Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кезектен тыс сессияда кезек күттірмейтін мәселелер талқыланды

Кезектен тыс сессияда кезек күттірмейтін мәселелер талқыланды


Сейсенбінің шуақты таңы аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясымен бас­талды. Онда күн тәртібіне негізгі 3 мәселе қойылып, қатысушылар ойларын ортаға салды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе ауданның 2021-2023 жылдарға арналған бюджетіне қатысты еді. Бұл мәселе турасында аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімнің басшысы Дауренбек Жакеев хабарлама жасап, 2020 жылы қабылданған шешімге өзгерту енгізілгенін айтты. Яғни, ауданның осы жылдарға арналған бюджеті қайта қаралды деген сөз. Екінші бір мәселе кенттегі жаңадан ашылған атауы жоқ көшелерге батыр ­Тауасар Тілекұлы, Төлепберген Әшірбеков, Әлайдар Қаюпов, Ақтай Арзықұлов, ­Абдуали Альжанов, Бөрібай Сәмбетов атты азаматтардың атын беру турасында болды.
Біріңіз танырсыз, ал енді біріңіз бұл азаматтар кім деп отырған боларсыздар? Білмесеңіз айтайық, аталған азаматтардың көпшілігі соғыс ардагерлері. «Соғыс ардагерлерінің барлығына көше атауын беру керек болса, кейіннен бос көше таппай қалмаймыз ба?», деген ой да қылаң берді жиында. «Олардың атына көше беріліп, есімдері ардақталса деген мақсатпен ұсынып отырмыз, қиындықтар туса шешімін табуға тырысамыз», деп жауап берді аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов. Әйтеуір соңында бұл ұсынысқа да барлығы келісім бергендей болып, ономастикалық комиссияның қарауына жіберілді. Күн тәртбіндегі соңғы мәселе аудан әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасары Ерсұлтан Апетовке қатысты болды. Ерсұлтан Апетовтің қызметке жаңадан тағайындалуына байланысты оны аудан әкімдігінің дербес құрамына енгізу ұсынылып, ұсыныс бір ауыздан мақұлданды.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов облыстағы эпидемиялогиялық ахуалдың нашарлауына байланысты мемлекеттік қызметкерлер мен ауыл әкімдерін ұжымдық иммуниттер қалыптастыру үшін ерікті түрде екпе егуге шақырды. «Екпе ектіруге мүдделі азаматтар көп болған жағдайда, ауылдарда да екпе егуге арналған бөлме ашуға мүмкіндек бар», деді. Одан әрі ауданның бас дәрігері Нұрлан Әмір де сөз сөйлеп, екпе егуге арналған пункттердің кешкі уақытқа дейін жұмыс жасап тұрғанын айтты.

Рамазан ӘНӘПИЯ
01 мамыр 2021 ж. 699 0