Аудан әкімінің қабылдауында болды

Тұңғыш Президент күніне орай дүйсенбі күні аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков жерлесіміз, Президенттік «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, кардиохирург Бауыржан Рақышевті қабылдады. Ресми қабылдау барысында аудан басшысы мыңдаған жанның жүрегіне ота жасап, ажал тырнағынан құтқарған Б.Алдабергенұлына кент тұрғындарының алғаусыз алғысын жеткізді. Мұнымен қоса «Құрмет грамотасын» табыстап, қазақтың қара домбырасын сыйға берді.
Айта кетейік, Бауыржан Рақышев «100 жаңа есім» жобасында 28 мыңға жуық дауыс жинап, бес мыңнан астам үміткердің арасында «Медицина» саласы бойынша жеңімпаз атанған. Бүгінде ол жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алуға күш салып жүр. Ауыр дертке шалдыққан науқастарды айықтыруда туа, жүре пайда болған жүрек ақауларын, ишемия ауруларын емдеуде алдыңғы қатарлы кардиохирургтардың бірі болып мойындалып отыр. Білікті маман қазіргі күні Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығындағы кардиохирургия бөлімінде қызмет етеді.
Өз кезегінде құрмет пен ілтипатқа ие болған кардиохирург аудан әкіміне өз алғысын айтып, естелік суретке түсті.
Сұлушаш МАДИЯРОВА