Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл өтті, қорытындылайтын кез жетті

Жыл өтті, қорытындылайтын кез жетті

Зымыраған уақыт кімнің ырқына көнген дейсіз? Кеше ғана ауыл аралап, әкімдердің есебін тыңдап, жылдық жұмыс жоспарымен танысып, халықтың арыз-тілегіне құлақ асып, түйгенімізді қағазға түсірген едік. Енді міне, оның өзіне бір жыл өте шығыпты.
Санаулы күндерден кейін аудан әкімі Қ.Мүбараков халыққа өткен жылы атқарған жұмыстары жайлы есеп беру науқанын бастайды. ­Аудан басшысымен қатар, ауыл әкімдері де тұрғындар алдында былтыр берген уәдесі мен бітірген шаруалары жайлы есеп береді. Жалпы осы есеп жұмысының ережесіне сәйкес, әкімдер баяндамаларын алдымен жазбаша түрде жергілікті басылым бетіне жариялауы керек. Бұл тұрғыдан өңір басшылығы жолынан жаңылған емес. Елді мекендердегі әріптестеріне жөн сілтеп, кездесуден он күн бұрын ауданның бас басылымына мақаласын жариялап келеді. Ал ауыл әкімдері ше? Біздің білуімізше осымен төртінші жылға таяу уақыт болды, ауыл әкімдері бағыттарын басқа арнаға бұрып, баяндамаларын балама басылымға жариялайтынды шығарды. Бұған не себеп? Аудандық бас газет тарифінің балама басылымдардан бағасының қымбат болғаны ма? Әлде әкімдер қаражатын үнемдеп қалғысы келгені ме? Иә, қай әкім, қай газетке есебін жариялағысы келеді ол өз еркіндегі дүние. Демократиялы елде өмір сүріп жатып, әлдекімге, әлденені жүктеп, міндеттей алмаймыз. Дейтұрғанмен, мемлекеттен әкімдіктерге елдегі қоғамдық-саяси ахуал мен әлеуметтік-экономикалық теңдікті сақтау барысында атқарған іс-шара, жұмыстарын насихаттауға ақпараттандыруға арнайы қаржы бөлінетінін де ескергеніміз жөн секілді. Біздікі сол ауылда атқарылған жұмыстар легін жинақтап, он екі айды қорытындылаған ақпаратты алты мыңға жуық оқырманы бар аудандық басылымға жариялайтын болса, ауылдың тыныс-тіршілігіне көзі қарақты барлық оқырман қанық болмас па еді деген ой ғана. Арғы жағын ауыл әкімдері өздері шеше жатар. Ал біз ауыл әкімдерінің өткен жылдың басында берген уәделері қай дәрежеде орындалды? Осы сұраққа аз-кем тоқталып кетуді жөн санадық.
Әңгімеміздің әлқисасын Еңбекшідегі есептен бастасақ, сол кездегі ауыл әкімі тышқан жылында ауылішілік жолдар түгелімен күрделі жөндеуден өтіп, жол жөндеуге кететін қаржының жобалық сметалық жұмысы жасалып, үкіметке ұсынылғандығын айтқан екен. Сондай-ақ С.Төрениязов көшесіне ауыз су құбыры мен электр желісін жаңадан жүргізіп, 1 трансформатор орнатуға уәде берген. Қосүйеңкі елді мекеніне қажетті сапалы ауыз су мен аяқсу мәселесін түбегейлі шешу, елді мекендегі екі көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, көше жарығын орнату жұмыстары да сөз болған. Электр қуатының өте әлсіздігі мен түнгі көше жарығына қатысты мәселе Жиделіарық ауылында да көтерілген болатын. Бұл мәселеге қатысты аудандық электр тораптарының басшысы Н.Күздеубаев екі мың жиырманың наурыз айынан бастап, көше жарықтарын жаңартып, жыл соңына дейін ауылға 1 трансформатор орналастыратын болған. Былтыр Бала бидегі мал ұрлығы бас ауыртқан еді.
Аталған қылмыстың өршіп кетуіне себеп ауылда мал бағатын паданың болмауы. Осы мәселеге қатысты сол кездегі аудан әкімі Ә.Оразбекұлы ауыл әкіміне ауылда пада ұйымдастыруды қатаң тапсырған.
Ал Н.Бегежанов ауылының тұрғындары өткен жылы елді мекенде мал қорымының жоқтығын айтып, шағымданған. Сонымен қатар кент пен ауыл арасына қатынайтын қоғамдық көлікті Көкшоқы мөлтек ауданының ішімен жүргізуді және де Н.Бекежанов ауылынан кентке қарай тікелей жол салып беруді сұраған. Ақмая ауылдық округінде де аз мәселе айтылмапты. Алғашқы мәселе – ауыл фермасы жанында қатты қалдықтар тастайтын полигон орналасқан. Ол негізгі талап бойынша ауыл шетінен 1 км қашықтықта орналасуы керек көрінеді. Бұл тұрғындардың мал бағуына кедергі келтірген. Екіншіден, ауылға кіре беріс жердегі аркада «Ақмая ауылы» деп жазылған. Ал ол талап бойынша «Ақмая ауылдық округі» болуы керек екен. Тұрғындар тарапынан ауылда өтетін қоғамдық және қауымдастық кеңестерін өткізерде көпшілікке хабарланбайтыны да айтылған. Былтыр Бидайкөл ауылындағы басқосуда тұрғындарды көгілдір отынына қатысты бірнеше мәселе мен ветеринария қызметкерлерінің бейберекет ит атып жатқаны жергілікті халықты мазалаған. Ал жуантөбеліктер үшін жарық пен жолдардағы беті ашық қалған құдықтардың балаларға қиындық тудыратынын айтылған. Бестамдықтар болса ауылға көгілдір отыны қашан келетінін сұраған.
Өткен жылы Ы.Жақаев ауылының тұрғындары №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуді, мектеп орналасқан көшенің бойына жаяу жүргіншіге арналған жол салуын сұрады. Ал басшылық тарапынан И.Шохаев, Ақпанбетов көшесінің тұрғындарына аталған көшелерге тас төселеді. З.Ержанова, Нұрекеев көшесіне жарық бағаналары орнатылады деп уәде берген. Ақтоған халқы да аз мәселе айтпаған. Ауыл тұрғындары амбулатория, клуб үйінің құрылысы мен мектептің жөндеу жұмысы турасында сөз қозғаған. Ауыл балаларының болашағын бағамдап, жаңа спорт кешені бой көтерсе деген тілегін де жеткізген. Былтыр телікөлдік Ә.Жақанов «Жел тұрып, жаңбыр жауса, ауыл қараңғыда қалады. Трансформатордың тозығы жетіп, сымдары дұрыс жалғанбаған. Электр жарығы өше қалса, электрик табудың өзі қиын» деп мәселе көтерген. Ауыл халқының ұсыныс пікірін тыңдаған аудан басшысы Ә.Оразбекұлы Телікөл ауылдық округіне қарайтын арнайы электрик маманын тағайындауды тапсырып, трансформатор мәселесінде шешуге тырысатынын тілге тиек еткен. Алмалылық ағайындар Алмалы ауылы атына сай болмай тұрғанын, ауданның көп аймақтарында алма бақтары егіліп жатқанын алға тартып, ауыл сыртынан жылыжай егетін орын белгілеп беруін сұрады.
Бұл ретте біз ауыл әкімдерінің осы жылы атқарамыз деп былтыр берген уәделері мен ауыл азаматтарының өтініш тілектерін тізбелеп шықтық. Ал көтерілген мәселелердің қаншалықты орындалып, не болмаса айтылған жерде қалғанын ойлы оқырман өзі саралап көре жатар.

Елдос АЙТӨРЕҰЛЫ
05 қаңтар 2021 ж. 343 0