ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН БІЛІМ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС АЛЫП КЕЛМЕК?
Жыл басындағы жаңалықтың бірі – білім беру саласындағы басқару жүйесіне енгізілген өзгерістер. Былтыр мемлекет басшысының тапсырмасымен білім саласын басқару жүйесін өзгертетін заң қабылданды. Енді аудандық, қалалық білім бөлімдері тікелей облыстық білім басқармасына бағынатын болды. Тапсырмаға сәйкес жақын күндері облыстағы барлық білім беру ұйымдары вертикалды басқару жүйесіне көшірілді. Бұған дейін жергілікті әкімдікке қарап келген колледж, мектеп пен балабақшаларды облыстық білім басқармасы қаржыландырып, басқаратын болады. Жаңа жүйенің арқасында білім басқармасына 28 функция қосылған.Бұл функциялар басқармаға жаңа мүмкіндіктермен қатар үлкен жауапкершілік жүктейді.
Вертикалды басқару еліміз үшін негізі таныс жүйе. Кеңес үкіметі құлап, тәуелсіздік алғанға дейін бізде білім жүйесі вертикалды болған. Жүйеге сай аудан, қала бөлімдері мен облыстық басқарма басшылары министірліктің елегінен өткен соң барып тағайындалған. Бұл арқылы білім жүйесін басқаруға кездейсоқ адамдардың келуіне жақсы тосқауыл қойылды. Кейінгі отыз жылда аудан әкімдерінің көпшілігі қолына тиген мұндай мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмады десек те болады. Себебі соңғы кездері желіде елімізде аудан әкімдері тағайындаған білім бөлімінің басшыларының біліктілігіне күмән көбейіп кетті. Әсіресе білім саласынан ауылы алыс немесе тиісті дипломы жоқ адамдардың басқарып отырғаны анықталған фактілер баршылық.
Жалпы аймақта 301 мектеп, 665 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оныңішінде 40 мектеп пен 100 мектепке дейінгі білім беру ұйымы Шиелі ауданына тиесілі. Осыған дейін аудандағы білім беру ұйымдарының барлығы аудандық білім бөліміне, аудандық әкімдікке қарап келді. Енді өзгеріске сай алдымен әкімдердің білім беру саласындағы функциялары облысқа берілді. Екінші өзгеріс саланы қаржыландыруға қатысты. Қаңтар айынан бастап саланы қаржыландыру да облыстың құзіретіне өтті. Бұдан былай мектептерді жылу маусымына дайындау, оқулықтармен қамтамасыз ету, жөндеу, мұғалімдердің жалақысы облыстың мақұлдауынан өтеді.Жаңа өзгерістердің бір ерекшелігі әр ауданға қажеттіліктеріне орай қаржы бөлінеді. Мысалға бір мектепті жөндеуге, оны жылумен қамтуға көбірек қаражат керек, ал екінші мектептің кітап базасын жаңарту керек болуы мүмкін. Мұндай жағдайда әр мектептің қажеттілігі жан-жақты зерделеніп жеткілікті қаражат бөлінеді. Келесі мәселе білім беру органдарындағы кадрлардың сапасын арттыру. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовте айтқан болатын. Министрдің айтуынша, халықаралық зерттеулер аймақтардағы білім сапасының әртүрлі екенін көрсеткен. Себебі ондағы басшылар аудан немесе қала әкімдерінің шешімі бойынша жұмысқа алынып, қызметтен босатылып келді. Енді бұл олқылықтың шешімін тауып, өткен жылдан бастап облыстық білім басқармасы қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшысын тағайындауды бастады. Бұдан өзге жұмысқа алынатын мұғалімдердің де біліктілігі, дипломы мұқият тексеруден өткеннен кейін ғана жұмысқа алынатын болды. Біз айтып өткен өзгерістер жаңа жүйенің бір бөлігі ғана. Білім министрлігінің тың бастамаларына қолдау білдірсек, білім саласынды әлі талай оң өзгеріс орын алады деп сенеміз.
Рамазан Бектұрғанұлы