Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалықтар былтыр сәнді автонөмірлерге 100 млн теңгеге жуық қаржы жұмсаған

Қызылордалықтар былтыр сәнді автонөмірлерге 100 млн теңгеге жуық қаржы жұмсаған

Қызылорда облысында автокөліктің әдемі нөміріне деген сұраныс саябырламай тұр. Пандемияға байланысты бірқатар аймақтарда ақылы автонөмірлерден түсетін кіріс азайғанымен, Қызылорда өңірінде бұл көрсеткіште айтарлықтай айырмашылық жоқ.
Мәселен, соңғы екі жылда 800-ден астам қызылордалық осы тұрғыда 200 млн-ға тарта қаражат жұмсаған, соның ішінде 2019 жылы – 102 млн теңге, 2020 жылы – 96,5 млн теңге. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қызылорда облыстық филиалының басшылығы жыл қорытындысы бойынша өткізілген брифингте мәлімдеді.
Жалпы, 2020 жылы облыс бойынша Мамандандырылған ХҚО бағыты бойынша 90 526 қызмет көрсетілді, соның ішінде 78 411 көлік тіркеліп, 12 115 жүргізуші куәлігі берілген. Бұл орайда қызметтердің 80 пайызы онлайн нұсқада рәсімделген.
Алдағы уақытта мемлекеттік қызметтерді  онлайн алу үрдісі күшейе түседі деп күтілуде. Осы мақсатта түрлі қолайлы сервистер енгізіліп жатыр. Мәселен, жуырда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен автокөлікті Kaspi.kz қосымшасы арқылы тіркеу жобасы енгізілді.
«Бұл сервис мамандандырылған бөлімде адамдардың көптігінен туындайтын қарбаласты болдырмауға өз септігін тигізуде. Қызмет алушылар үшін де тиімді болғандықтан,  онлайн қызметті белсенді түрде пайдалана бастады. Мәселен, аз ғана уақыттың ішінде 50-ден астам қызылордалық көліктерін осы қосымша арқылы онлайн тіркеп үлгерді. Және күн сайын бұл көрсеткіш өсе түсетіні сөзсіз», – деді филиал директоры Айдын Қайруллаев.
Сондай-ақ, былтыр автокөліктің нөмірі мен техпаспортын үйге жеткізу қызметі іске қосылған болатын. Бүгінде 65 қызылордалыққа құжаттар тұрғылықты мекенжайы бойынша жеткізіліп берілді. Бұл қызметті пайдалану үшін жаңа автокөлік иесі онлайн сатып алу мәмілесінен кейін egov.kz порталындағы «Көлік және коммуникация» бөлімінде «МТНБ мен техпаспортты жеткізу» электронды қызметіне тапсырыс беруі тиіс.
29 қаңтар 2021 ж. 318 0