ұлт болашағы білімдінің қолында
Бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ықпал ететін цифрлы білім беру жүйесі бүгінгі күннің жастарға жасаған зор мүмкіндіктерінің бірі болып отыр. Нарықтық қоғамда дамыған 30 елмен терезесі тең болу үшін қазақстандықтарға білім шыңын бағындыру ең басты алғышарт.
Елбасы саясатының мақсаты да ұлттың ұлы мұратын сақтай отырып, қазақ елінің болашақтан өз орнын айқындау. Елдің бүгіні мен ертеңі айбынды, білгір қазақ жастарының қолында. Ал, білімді ұрпақ тәрбиелеуде білікті ұстаздың берері мол болмақ. Осы орайда, аудандағы білім ордалары мейлінше жаһандануға атсалысып, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталып келеді. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, оның бәсекелестік қабілетімен анықталады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтастай ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, цифрлы білім беру жүйесі ұлтымызды XXI ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы.
Мәселен, биыл Шиеліде 6 инновациялық мектеп STEM технологияларын өндіру бойынша робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Жаңа оқу жылында жаңа техника «Лего кронструкторлар» жеткізіліп, бүгінде шәкірттер роботтар жасауды қолға алды.
№45 «Ақ Орда» гимназиясы да озық білім ошақтарының қатарында. Аталмыш мектепте робототехника үйірмесі жүргізіліп, оқушылардың жаңа құрылғылармен жұмыс жасап, IT технологияларды жылдам меңгеруге мүмкіндіктері бар. Дүниежүзінде қолданыс тапқан бұл салаға біздің өңірде қызығушылық танытқан жандар да аз емес. 7 сынып оқушысы Азамат Жұманазаров осындай жаңашыл жастардың бірі. Ол жетекшісі Айгүл Қасымованың тәлімінің арқасында 3 апта ішінде «Сартер» роботын құрастырып шыққан. Роботтың ерекшелігі – гидравликалық негізде түстерді ажыратып, қажетті орынға жеткізуге көмектеседі. «Робототехника жастардың жан-жақты дамуына әсер етеді. Роботты жетілдіре отырып, біз көптеген қолжетімділікке ие бола аламыз», – деп мектеп ұжымы жалынды жастарға мол сенім білдіретіндігін айтты.
2017-2018 оқу жылдарында робототехника үйірмелеріне күннен қуат алушы батареялар мен әртүрлі құрылғылар жеткізілген. Алдағы уақытта нақ осы технологияны қолға ала отырып, біз көптеген шығынның алдын алар едік. Шындығында, қазіргі заманды электр энергетикасынсыз елестету мүмкін емес. Сол себепті де, электр энергиясын алудың шығыны аз, экологиялық таза көздерін табу – бүгінгі күннің негізгі мәселесіне айналып отыр. Ал, күн энергетикасы энергия көзінің сарқылмайтын түрі болып табылады, әрі экологиялық жағынан да еш зияны жоқ әмбебап құрал. Ендігі кезекте, аудан жастары аталған салада энергия алушы құрылғылар жасауды қолға алмақ. Өсіп келе жатқан жас буынмен бірге еліміздің робототехника саласы да бой көтеріп келеді. Адам өмірін жеңілдетуге арналған роботтарды күнделікті өмірде қолданатын уақыт та алыс емес.
«E-Learning электронды оқыту жүйесіне 2013 жылы 9 мектеп енгізілсе, 2017 жылдан бастап 20 мектеп жүйеге еніп, жұмыс жасауда. 2016 жылдан бастап білім беру жүйесі ұйымдарының оқушыларына арналған электронды журналдар мен күнделіктер ақпараттық жүйесі пилоттық жобасына 10 мектеп қосылған. Қазіргі таңда бұл жүйеге 1176 мұғалім, 7085 оқушы, 4983 ата-ана тіркелген», – деді білім бөлімінің әдіскері Ләззат Нақыпова.
Қазіргі таңда «BilimLand» порталындағы цифрлық білім беру ресурстарымен платформасына сәйкес ауданымыздың білім беру ұйымдары күнделікті оқу үрдісінде пайдаланылып, жұмыс жасауда. BilimLand – мектеп бағдарламасы бойынша жасалған 10 000-ға жуық интерактивті сабаққа жол ашатын әмбебап портал. Ол оқу мен жаңа технологияларды ұштастыра отырып, сапалы білімді баршаға қолжетімді етуді көздейді. Әрі BilimLand электронды оқыту нарығын дамытушы бағдарлама ретінде жаңа технологиялар жандана бастаған дәуірде, ұстаздар мен оқушыларға қолжетімді сапалы білімге жол ашады. Озық технологияларды біліктілік бастауы десек, еліміздің дамуы ақпараттық технологияның дамуымен анықталмақ.
Арайлым ӨТЕПОВА,
№244 Ы.Жақаев атындағы
орта мектептің
10-сынып оқушысы.