Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Лингвоэкономика: Қазақтілді кәсіпкер мен тұтынушының портреті

Лингвоэкономика: Қазақтілді кәсіпкер мен тұтынушының портреті

Тіл мен экономика – бір-бірімен тығыз құбылыс. Көп тіл білген адамның қаржылық жағдайы да жақсы боларын бәріміз іштей білеміз. Оған қазақ қоғамы мысал болады деген ойдамыз. Ал азаматтары бір емес, бірнеше тілде сөйлейтін мемлекеттің экономикасы жақсы болуы мүмкін бе? Жалпы тілдің табыс табуға деген әсері қандай? Қазақ тілді сатып алушылардың келбеті, қазақтілді бизнесмендердің портреті қандай? Сол сауалдардың жауабын Qadam.asia редакциясы ұсынған материалдан оқып білесіз.

Эконометрика және лингвономика
Тілді зерттеу – қазір бүкіл саланың маңызды нысанына айналды. Өйткені тіл – зерттеуге дереккөз бола алатын нағыз тірі материал. Мәдениет те, саясат пен дін де, әлеуметтану мен психология да қазір тілді зерттейтін болған. Бұл тенденциядан экономика да шет қалған жоқ.
Экономисттер тілдің қаржы мен экономикаға тікелей әсер ететін фактор екенін ерте кезден байқаған. Эконометриканың атасы, 10 тіл меңгерген Джейкоб Маршак – тілдің қаржы жұмсау мен табыс табуға әсер ететін басты фактор екенін алғаш айтқандардың бірі. Маршак тілдің экономикалық сипатын анықтау үшін азаматтың шет тілін үйренуге кеткен шығыны мен одан тапқан табысы арасындағы метриканы өлшеу керек деген ұсыныс айтады. Кейін бұл ұсыныс пәнаралық ғылымға айналып, лингвономика деген ғылым пайда болады.
Осы бағыттың ғалымдары қай тілдің экономикалық қуаты мол, ал қай тілді үйрену шығын екенін есептеп, арнайы эконометриканың шкаласын ойлап тапқан.
Ғалымдардың айтуынша, азаматтардың қай тілде сөйлейтініне қарап, оның экономикалық мінез-құлқын, қанша қаржы жұмсап, қандай өнім сатып алатынын күні бұрын болжауға болады.

Сауда тілі
Орта ғасырдың көпестері мен саудагерлері – нағыз полиглот. Өйткені керуенді басқарып, бір емес, бірнеше елде сауда жасайтын мұндай экономикалық белсенді адамдардың тіл үйренуге деген мотивациясы жоғары болды. Кейде көпестер ел мен елді, ру мен руды жалғаушы дәнекер, елші де болған деседі. Бұл тегін емес.
Өйткені қазіргі экономикалық зерттеулер көрсеткендей, екі елдің тілі бір-біріне жақын, ұқсас болса, сол елдің сауда-саттығы да жақын болады екен. Ал қарым-қатынас тілі – ана тілі не ресми тілі ортақ болса, онда сауда ағымы 1,5 есе артатын көрінеді. Бұл өз кезегінде, саудасы ортақ, серіктестігі бір елдердің бір-бірінің тілін үйренуге алып келеді. Мәселен, Вебер мен Гинзбургтің зерттеуінде сауда-саттығы екі есе өскен мемлекеттердің бір-бірінің тілін үйренуге деген сұранысы 13 пайыз артатынын айтылған.
Көп тіл білгеннің табысы да көп
Тіл – адам капиталын қалыптастыратын дүние. Адамның жетілуі мен жетістікке жетуіне баспалдақ болатын себеп. Экономика ғылымының мамандары жүргізген түрлі зерттеуден шет тілін үйренген азамат ана тілінде ғана сөйлейтін азаматтардан көбірек табыс табатыны анық байқалған. Шет тілін меңгергендер өзінің этникалық қоғамынан тыс экономикалық ортада жұмыс істеп, көбірек табыс табуға мүмкіндігі бар. Мәселен, ағылшын тілін үйрену арқылы эстон азаматтары табысын 15%-ға, латыштар 40-60%-ға арттырған екен (2010 жылғы зерттеу). Ал бұдан бұрынырақ жасалған зерттеулердің бірінде ағылшын-француз тілдерін білген канадалықтардың бір тілде ғана сөйлейтіндерге қарағанда 6% көбірек жалақы алатыны белгілі болған (1985 жылғы зерттеу). Ал Вьетнамда шет тілін меңгергендердің табысы өзге отандастарына қарағанда 40-60% көп екен.
Испанияда ағылшын тілін білетіндер – 39%, Аустралияда – 11% көбірек еңбекақы алады. Тіпті, АҚШ-тың өзінде шет тілін білетіндер 2% көбірек табыс табады екен. Ал Ресейде шет тілін білетіндердің орташа еңбекақысы 11%, ал жақсы меңгергендердің еңбекасы 27% көп. Мексикада ағылшын тілінің білетіндердің еңбекақысы 28%, Үндістанда 10% артық.  

Инвестор өз тіліне қаржы салады
Экономисттердің көзі жеткен тағы бір қызық құбылыс бар. Ол – компанияның инвестиция алу-алмауы тіліне тікелей байланысты. Өйткені инвесторлар ана тілінде жазылған жобаға қаржы құюға бейім тұрады екен. Бұл құбылысты Калифорния университеті мен Хельсинки экономика мектебі мамандарының бірлесіп зерттеу жасап ашқан. Экономисттер қос тілді (швед және фин) Финляндияның қаржы биржасындағы мәліметтерді зерттей келе, басшысы швед тілінде сөйлейтін компаниялардың швед тілінде жазылған жобаларға, ал финдер фин тілінде жазылған жобаларға қаржы құйғанын анықтаған.
Мұндай зерттеуді бельгия ғалымдары да жүргізген екен. Олар да француз тілді инвесторлардың француз компанияларының акцияларын, ал голландтар Нидерланды елімен байланысты акцияларды көбірек сатып алғанын байқаған.
«Мұның бәрі — ұлттық таныммен, экономикалық санамен байланысты құбылыс. Бұдан шығатын қорытынды мынау: сатып алушы да және сатушы да ұлттық танымның, ұлттық санасы белгілеп берген экономикалық мінез-құлықтың шеңберінде әрекет етеді«, — дейді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының маманы Ақмарал Пиязбаева.

Қазақ ғалымдары не дейді?
Лингвономика саласында қазақ ғалымдары да зерттеу жүргізіп көрген екен. Атап айтқанда, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары қазақтілді кәсіпкердің портреті мен қазақтілді тұтынушының бейнесін анықтау үшін арнайы сұхбат және әлеуметтік сауалнама жүргізген. Ғалымдардың айтуынша, сауалнамаға қатысқандар көп болды. 5500-ге жуық адамнан сауалнама алынған. Жас ерекшеліктері де бірдей, пропорционалды.


«Елдің сауалнамаға белсене қатысқанына куә болдық. Бұл ел азаматтарының аталмыш мәселеге деген қызығушылығы басым екенін көрсетеді. Сауалнама қорытындысын көріп қуанып қалдық. Өйткені  қазақтілді аудиторияның кеңейіп, нарықтың да соған қарай жұмыс істей бастағанына көз жеткіздік. Қазақтілді тұтынушының саны қазір артып келеді. Сапасы да жақсаруда. Бұл қазақтілді кәсіпкерлер мен қазақтілді тұтынушылар үшін, әсіресе, мемлекеттік тілдің дамуына зор мүмкіндік», — дейді институт директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан.

Қазақтілді тұтынушының портреті
Сауалнама жүргізу барысында зерттеушілер қазақтілді тұтынушының зат сатып аларда неге мән беретінін, қызмет көрсетуді қай тілде таңдайтынын және кәсіпті қай тілде жүргізгенді құп көретініне мән берген.
«Сауалнама қорытындысынан жастар мен орта буын азаматтарының тауар маркасы, дүкен атауы мен затбелгінің (этикетка) қазақ тілінде жазылғанына көп мән беретінін байқадық. Өйткені қазақтілді тұтынушы өзіне түсінікті, атауы көңілге қонымды тауарды не қызметті таңдағанды жөн көреді. Бұл жерде атап өтер бір ерекшелік бар. Қазақтілді тұтынушы тауар мен сервисті ана тілінде алғысы келеді. Бірақ ана тілінде қызмет көрсетілмесе, құқығын талап ете алмайды. Яғни, мұндай жағдайда не істерін, қайда шағымданарын, қандай шара қолданарын білмейді. Сондықтан бұл жерде құқықтық сауаттылықты күшейту керек деп ойлаймын», — дейді зерттеу тобының мүшесі, PhD докторант Қуат Дүйсен.


Сондай-ақ, зерттеу барысында қалың көпшілік орта қазақ тілінде сервис көрсетілетіні, алайда көпшілікке арналмаған, белгілі бір ортаға не әлеуметтік-қоғамдық топқа арналған ортада қазақ тілді сервис төмен екені белгілі болған.
«Қазақтілді тұтынушының бейнесін былай сипаттауға болады: қазақтілді тұтынушы тұрақты алатын тауары мен қызметі бар, талабы да бар, сервис пен тауарды ана тілінде алғысы келетін, бірақ өз құқығын талап ете алмайтын орта», — деп сипаттады зерттеу қорытындысын Қуат Дүйсен.
Осы салада зерттеу жүргізген институт маманы, PhD докторант Айнұр Баймырзаның айтуынша, қазақтілді тұтынушы ана тілінде жазылған тауарды сатып алуға бейсаналы бейім тұрады екен.
«Біз мынандай эксперименталды тәжірибе жасаған едік. Сапасы да, құрамы мен көлемі де бірдей үш тауарды алып, қазақ, орыс және ағылшын тілінде атауын жабыстырып, тұтынушылардың қайсысын таңдар екен деп ұсынып көрдік. Тауардың атауларын аударма күйінде бердік. Яғни, ішінде бір тауар, тек атауы әр тілде жазылған. Сонда байқағанымыз – қазақ тілді тұтынушы ана тілінде жазылған тауарды көбірек таңдағаны. Бұдан біз ұлттық таным экономикалық сананың негізін қалыптастыратын құбылыс екенін, экономикалық санада қазақ ұлтының көрінісі жататынын аңғарамыз», — дейді Айнұр Баймырза.

Қазақтілді кәсіпкердің бейнесі
Қазақтілді кәсіпкердің портретін түсіну үшін Айнұр Баймырза қазақтілді кәсіп ашқан бизнесмендермен сұхбаттасып көрген. Олар қазақ тілінде кәсіп ашуының себебі мен артықшылығы, қиындығы мен болашағы жайлы сауалдарға жауап берген.
«Кәсіпкерлер қазақ тілінде кәсіп ашуының себебін азаматтық борышым, халықпен түсінісу оңай, ойды еркін жеткізуге мүмкіндік бар және қазақтілді қызмет пен тауарға деген сұраныстың артып келе жатқанымен түсіндірді. Басты аргумент ретінде мемлекеттік тілде оқытатын мектеп мен жоғары оқу орындарының көбейгенін алға тартады. Оны бітіріп шыққан түлектердің барлығы – ертеңгі қазақтілді тұтынушылар дегенді тілге тиек етеді. Кәсіпкерлерге «қазақ тілінің кәсіпте әлеуеті бар ма?» деген сауалға бәрі бір ауыздан «бар» деп жауап берді», — дейді PhD докторант.

Кәсіпкерлердің айтуларынша, қазақ тілі арқылы халыққа жақын болуға, еркін сөйлесіп, қызмет ұсынуға, оңай түсіндіруге болады. Халықтың көбі орыс тілін білгенімен, қазақ тілі сынды еркін әрі толық түсінбейді. Әсіресе, ауылдық жердегі тұрғындар. Бизнесті қазақ тілінде бастаудың тағы бір артықшылығы – халықтың сенімі. Яғни, «қазақ қазаққа сенеді» деген таным түйсікте жатқандықтан, өз ұлтының өкілі қызмет пен тауар ұсынып тұрғанда, оған сеніммен қарайды.
«Қазақтілді аудиторияға орыстілді мобилограф мен копирайтерлер қызыға қарайды. Кеңейіп келе жатқанын мойындайды. Өйткені сұраныс көп, нарық бос. Алдағы уақытта қазақ тілінде сапалы контент жасаушыларға қызығушылық артады. Сол үшін осы салаға келдім», — дейді контент-менеджер, копирайтер Сана Қолдасқызы.
Ал кәсіпкерлер бизнестегі қазақ тілінің қиындығы жайлы айтқанда, кейбір қызмет көрсетушілердің мемлекеттік тілде қызмет көрсетудің бас тартуы, мемлекеттік мекемелердің ақпарат пен құжатты ресми тілде қабылдауы, құжат тілінің қазақшаланбауы, заңдық күшке енбеуі, орыс тілді ақпаратқа сенімнің басымдығы сынды проблемаларды атаған.
«Сондықтан кәсіпкерлер бұл мәселелерді шешудің бірнеше жолын ұсынды. Біріншіден, мемлекеттік тілге деген мемлекеттік қолдау мен қадағалауды күшейту. Екіншісі, филолог, экономист ғалымдардың ақпараттық-танымдық іс-шараларды күшейтуі. Терминдік аппаратты жақсарту. Халық танымына сай термин жасау. Үшіншісі, кәсіпкерлер мен ғалымдардың бірігіп, бірге жобаны іске асыруы. Ғалымдар ғылым әлеуетін, ал кәсіпкерлер қаржылық потенциалын пайдаланып, қазақтілді бизнес ортаны қалыптастыруға жұмыс істеуді мақсат тұтады», — дейді Айнұр Баймырза.
20 маусым 2021 ж. 958 0