Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ісіміз келте болмасын...

Ісіміз келте болмасын...


«Көкті аңсап жердегі періште, Ұшатын болды ғой бесеуден». Бұл қызылордалық ақын Елубай Әуезовтың қаламынан туған «Дұғасы» еді. Расында, көпбалалы ана, жұмыссыздық, тағдыр тауқіметіндегі қиындықтармен ұшастасып жатқан қайғылы оқиғалардың осылайша қаймағын сүзгіден өткізудеміз. Ал шынтуайтына келгенде «болары болып, бояуы сіңгеннен» соң барып себеп салдарын анықтап жататынымыз не осы?
Үйлер өртке оранды. Бір мезетте 5 баласынан айырылды. Жол салса ойылды. Үй тұрғызса жылға жетпей қабырғасы жарылды. Соңғы жылдары елімізде осындай төтенше жағдай тым жиілеп кетпеді ме? Жаңадан салынып жатқан құрылыстардың орта жолдан опырылып құлай салуы, пайдалануға берілген үйлердің жыл өтпей жатып апатты деп танылуы қалыпты жағдайға айналып барады. Мәселен дәл осындай баспана дауы өткен жылы көрші Түркістан облысынан, тіпті Елордадан да шыққан болатын. Соңғы 3 жыл көлемінде жаңа үйдің қабырғасы сетінеген Алматы, Ақтау, Қостанайдағы оқиғалар да ел сеніміне селкеу түсірді.
Шиелі ауданында 2020 жылдың желтоқсан айында көп қабатты 18 пәтерлі 1 тұрғын үй мен аспалы көпір пайдалануға берілді. Алайда, аспалы көпір жайында да халық арасында кереғар пікір көп. Ал қоғам белсендісі А.Орынбек Тұрғындар қар жауғанда көлікпен мініп-түсу қиын деп жатыр» – деп жазды әлеуметтік желіде. Осы сынды пікірлердің біршама сарынын да аңғардық. Оған жауапты аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Д.Аманмен тілдескен едік.
– Күн жылынған соң жолдың бетіне тағы бір қабат асфальт төселетін болады. Ал қалған пікірлер жаңсақ айтылған. Аспалы көпір стандартқа сай, бекітілген талаптарды ескере отырып салынған.
Жобалау-сметалық құжаттама әзірлену кезінде Шиелі ауданы халқының саны, көліктердің саны мен ағынының қарқындылығы ескерілген. Көпірдің ұзындығы 60 метр, ені 9 метр, барлық қоспа жолдардың ұзындығы 154 метр, биіктігі 12 метр. Жол бойына 3 көлік сыйады. Онда 43 дана жарық шамдары мен 78 жол белгісі қойылған, – деді.
Тек, барлық талапқа сай салынған жолдың аз ғана уақыт ішінде 4 шаршы жерінің асфальті үгітіліп қалған көрінеді. Дегенмен, көктем табалдырықтан аттағалы тұр. Ал алдағы ауа райы болжамына сенсек 1 наурыз күні +14С-қа дейін жылып, одан әрі шуақты күндермен жалғаспақ. Олай болса жаңа аспалы көпірдің тақтайдай тегіс жолымен жүрер күн жақын деп сенеміз.
2021 жылы басталғалы «айтып келмейтін апаттан» ауыз жиып үлгере алмай жатқанымыз тағы бар. Жамбылдағы жағдай Қызылорда да орын алды. Алла сақтап 5 баланың 4-еуі жалын шарпыған үйден аман шықты. Сондай-ақ, Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылындағы бір баспана да тілсіз жаудың құрсауында қалғаны есімізде. Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің Шиелі ауданы №13 өрт сөндіру бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек ақпан айының басына дейін аудан бойынша биылдыққа 160 түрлі оқиға тіркелген. Тілсіз жаудың басым бөлігі жеке тұрғын үйдің үлесінде. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, төтенше жағдайға мамандардың дайындығын пысықтап, техниканы тексеріп қоюды да естен шығармайықшы...
Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ел игілігіне ұсынылған көп қабатты 18 пәтерлі 1 тұрғын үйдің құрылысы біткен сәтте аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі қабылдап алған болатын. Бөлім басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Шалбаев «Баспаналы болуды қалаған аудан тұрғындары желтоқсан айында жаңа үйдің кілтін қолға алды. Құрылыс барысында тиісті мамандар барлық талапқа сай жұмыс жүруін бақылады. Тұрғын үйде ешқандай кінәрат жоқ. Жаңа үй ұзақ уақытқа дейін сыр бере қоймайды» деп жауап қатты.
Кент ардагерлері кеңесінің төрағасы Б.Күлімбет «Біз соңғы кезде орын алған төтенше оқиғалардың салдарымен күресіп кеткендейміз. Апаттың салдарын емес, себебін анықтау бірінші орында тұруы тиіс. Неліктен кешегі кері кеткен Кеңес заманында мұндай оқиғалар кездеспеді? Тіптен сол уақытта жүргізілген құрылыстың бүгінге дейін мұрты бұзылмай, мұнарасы құламай тұрғанын көреміз. Өйткені, Кеңес үкіметінің құрылысшыларға қойған талап, тәртібі қатаң болды. Оған қоса болашақ құрылысшылардың жоғарғы оқу орнында білім алу деңгейі де бүгінгімен салыстыруға келмейді. Қарап отырсақ, апатты оқиғалардың басым көпшілігі тәуелсіздіктен кейін орын алған. Өйткені, бүгінгідей қолдан жасалған төтенше жағдайлардың барлығы 30 жылдық білім сапасының көрінісі іспеттес. Осы тұста бізге бірінші кезекте маман тәрбиелеуде қатаң талап қою қажет. Құрылысшы әр кірпішімен бірге адам тағдырын қалап жатқанын сезінсе. Бұл тек аталған мамандарға ғана тиісті мәселе емес. Түйіткілдің түйіні «Су – басынан бұзылатынында».Жыл өтпей жатып қайта жөндеуді қажет ететін құрылыстың кінәратын талдаған жан бар ма? Бұл жерде де жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жылт ете қалатыны екінің біріне мағлұм» деп еліміздегі көп құрылыстың сапасы сын көтермейтінін айтты.
Расында, көп жағдайда сапаның құлдырауына бақылаудың селқос жүргізілетіні кері әсер етеді. Себебі, құрылыс компанияларының барлығы жекеменшіктің қолында болғандықтан, сападан бұрын табыс пен қаржы үнемдеу мәселесіне көп маңыз береді. Содан кейін адамдар үйімнің ана жерінен су кетті, мына қабырғасы жарылып тұр деген тәрізді шағымдарды қарша боратады. Одан қалды құрылыстың негізгі қара жұмысын асқан жауапкершілікпен орындайтын тиісті мамандардың болмауы, елдегі небір сорақы құрылыстардың салынуына түрткі болып отырғаны да шындық. Бұрынғы құрылыс училищелерінде әрлеуші, тас қалаушы, сылақшы, шатыр жабушы, жинақтаушы сынды мамандарды дайындауға баса назар бөлінетін. Қазір біреуі де қалмады. Бүгінгі таңда сол жүйені қайта тірілтпесек те, салынып жатқан құрылыс барысында бақылауды барынша күшейтуді қолға алу керек-ақ.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
26 ақпан 2021 ж. 385 0