Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ХАЛЫҚТЫҢ МӘСЕЛЕСІ – ДЕПУТАТ НАЗАРЫНДА

ХАЛЫҚТЫҢ МӘСЕЛЕСІ – ДЕПУТАТ НАЗАРЫНДА

Шілденің 10-ы күні Қазақстан Халық партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Берік Шайнуров, партияның облыстық филиалының Бюро мүшесі Мұрат Смайлов, заңгері Мейрамбек Оспан және филиал белсендісі Гүлнұр Мұхамедияр Шиелі ауданына арнайы іс-сапармен келді. Ондағы мақсат – бұқара мен билік арасында байланыс орнатып, халықтың мұң-мұқтажын білу.
Қазақстан Халық партиясы ең әуелі халықтың тегін білім, сапалы медицина қызметіне қол жеткізуін көздейді. Сондай-ақ, әрбір қазақстандықтың баспаналы болуы үшін жер телімдерін тиімді пайдалану, зейнет жасын қысқарту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды талап-мақсатты алға қойып отыр. Әділетті әлеуметтік қоғам құруды көздейтін Қазақстан Халық партиясының халық қалаулылары ауылдағы ағайынның ахуалын қаперге алды.
Шиелі ауданына арнайы келген қонақтарды Қазақстан Халық партиясының Шиелі ауданы филиалының төрағасы, мәслихат депутаттары Ә.Алдияров пен «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет қарсы алды. Ең әуелі олар жұмысты тұрмысы төмен отбасы­ларды азық-түлікпен қамтамасыз етумен бастады. Кент тұрғыны С.Айтбаева 3 баласымен жалдамалы пәтер жағалап жүрген ана. Жалғыз жолдасының жалақысымен жан бағып отырған отбасының жағдайы азық-түлік алуға келе бермейді. Оның үстіне базардағы баға да қалтаға қонымды емес. Осы сынды отбасыларға көмек қолын созған Қазақстан Халық партиясының мүшелері одан әрі Бәйтерек ауылдық округі мен Қарғалыға қарай бағыт алды.

Бәйтеректіктер бір мәмілеге келе алмаған мәселе
Жуырда ғана газет бетінде Шиелі ауданында қатынайтын қоғамдық көліктердің келісім-шарттағы өкілеттік мерзімі аяқталғанын жариялаған болатынбыз. Осыған орай, жол ақысында да өзгерістер болды. Оның басты себебін мердігер компаниялар жанар-жағар майдың және автобөлшектердің қымбаттауымен ұштастырып отыр. Ал, Бәйтеректегі ағайын кент пен ауыл арасында қатынайтын қоғамдық көліктің бағасы 70 теңгеден бірден 100 теңгеге көтерілуіне наразылық білдіруде. Ауыл тұрғыны Қалияш Тұрсынова «Мердігер С.Шорабаев ең алдымен осы ауылдың азаматы. Сондықтан халықпен кеңесіп шешім қабылдауын сұраймыз. Ауылдағы ақсақалдардың батасын алып, 80 теңгемен жүруге келісім берген еді. Алайда, сөзінен ауытқып, 100 теңге болмаса мүлдем қоғамдық көлік қатынамайтынын айтты» – дейді. Ортақ бір мәмілеге келе алмаған ауылдастардың бұл мәселесін ауыл депутаты Ә.Алдияров қойын дәптерге түртіп, шешімін табуға септігін тигізетінін жеткізді.
Тағы бір айта кетер мәселе – ауылдағы ескі мектеп ғимараты. Онда бүгінгі таңда 19 отбасы тұрады. Апатты ғимаратты мекен еткен Шапағат Бекжігітова үреймен өмір сүруде. Қас қарайса жын-ойнаққа айналатын бұл жерде маскүнем әйелдер де тұрады. Ішкімдікке сылқия тойып алған еркектер де түнімен тыныштық бермейтін көрінеді. Өрімдей қыздары өсіп келе жатқан ана балаларына зиян тиіп кетпесе екен деп шырылдады. Одан қалды дертке шалдыққан баласын құшақтап, ауруханалардың есігін қағумен жүр. Баласына 20 ота жасалуы керек. Алайда, бүгінгі күні оның тек екеуі ғана жасалды. Оған да қаржы керек. Тіпті, Бәйтерек ауылдық амбулаториясынан өзіне тиесілі тегін дәріні ала алмай келеді. Ауылдағы дәрігерлердің жауапсыздығына күйінген ол осы мәселелердің шешімін табуды Қазақстан Халық партиясының мүшелерінен өтінді. Ал, ауыл тұрғындары жүрісінен тұрысы көп жедел-жәрдем көлігінің ескіргенін және ауыл әкімдігінің ғимаратын жаңартуды сұрады. Сондай-ақ, апатты жағдайда тұрған көпірді ертерек жөндемесе, қайғылы оқиға орын алуы мүмкін десті.
Қарғалылықтар қуаңшылықтан қауіптеніп отыр
Иә, Қарғалының халқы аяқ су мәселесін айтып, кезінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа да барған. Алайда, тарқатылған түйін жоқ. Керісінше жыл сайын жері сор тартып, қуаңшылыққа айналып барады дейді ауылдағы қариялар. «Айта-айта – Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, бұл мәселені сан мәрте көтеріп шаршаған тұрғындар «шетте қалған ауыл жетім баланың күйін кешеді» десті. Ауыл тұрғыны Ү.Дүйсенбаев «50 жыл болған «Күркірек» каналы 52 км 400 метр. Канал дегеніміз болмаса, жәй атажап секілді. Күннен күнге жіңішкеріп барады. Бұл күнде аттап өтуге болады. Аяқ су келмеген соң, егін де еге алмай отырмыз. Мәселенің шешімін сұрап, К2 каналына шлюз орнатуды сұрадық. Алайда, К2 суын улы деп отыр. Бірақ, осы күнге дейін сол каналдың суымен егін егілді. Еш зияны болмады. КСРО-ның кезінде ұлтаны бір құрғамаған каналдан Тәуелсіздік алған 30 жылда рақат көре алмай келеміз» – деп ашынды.
Тек аяқ су емес, ауыз су мәселесі де шет қалмады. Су тартатын насос құрылғысы күннің ыстығына шыдас бермейді. Ал, су таситын көлік бірде болса, бірде келмей қалатынын да айтты. Сонымен қатар, ескі клуб үйі, көше жарығын да назарға алуды сұрады.
Ауылдардағы мәселенің мән-жайына қаныққан Қазақстан Халық партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Берік Шайнұров, партияның облыстық филиалының Бюро мүшесі Мұрат Смайлов, заңгері Мейрамбек Оспан алдағы уақытта осы бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істейтіндерін айтты. Ал, қос ауылға бекітілген мәслихат депутаты Әбдімомын ­Алдияров халықпен ара-қатынасты үзбейтінін тілге тиек етті.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
13 шілде 2021 ж. 491 0