Тәуелсіздік – тұғырым, ұзақ болсын ғұмырың

Осы мақсатта сейсенбі күні Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «Мәңгілік елдің тұғыры – тәуелсіздік» атты салтанатты шара өтті. Салтанатты шараның шымылдығы Қазақсан Республикасының мемлекеттік Әнұранымен түрілді. Содан кейін аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтап, ізгі ниетін жеткізді. Құттықтау сөзден кейін аудан басшысы бірқатар азаматтарды марапаттады. Тарқатып айтар болсақ, ҚР Президентінің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген мемлекеттік наградамен «Байкен-Ю» ЖШС-нің электргазбен дәнекерлеушісі Ж.Мырзалиев, «Ақмая» шаруа қожалығының бас агрономы, төраға орынбасары С.Көбеген, еңбек ардагері, Шиелі аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы П.Архабаев, «Алтын дән Шиелі» шаруа қожалығының төрағасы А.Бердібаев марапатталды. Ал ведомстволық награданы республика бойынша 228 мәслихат хатшыларының арасында жеңімпаз атанған Шиелі аудандық мәслихат хатшысы Б.Сыздық, 3470 мәслихат депутаттарының арасында жеңімпаз болған аудандық мәслихат депутаты Д.Жұмбеков, Е.Жеңсікбаев, Шиелі ауданаралық ауруханасының күндізгі бөлім меңгерушісі Т.Әбдісадық, Ботабай ауылдық клубының меңгерушісі Б.Маханов иеленді. Бұдан бөлек ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының дамып, өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жандарға ауданның «Құрметті азаматы» атағы, аудан әкімінің «Құрмет грамотасы» және облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Шара соңында аудан өнерпаздары отансүйгіштікке, елжандылыққа баулитын әсем ән шырқап, көрермендердің көңіліне қуаныш сыйлады.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА