысын қайталауына кедергі жасау үшін ұйымдастырылып отыр.
Алаяқтық қылмысы түрі де белең алып барады. Мысалға 2020 жылы 17 алаяқтық қылмыс тіркеліп, оның басым бөлігі жұмыспен қамтумен байланысты болған. Мысалы, мектепке жұмысқа орналастырамын деген желеумен бірнеше адамның сеніміне кіріп, алдап ақшасын иемденгені үшін кент тұрғыны 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаға сотты болды. Аудандық прокаратура мұнымен тоқталып қалмай пробациялық бақылауда тұрған 32 жұмыссыз азаматты толықтай жұмыспен қамтыған.Қылмыстардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта да профилактикалық шаралар мен рейдтік шаралар көптеп жүргізілетін болады.
Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ