Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім саласында өзгеріс бар

Білім саласында өзгеріс бар

20 мамыр күні білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәурен Насибеков брифинг өткізді. Оның айтуынша, аудандағы 40 мектептен 1-11 сынып аралығында 18440 оқушы оқу жылымен қоштасады.
Пандемияға байланысты оқу жылының І тоқсанында 10 мектептен 667 оқушы дәстүрлі форматта оқытылса, қалған 30 мектептің 1-11 сынып аралығындағы 17829 оқушы аралас форматта білім алған. ІІ тоқсанда 16 мектептен 1-11 сыныптар аралығында 2089 оқушы дәстүрлі, қалған 24 білім беру ұйымындағы 1-11 сынып аралығындағы 16363 оқушы аралас форматта оқытылды. Ал, ІІІ тоқсанда 24 мектептің 16590 оқушысының арасынан 1-5 сыныптар және 9-11 сыныптар аралығындағы 9172 оқушы мектеп қабырғасына келіп, кезекші сыныптарда оқытылса, қалған 6-10 сыныптар аралығындағы 7418 оқушы қашықтан білім алуын жалғастырды. ІV тоқсанда 1-11 сынып аралығындағы 18440 оқушы толығымен мектеп қабырғасына келіп, дәстүрлі түрде оқытуды бастағанымен, сәуір айының 20-нан кейін аймақтағы эпиджағдайдың нашарлауына байланысты 12 мектеп толығымен дәстүрлі форматта, 28 мектеп аралас форматта оқытуға қайта көшкен.
2020-2021 оқу жылы 25 мамырында аяқталып, 9 сыныптар үшін мемлекеттік қорытынды аттес­таттау 28 мамыр-5 маусым, 11 сыныптар үшін 1-10 маусым аралығы болып бекітілді. Ағымдағы жылы аудан бойынша 37 білім беру ұйымының 9 сыныбын 1531 оқушы және 11 сыныптарды 827 оқушы бітіріп шыққалы отыр. Денсаулығына байланысты 9 сынып бітіруші 7 оқушы және 11 сынып бітіруші 1 оқушы мемлекеттік қорытынды аттестаттаудан босатылады.
– Биылғы оқу жылының ерекшелігіне сәйкес бітіруші түлектер тестілеуді екі рет тапсыруға мүмкіндік алады. Биылғы оқу жылында 11-сыныпты 827 оқушы бітіретін болса, соның 701-і ҰБТ-дің І кезеңіне қатысуға электронды түрде өтініш берді. ҰБТ-ді тапсыруға тілек білдірген 701 оқушы ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында Қызылорда қаласында және Жаңақорған ауданындағы №110 мектеп-лицейінде жасақталған тестілеу базасында электронды форматта тестілеуден өтеді. Сондай-ақ, «Алтын белгі» төсбелгісіне 57 оқушы ұсынылып отыр. Мұнымен қоса, 1-10 сынып аралығында жазғы демалыспен және саяхатпен оқушылардың 60%-ы қамтылады деп жоспарлануда. Жазғы демалыс кезінде мектептен тыс мекемелерде арнайы «Жайдарлы жаз» атты бағдарлама бойынша 10 үйірме жұмыс жасайды және онда 1000 бала қамтылады деп жоспарлануда. Аудандық «Сыр Ұланы» тынығу лагері 7 ауысым бойынша 100 бала қабылдау арқылы, барлығы 700 баланы жазғы демалыс лагерімен қамтимыз. Келетін тынығушылар ауданның 40 мектебі бойынша жинақталып, әлеуметтік жағдайы орташа, төмен, толымсыз отбасы, жартылай жетім, аз қамтамасыз етілген отбасы, көп балалы балалар тынығуға келетін болады. Бүгінгі күнге лагерь ғимараты толықтай талаптарға сай жасақталып, ішкі әрлеу, сыртқы көркейту-көгалдандыру бойынша жұмыстары жүріп жатыр. Белгіленген уақытқа дейін дайын болады, – дейді Дәурен Насибеков.
Қашықтан оқу кезіндегі жіберілген олқылықтардың орнын толтыру мақсатында 26 мамыр-19 маусым аралығында білім алушылардың ата-аналарының өтініші негізінде негізгі пәндер бойынша «Жазғы мектеп» ұйымдастырылатын болады. Ауданымыз бойынша жазғы мектепке 3891 оқушы қамтылады деп жоспарланса, оларға білім беретін 830 педагог көрсетілген мерзім аралығында жұмыс жасайды. Екі мүмкіндігі бар электронды ҰБТ мен жазғы мектеп, 10 үйірме, осының барлығы оқушылардың болашағы үшін.

Ақбота Баянбай
23 мамыр 2021 ж. 517 0