Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Пандемиямен күрескен 1 жыл

Пандемиямен күрескен 1 жыл


2020 жылдың дәл осы наурыз айы көпке дейін ұмытылмасы анық. Тіпті, тарихтың бір парағында «әлемдік пандемия кезінде» деген деректер де қалуы ғажап емес. Иә, Қытайдың Ухань қаласындағы теңіз өнімдерінің базарында тараған белгісіз вирустың біздің жерге жеткеніне 1 жыл толыпты. Әлем елдерін әлекке салған коронавирус сан мыңдаған тағдырды қиып кетті. Шекаралар жабылып, әуе байланысы тоқтады. Бәрін қойшы, құшақ жайып, иық қағыстыра аман-саулық сұрасатын қазекем бір жыл бұрын қол алысудан да қалған еді-ау...
Батпандап қана емес, баса-көктеп кіріп алған коронавирус тұтас тұрмысымызға түзету енгізді. Ең әуелі денсаулықтың қадірін ұғып, отбасындағы рухани құндылықтар арта түсті. Жай ғана Шиелі ауданын алып қарар болсақ, осы 1 жыл ішінде біршама жұмыс атқарылғанын аңғаруға болады. Өткен жылы Қызылорда облысы ақ күріштен тау тұрғызып, рекордты жаңартты. Бұл көрсеткіште шиелілік диқандардың үлесі зор. Қиын-қыстау мезетте қажыр-қайратын бойға жиып, жылдық азықты қамдаған шаруалар 29 461 гектар жерге өнім егіп, ауыл шаруашылығы саласы бойынша 30 653,2 млн теңгенің өнімін өндіріп, аудан экономикасының тұрақталуына ықпалын тигізді. Өнім дегеннен туындайды, осы жылы ауданда өнеркәсіп орындары арқылы 33,8 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 13,5 млрд теңгені құрады.
Тышқан жылының басы сынақпен басталғанымен соңында жағымды жаңалықтар елдің еңсесін көтере түсті. Оған облыс әкімі Г.Әбдіқалықова лентасын қиған «Көкшоқыдағы» 18 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйді жатқызар едік. Оған қоса қаншама жылдан бері темір тұлпар тізгіндеген тұрғындар кептелісте тұрып, армандаған көпірге қол жеткізді. Ы.Жақаев, Бидайкөл ауылы тұрғындарын қуанышқа бөлеген көгілдір отын Байсын ауылына да кіргізілді. Өткен жылы кентпен қатар ауылдық округтерде балалар ойын алаңы тұрғызылып, ел игілігіне берілді. Сондай-ақ аудан әкімі уәде еткен кенттің кіре беріс А.Яссауи көшесі бойы­нда скверлер салынды. Пандемияның салдарынан азық-түлік өнімдерінің бағасы түрленді демесеңіз, зейнетақы, мұғалімдер мен дәрігерлердің айлық табысы көбейді.
Ал, сиыр жылы басталғалы жұқпалы індетті ауыздықтап, екпе салу жұмыстары жүргізілді. Ауданның бас дәрігері Н.Әмір бастаған ақ халаттылар алғашқы болып вакцина салдырды. Ең бастысы өткен жылы тойлауға мұрша бермеген Ұлыстың ұлы күнінде халық амандық-саулық сұрасып, жаңа жылға жаңа үмітпен қарады. Вакцина демекші, әлем елдеріндегі вакциналау деңгейі қалай жүріп жатқанына назар салсақ. Екпе салдыру бойынша алғашқы болып Израиль - 97,8% тұр. Ал, БАӘ - 64,35%, Ұлыбритания - 35,19%, АҚШ - 28,06% көрсетсе, Ресей - 3,22%, Қазақстан - 0,17% құрайды.

Пандемия қашан аяқталады?
«Коронавирус әлемді біраз әбігерге салды. Бас кезінде жаңа инфекция туралы ақпарат аз болды. Ғалымдар оны жан-жақты зерттеп жүргенде инфекция жай жатқан жоқ, адамдарды қынадай қырды. Ауруханаларда орын болмады. Барлық елде қосымша стационарлар салынды. Ал Қытай мемлекеті қысқа уақыттың ішінде коронавирус жұқтырғандарға арналған алып аурухананы тұрғызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан вирусқа қатысты жаңа ақпарат шыққан сайын емдеу тәсілдері өзгеріп тұрды, шектеу шараларына түзету енгізілді. Науқастардың саны көбейсе, карантинді күшейтті. Ал азайғанда сәл жеңілдетті. Жұмыссыз қалғандарға бір реттік төлемақылар таратылды. Дегенмен, халық карантиннен шаршады. Содан кейбір елдерде наразылық акциялары өтті. Алайда, пандемияның пайдасы да жоқ емес. Карантин кезінде адамдар отбасылық құндылықтардың мәнін түсіне бас­тады. Гигиенаға басымдық берді. Осының нәтижесінде басқа инфекциялық ауруларға шалдығу көрсеткіші төмендеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, коронавирус пандемиясы 2022 жылдың басында аяқталады. Себебі ғалымдар коронавирус туралы көп біледі. Бірнеше вакцина да шығарылды. Бүгінде жаппай екпе салу шаралары да басталып кеткен. Медицина мамандарының айтуынша, адамдардың 60-70 процентінде ұжымдық иммунитет болса, шектеу шараларын барынша жеңілдетуге болады. Демек, сол кезде пандемия да аяқталады» деп жазды «sputnik.kz» сайты.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

20 наурыз 2021 ж. 451 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031