Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл – ұлттың жаны

Тіл – ұлттың жаны

Тіл – ұлттың жаны, еркіндігі мен азаттығының белгісі. Мемлекеттің символы. Зерттеулерге сүйенсек, 14 күнде бір тіл жойылып кететін көрінеді. Тілмен бірге түгел ұлт та жоғалады. Ғалымдардың айтуынша, әлемде 6700 тіл болса, ХХІ ғасырдың аяғына қарай соның 3500-і мүлде жойылады. Бұл болжам жүзеге асса, дүниежүзіндегі бүкіл тілдердің тең жартысы жоқ болады. Сонда енді 80 жылдан кейін жер бетінде қандай тілдер қалмақ? Жалпы тілдің жойылуына не себеп? Мүмкін сол ұлттың әр адамының өз тіліне жаны ашымағаны,менсінбегені, ресми жиынын өзге тілде өткізгені, өзге тілде сөйлегенін мәртебе санап, өз тілін құрметтемегені себеп болса керек.
Алаш арыстарының өзі ең бірінші саяси-әлеуметтік бостандықтың бас­тауы ретінде ана тіліміздің азаттығы үшін күреске баса назар аударғаны мәлім. 1905 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың алғашқы қадамында Әлихан Бөкейхановтың қазақ тіліне бостандық берілуін көтеруі тегін емес.
Жуырда ғана Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат, мемлекет және қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан туған тіл өзімізге керек болмаса, жаттың жаны ауырмайтынын айтып сөз сөйледі. Сол күнгі депутаттық сауалдардың дені орыс тілінде айтылғанына тоқталған Бекболат­ Қанайұлы ең болмаса ұлты қазақ депутаттардың сауалды мемлекеттік тілде айта алмағанына қынжылды. Оның осы кезде айтқан уәжі желіде жылдам тарап, көпшіліктің көңілінен шықты.
1989 жылдың 22 қыркүйегінде еліміздің тарихында тұңғыш рет «Тіл туралы» заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Ал тәуелсіздік орнағаннан кейін, 1995 жылы Конституция қабылданған соң өмірге келген 1997 жылғы «Тіл туралы» заңы да бекітілгені белгілі.
Содан бергі жиырма үш жылда мемлекеттік тілді қоғамдық өмірде дамыту және қолдану бағытында елеулі жұмыстар жүзеге асты. Бұрын қасаң тартқан мемлекеттік ұйымдар мен өзін-өзі басқару органдары қазақ тілі төңірегінде оң өзгеріске бет бұрды. Білім, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет, өнер, экономика, ғылым, саясат, қорғаныс салаларында да елеулі өзгеріс байқалды. Білім беру жүйесінде қазақ мектептерінің саны артты.
Десе де тәуелсіздік алғалы бері біздің елде де әлі күнге қызу талқыланып жүрген, маңызын еш жоймаған басты мәселенің бірі — тіл мәртебесі. Себебі, тілі мен ділін ұмытқан ұлттың да болашағы бұлыңғыр екені анық. Президент Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген болатын.
Президенттің бұл сөзі көптеген тіл жанашырларының ойында жүрген мәселені қаузады десек болады. Себебі, тіл туралы қаншама бастама көтеріліп, биік мінберлерден әдемі сөздер айтылса да, әлі күнге дейін қазақ тілі өз жерінде өгей баланың күйін кешуде.
Иә, тілді «тезге салып», қысастықпен үйрете алмаймыз. Тіл саясаты салмақты да қажет етеді. Өзге ұлттар мен өз тілін өгейсіп жүрген қандастарымызды бауырымызға тартып, оларға қазақ тілінің сұлулығын, әлеуеті мен қолданыс қажеттілігін шебер түсіндіре алуымыз қажет. Ендеше, Елбасы айтқандай, «қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі» бүгінгі күннің басты ұстанымы болғаны жөн.

Гүлхан ЯХИЯ

19 мамыр 2020 ж. 2 039 0