Корона мен кене, ескертпеді деме!
Конго-қырым қанды безгегі бойынша биыл облыста 113 елді-мекен қолайсыз аймаққа кіргізілген. Шиелі ауданына келер болсақ, біздегі 16 елді мекен осы тізімнен табылыпты биыл. Ал, былтыр бұл тізіміге 18 ауыл-аймақ енгізілген болатын. Бірақ, бұл өзгеріс көңілге қуаныш ұялатпай тұр. Себебі жыл басынан бері қауіпті безгекті 2 адам жұқтырған. Сондай-ақ «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей короновирустың таралуы да күннен күнге артып барады. Мәселен облыста мамыр айының алғашқы 5 күнінің өзінде короновирус жұқтырған 142 жағдай тіркеліпті. Бұл туралы баспасөз орталығында өткен брифингте айтылды.
Есепті жылы облыста 29 елді мекен, Шиелі ауданында 4 ауыл-аймақ қолайсыз аймақтар қатарына жаңадан қосылған. Қосылып қана қоймай, сәуір айында ауданымызда жоғарыда айтып өткен 2 жағдай тіркелген. Наурыз айында энтомолог мамандардың жүргізген зерттеуінің нәтижесі де көңіл көншітпей отыр. Себебі, жиналған 10 кенеден оң сынама анықталып, белсенділік жоғарғы көрсеткішке жеткен. Дегенмен, кенеден зардап шеккенімен, 2 тұрғында медициналық көмекке жүгінгенуге асықпаған. «Бірінші науқас Шиелі ауданы Майлытоғай елді мекенінің тұрғыны. Ол 16-шы сәуір күні таңертеңнен бастап мазасы болмағандықтан сағат 11-лерде ауылдағы фельдшерді шақырып, дене қызуының 39,1-ге көтерілуіне, басының ауыруына шағымданған. Фельдшер сақтық ережелерін сақтап, науқасқа смесь салып, үйіне қалдырған. Науқастың айтуына қарағанда ертеңіне дене қызуының қайтадан көтерілуіне байланысты жұбайы фельдшерді шақырып, олар науқасты Қызылорда қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасына жолдаған. Өзінің айтуына қарағанда 10 күн бұрын үстінен кене алған екен. Екінші науқас болса, 32 жаста, жұмыссыз. Бір ай бұрын Ш.Қодаманов ауылы Молжігітов көшесі №1/У үйге келіп, уақытша тұруда. 22 сәуір күні кене шағып, 5 күннен кейін ғана дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Қосүйенкі елді мекенінен 15 шақырым жерде орналасқан шаруа қожалықта мал баққан. Әйтеуір екі азамат та аман қалыпты бұл кеселден. Бірақ, бұлай жалғаса берсе қанша адамның індет жұқтырары белгісіз. Сол себепті әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстап, күл-қоқыстан жиі тазартып тұрғаны абзал.
Ковид-ке келер болсақ, облысымыздың эпидемиялогиялық ахуалы сәуірден бастап тәуір болмай тұр. Соңғы аптадағы сырқаттанушылық көрсеткіші алдыңғы аптадан 62,5 процентке жоғары. Ағымдағы жылдың басынан бері аудан бойынша 181 адам індет жұқтырып, 1 азамат көз жұмған. Зерттеулерге сенсек, науқастардың күрт көбеюі негізінен тұрғындардың карантиндік шараларды сақтамауы, атап айтқанда адамдар көп жиналатын орындарға бару, бетперде кимеуінен болып отыр. Ауру жұқтырғандар тізімін әдеттегідей ересектер, балалар мен жасөспірімдер бастап тұр. Дегенмен, қуанатын жағдай да бар.
Азаматтарымыз енді ғана індетті жеңудің жалғыз жолы вакцина екендігін түсінген секілді. Бұлай дейтін себебіміз 2021 жылдың 5-ші ақпанынан бастап ауданға келген 4710 екпенің алғашқы дозасы 3820 адамға егілген. Алдымен «Спутник V», «QAZVAC» әкелінсе, енді міне Араб Әмірлігінен «Hayat-vax» екпесі егіліп жатыр. Арабияда өндірілді демесеңіз, вакцинаның шығу тегі Қытай. «Уды уу қайтарды», дегендей, «Самұрық-Қазына» қоры дәл осы вакцина түрінің 1 миллион дозасын сатып алуды ұйғарыпты. Өткенде «тек өз қызметкерлеріне салдыру үшін алдырыпты» деген сыбыс шыққаннан кейін бе, әйтеуір Hayat-тың 1000 дозасы біздің Шиеліге де жеткен. Вакцинаның өзіне тоқталар болсақ, оның ковид-ке қарсы тиімділігі 79,3 процент. Жүкті әйелдерге, бала емізетін әйелдер мен 18 жасқа толмаған балаларға салуға кеңес берілмейді. Кері әсерлеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, жүрек айну жатады. Вакцинаның жаманы жоқ, бастысы сіздегі сенім дұрыс болуы керек.
«Көз қорқақ, қол батыр» демей ме біздің қазақ. Сондықтан әлі де екпе жайлы айтылған қым-қуыт дәлелсіз сөздерге сеніп жүрген болсаңыз, ойыңызды өзгертіңіз. Себебі, біз де Hayat-ты қабылдағандардың біріміз. Іштегі қорқыныш болмаса, екпеден келетін қауіп жоқ. Иә, таңдау өз еркіңізде, ол сіздің жеке құқыңыз. Бірақ, сіз екпеден бас тарту арқылы өзіңіздің ғана емес, айналаңыздағы әріптес, дос пен туыстың денсаулығына қауіп төндіресіз. Қара бастың қамын ойламай, елдің амандығын бірінші орынға қойғанда ғана, бірлігі мықты ел боларымыз анық.
Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ