Сазгердің шығармашылық кеші өтті
Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде сазгер, әндері көпшілікке кеңінен тараған Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты, Түркияның Афион қаласының құрметті азаматы, Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің доценті Сауранбек Елеуовтың «Туған жерге тағзым» атты жеке шығармашылық кеші өтті.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-кұрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Әсіресе, «Туған жер» бағдарламасы бұл бағыттағы жалпыыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады» делінген еді. Расында туған жерге, егеменді елге деген сүйіспеншіліктің барлығы кіндік қаның тамған атақонысқа құрметіңнен басталады. Сондықтанда «Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөзді ұстаным еткен жерлесіміз, сазгер Сауранбек Еркінбекұлы ағамыз Пайғамбар жасқа толып отыр. Жаңақорғанда туылып, республикаға танылған сазгердің есімін біз қашанда мақтан тұтамыз, – деген ақжарма лебізін жеткізген аудан әкімі Ғалым Әміреев Сауранбек Елеуовтың иығына шапан жапты.
Жаңақорған топырағында туылып, талантымен талайды таңқалдырып жүрген үлкен өнер иесі Сауранбек Елеуовтың есімі тек Түркістан өңіріне ғана емес, әнсүйер қауымға «Апатайым анашым», «Бесік жыры», «Айналайын», «Ойыншықтар» сынды әндерімен жақсы таныс.
Шығармашылық кеште мәдениет майталмандары, талантты өнерпаздар қатысып, Сауранбектің әндерін шырқады.