Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аппарат мәжілісінде ауқымды мәселелер айтылды

Аппарат мәжілісінде ауқымды мәселелер айтылды


Кеше аудан әкімі Қамбарбек Мүбәраковтың төрағалығымен әкімдіктің мәжіліс залында аппараттық мәжіліс өтті. Жиналыста күн тәртібінде тұрған көктемгі егінге дайындық, 2021 жылғы көктемгі әскерге шақыруды ұйымдастыру, санитарлық тазарту, көркейту-көгалдандыру мәселелері көтеріліп, бірқатар бөлім басшылары мен кент әкімі баяндама жасады. Жиын басында аудан әкімі Қамбарбек Мүбәраков аудан активтеріне жақында тағайындалған «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Болат сыздықовты таныстырып, алдағы қызметіне табыс тіледі.
Иә, баяндамашылардың өткен жылмен салыстырып айтқан қаптаған статистикаларымен оқырманның уақытын алып, мазасын қашырғанымыз жарамас. Оданда мәжілісте көтерілген нақты мәселелер мен тапсырмаларға тоқталғанымыз дұрыс болар. Сонымен, баяндаманы алғаш бастаған өңірдің бас агрономы Мұрат Әшірбеков «Биыл аудан бойынша барлығы 30246 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленуде. Оның ішінде күздік бидай 1889 га, жаздық бидай 300 га, тары 150 га, дән жүгері 40 га, мақсары 992 га, соя 70 га, жаңа жоңышқа 4013 га, ескі жоңышқа 5448 га, мал жемдік асқабақ 150 га, сондай-ақ, картоп 1 200 га, көкөнiс 1 600 га және 2 357 га бақша дақылдары егіледі. Ал, негізгі дақыл күріштің үлесі 12 037 гектар. Бұл егіс көлемінің 38,8 проценті» – деді. Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру, су жолдарын тазалау, тұқым, минералды тыңайтқыштар мен гирбицидтер, техника, жанар-жағармай дайындықтарына қатысты жұмыстарына бір сыпыра тоқталып өтті. Бірақ, жиынға қатысушылар мен аудан әкіміне егілетін 4013 гектар жоңышқаға қосымша қандай дақыл араласытырып егілетіні сұрақ туғызды. Диқандар жақсы біледі, әдетте жоңышқа етек жайып, тамыр алып кетуі үшін қосымша бидай не болмаса мақсары дақылдары қатар орналастырылады. Ал баяндамашының сөзіне қарасақ, біз биыл жаздық, күздік бидай егуге 2200 гектарға жуық жер дайындағанбыз. Мақсары 992 гектарға егілмек. Барлығын қосқанның өзінде 4000 гектар жоңышқаның 1000 гектар жеріне құр жоңышқаның өзі себіледі екен. Ал қосымша дақылсыз жоңышқа егу өте қауіпті. Аудан әкімі Қамбарбек Мүбәраковтың осы мәселеге қатысты қойған сұрағы бөлім басшысын әбден састырды. Бас агрономның әзір жауап бермейтінін байқады ма екен, әйтеуір өңір басшысы бұл сұрақ бойынша жеке қабылдауға келуді тапсырды. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауынан туындайтын агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы тапсырмалардың орындалуын бақылауға алып, тиісті мәліметтерді жинақтап, ай сайын есеп беруді ұйымдастыруды жүктеді. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы құрылымдарына субсидия төлеу ­бойын­­ша тиісті жұмыстарды жүргізіп, субсидия төлеудің жаңа тетіктерін барлық шаруашылық құрылымдарына жеткізу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын агротехникалық мерзімге сәйкес егілуін қамтамасыз етіп, шаруашылықтарды жанар-жағармаймен, қосалқы бөлшектермен және сапалы тұқыммен қамту бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды.
Осыдан кейін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Руслан Шарипбаев пен Шиелі кентінің әкімі Ғабит Аманжоловтың баяндамалары тыңдалды. Қамбарбек Мүбәраков кент басшысынан кентте санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге байланысты конкурс өткізілгенін, соған сәкес жеңімпаз анықталғанын сұрады. Сондай-ақ, соңғы кезде аудан орталығының тазалығы төмендеп, аялдамаларға көлік жиі соғатынын, сынған мүліктердің әлі қалпына келтірілмей тұрғанын сөз етті. Кент әкімі Ғ.Аманжоловқа санитарлық тазалық, көркейту және көгалдандыру жұмыстарын маусымдық кезеңдерде жыл бойы қатаң бақылауда ұстап, тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Егілген ағаштардың өз деңгейінде көктеп өсуі үшін күнделікті күтіп-баптау, суғару және шығымдылығын 70 процентке жеткізу керектігін айтты. Мұнан бөлек, кент және ауылдық округ әкімдері, аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің тиісті баптарына сәйкес, санитарлық тазалық және жасыл екпелерді күтіп ұстау қағидаларын бұзғандары үшін жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік шаралар қолдану жұмыстарын жүзеге асыруды жүктеді.

Елдос Жүсіп
09 наурыз 2021 ж. 444 0