Жаңа нысандар жұрт игілігі үшін

Биыл ауданда инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымды дамытуда, жол сапасын жақсартуда бірнеше кешенді шара қабылданған. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде Тартоғай елді мекенінде 293 дана көру құдығы орнатылып, қыстақішілік 28,38 шақырым, тұтынушы тұрғын үйлерге дейін 19,26 шақырым ауыз су құбыры жүргізілді. Жаңа ауыз су нысаны құрылысының сметалық құны 401 млн теңгені құрайды. Енді Тартоғай елді мекенінде тұрақтаған 463 үй тіршілік көзінен тапшылық көрмейді.

Айта кетейік, «Көкшоқы» мөлтек ауданынан бой көтерген тұрғын үйге бас мердігер «СМП-Қызылорда» ЖШС-і тарапынан құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілген. Құрылыстың жер көлемі 1,76 гектар, ал ғимараттың жалпы ауданы 60 шаршы метрді құрайды. 18 отбасының қуанышына себепкер болған шарада 8 баланың анасы Марал Дастанова облыс әкіміне алғыс білдіріп, тебіреніске толы сәтімен бөлісті. «Ең алдымен барлық көршілерімді қоныс тойымен құттықтаймын. Баспана – қазіргі таңда әркімнің қолы жете бермейтін бақыт. Дәл қазіргі уақытта қуаныштан толқып, не айтарымды білмей тұрмын. Қуанышымда шек жоқ. Мемлекеттік бағдарламаның аясында беріп жатқан баспанамыз тек бақытқа, қуанышқа толы болсын» деді көпбалалы ана. Содан соң аудан ардагері Жақай Сақбаев қоныс той тойлаушыларға бата беріп, ел игілігі жолындағы игі істерге ризашылығын білдірді.

«Шиелі – 20 бекет» учаскесіндегі автомобиль жолы көпірі «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында салынған. Сметалық құны 644 млн 820 мың теңге тұратын жобаны «Стандарт ОИЛ» мекемесі жеңіп алған болатын. Көпір құрылысына 75 маман тартылып, 18 техника жұмылдырылды. Көпірдің ұзындығы 60 метр, ені 11 метр, жолдың жалпы ұзындығы 1,2 км-ді құрайды. Облыс әкімі жаңа көпірдің ашылу салтанатында жаңа нысан тұрғындардың уақытын барынша үнемдейтін және қуантатын маңызды нысан екенін айтып, жергілікті қауымды құттықтады. Жаңа көпірдің ашылу рәсімінде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Пердәлі Архабаев та өз пікірін білдірді.
– Бүгін Шиелі ауданы үшін үлкен мереке. Көпірдің ашылуын көп жылдан бері күтіп келеміз. Енді міне, ашылу рәсімінің де куәсі болдық. Жаңа көпірдің бой көтеруі талай уақыт күн тәртібінен түспей, маңызды мәселеге айналған еді. Бүгін сәті келіп, 80 мың халықтың арманы орындалып, өткел мәселесі де шешілді. Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілген көпір құтты, сапарларыңыз сәтті болсын, – деді ауданның «Құрметті азаматы».

– Бүгін біз аудандағы тағы бір игілікті істің куәсі болғалы тұрмыз. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін жыл сайынғы есепті кездесуде ауыл халқының көтеріп жүрген ең басты мәселесі ауылға көгілдір отын тарту болатын. Міне, бүгін сол мақсатқа қол жеткізіп, табиғи газды салтанатты түрде қосқалы тұрмыз. Құны 204 млн теңге болатын бұл жобаға облыстық бюджеттен қаржы қаралып, Жаңатұрмыс ауылдық округі бойынша мыңнан аса ауыл тұрғындарының қуанышына орай 205 тұрғын үй табиғи газбен қамтамасыз етіледі, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Шара барысында арнайы қондырғыдан газ алауы жағылып, Жаңатұрмыс елді мекенінің тұрғын үйлері газға қосылды. Өңір басшысы айтулы күнде аудан тұрғыны Р.Мұстафаевтың үйіне барып, газды пайдалану жұмысын көріп, отбасыға береке тіледі.
Айта кетейік, құрылыс-монтаждау жұмысы көктемде басталған жобаға жауапты мекеме «Сапақ» өндірістік кооперативі болған. Құрылыс барысында аталған кооператив «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 25 адамды жұмыспен қамтыған. Газ жүргізу жұмыстарына бас-аяғы 204 575 млн теңге қаржы жұмсалған. Сондай-ақ биыл аудан орталығы 100 процент газбен қамтылған. Ы.Жақаев елді мекенінде 260, Бидайкөл ауылында 210 жеке тұрғын үй көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Енді Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, Ақмая, Алғабас елді мекендерінің жұрты үшін де қуанышты хабардың ауылы алыс емес. Әрине, газдың келуі тұрғындарды пеш жағу тауқыметінен арылтып қана қоймайды. Экологиялық ахуалдың жақсаратынын айтпағанның өзінде, ол аймақ экономикасының қарқынды дамуына пәрмен берері сөзсіз.
Іссапар соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімі Қамбарбек Мүбараковқа негізгі басым салалардағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруды және халықтың саулығын сақтауға қажетті шараларды қарқынды жүргізуді тапсырды.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА