Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемдегі ең бай тіл

Әлемдегі ең бай тіл

Соңғы уақыттағы деректерге қарағанда әлемде 6000-ға жуық тіл (2700-і негізгі тіл, 2000-ға жуығы жергілікті диалекті) бар көрінеді. Осылардың ішінде жүз тіл мемлекеттік мәртебеге ие болып, белгілі бір дәрежеде ресми шешімдер жасауға қолданылып жүр. Осы жүз тілдің қатарында Қазақтың да тілі бар.
Әр елдің тілі сол елдің тарихын, тіршілігін мәдениеті мен әдебиетін қалыптастырады және мемлекет жайында қажетті мағлұматтар береді. Бұл үшін тіл үнемі қозғалыста болуға тиіс. Тіл де ағын су сияқты. Қозғалысын тоқтатса, тоқырауға ұшырайды. Мысалы, Арқаның аруы атанған сұлу Көкшеде 80 көл болғанын естуіміз бар. Атақты ақын Сәкен Сейфуллин өзінің бір өлеңінде «Көкшетау сексен көлдің саясында...» деп жырлағаны мәлім.
Қазір сол көлдер бар ма? Әрине, бәрін бірдей бар деу қиын. Олар қайда жоғалды? Қозғалыста болмағандықтан, келіп қосылып жатқан өзен суларының жоқтығынан немесе тапшылығынан жерге сіңіп, жоқ болған. Мұндай жағдайларды тілдерден де аңғарамыз. Әлемде екі жүзден астам тіл жойылып кеткен, ал 538-і жойылудың аз-ақ алдында, 502-сіне елеулі қатер төніп тұр. Мысалы, дүниежүзіндегі 199 тілде бар жоғы онға тарта адам, ал 178 тілде 10-нан елуге дейін адам сөйлейді. Тіпті кейінгі жылдардың өзінде Зяк (АҚШ), Убых (Түркия), Мэни (Мэн аралы) тілдері өз ғұмырларын тоқтатқан. Ал Африка сахарасының оңтүстігіндегі тілдер мәселесі тіптен мүшкіл. Мұнда 2000-дай (дүниежүзі тілдерінің үштен бірі) тілдің он пайызы кейінгі жүз жылда жойылып кету қаупі бар көрінеді.
Қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің қатарына жатады. Бір ғана мысал келтірейік. Кешегі ұлы халық деп келген орыстың адамның бет-бейнесін білдіретін небәрі үш-төрт-ақ сөзі бар. Олар: лицо, рожи, мордо, тағы да басқа. Ал қазақ тілінде осы мағынаны білдіретін сөздер Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті көркемсөз зергері Мұзафар Әлімбаевтың есебі бойынша 20 болатын. Біз мұны 23-ке жеткіздік. Олар төмендегідей: беті, түрі, түсі, бейнесі, жүзі, әлібі, тәрізі, сыйқы, пошымы, реңі, көркі, репеті, кескіні, келбеті, әлпеті, сұрқы, сұры, ажары, сымбаты, дидары, пішімі (пішіні), ұсқыны, нобайы. Бәлкім бұдан да көп шығар. Бұл байлық емес пе?
Көш басында ағылшын, француз, испан, араб, қытай және орыс тілдері келе жатыр дейміз. Осы мақтаулы тілдердің өзінде синоним сөздер өте аз. Орыс тілі туралы жоғарыда айттық. Адамның бет-бейнесін білдіретін синоним сөздер көшбасында келе жатқан аталған тілдерде де үш-төртеуден аспайтын көрінеді. Мысалы, қауышу сөзін алайық. Мұның синонимдері: табысу, кездесу, жүздесу, дидарласу, тағы басқа. Өзгені былай қойғанда туысқан түрік халқының өзінде осы мағынадағы сөз біреу ғана көрінеді. Ол – қауышу. Осындай тіліміздің байлығына, құнарлылығына қарамастан қолданылуы әлі де көңіл көншітпейді.
Ғалымдардың есебі бойынша әлемде әрбір екі аптада бір тіл жойылады екен. Соның салдарынан миллиондаған адам өзге тілге мойынұсынып, күнкөріс қамын ойластыратын болса керек.
Бай тілімізді дәріптей алмау өз кінәміз…

Cәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстанның «Құрметті журналисі»
төс белгісінің иегері

25 ақпан 2020 ж. 1 140 0