Көкшоқыдағы керемет

Жеті ауданда жоқ мұндай мекеме алғаш шежірелі мекен Шиелі өңірінде ашылып отыр. Құтты хұжыраның салтанатты ашылуына аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов, аймақтың бас имамы Болатбек Абуов, сонымен қатар дін саласының мамандары мен аудан тұрғындары қатысты. Шарада карантин талаптары толық сақталды.
Өз кезегінде сөз алған бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы білім ордасын ашудағы мақсат – жастарды имандылық пен адамгершілікке баулу, шығармашылық қабілетін дамыту, жат ағымдардың жетегінде кетпес үшін дәстүрлі діни сауатын ашып, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру екенін атап өтті. Ал аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков құттықтау сөз сөйлеп, бас мүфтидің иығына шапан жапты. 25 балаға лайықталған оқу ордасының лентасы қиылып, шараға қатысушылар жаңа мекемені аралап көрді. Мұнда шәкірттердің алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған. Білімін шыңдап, ілім жинауға білікті ұстаздар мен оқу аудиториялары замана сұранысына сай жабдықталып, тегін тамақ пен жатын орындары, тұрмысқа қажетті заттармен толық қамтылады.
Сондай-ақ қайырымдылық мекемесі ауыл имамдары білімін жетілдіріп, арнайы семинарлар өткізетін орталықтың қызметін қоса атқаратын болады.
Құтхананың ашылу рәсіміне қатысқан жамағат бұл жерден салт-дәстүрін сақтап, дінін ардақтаған ғалымдар шығатынына сенім білдіріп, ақ тілектерін айтты.
Елдос Жүсіп